18 Қазан, 2016

Қазақстанның теңіз қақпасы

1235 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
dsc_2146-e1476252053190жүк тасымалының тоғысқан торабына айналып отыр Тарихы Ақтау қаласымен біте қайнаса өрілген Ақтау халықаралық теңіз-сауда портының құрылғанына 53 жыл толды. Сонша жыл бұрын Маңғыстау өңірінде уран өнеркәсібі мен мұнай кен орындарының өнімдерін тасымалдау үшін және Одақтың қорғаныс қабілетін нығайту мақсатында ашылған порт бүгінде тәуелсіз Қазақстанның жалғыз теңіз сауда порты ретінде зор мәртебеге ие. Дүние жүзіндегі ең ірі тұйық су айдыны болып табылатын Каспий теңізінің 2340 шақырым қашықтығы Қазақстанға тиесілі болса, жағалау тереңдігі мен флора-фаунасы кеме­лердің келіп-кетуіне қолайлы Ақтау жағалауы порт ретінде таң­дауға ие болды. Бір жылдары жұмы­сы тұралап-тоқыраған порт қазір жаңару мен жаңғыру жолына түскен. Жұмыс жүргізу техно­ло­гия­ларын заманауи талапқа сай жетіл­діру, кемелерді қабылдау мен жүк тиеу тетіктерін жаңғырту, порт аумағын кеңейту – басты мақсат. Инфра­құры­лымдық табысты жұмыс­тар порт­тың халықаралық дәреж­еге сай болуына қызмет етеді және Каспий теңізінің жағасындағы бар­лық елдер арасында порт қыз­меттерінің сапасы, әртүрлілігі және қолжетімдігі бо­йынша көшбасшы болуына жағ­дайлар жасайды. «Тоғыз жолдың торабы» атан­ған Маңғыстау өңірінен ТРАСЕКА халықаралық жүктерді тасы­малдау бағыты өтеді. Ал Ақтау теңіз порты – темір жол, авто­мобиль, су және құбыр сияқ­ты бір­неше тасымал құра­лы түр­лері­нің нағыз торабы, тоғысқан тұсы. Каспий маңы аймағындағы елдердің арасындағы сауда-эко­номикалық байланыстың қарқын алуына қатысушы Ақтаудағы теңіз қақпасы еліміздің құрғақ жүк, шикі мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдаумен айналысады. 1999 жылы толықтай қайта құры­лып, мемлекет тарапынан бөлін­ген қаржы, аударылған назар нәтижесін­де жаңаша түлеп, қанатын қомдап келеді. Бұл бүгіні бекем порттың ер­теңі кемел екендігіне сендіре түседі. Жарты ғасырдан астам мерейтой қарсаңында іргетасы қаланған сәттен бастап, әсіресе соңғы жылдары атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктермен бөлісу үшін Ақтау теңіз портында порт күні­не орай салтанатты жиын өтті. – Тарихы 1963 жылдан бастау алатын порттың Ақтау қаласы үшін маңызы зор. Қаланың құры­луына, порттың өркендеуіне куә болған жандар осында аз емес. Бұл порт ардагерлерінің бірі алғашқы тас­ты қаласа, бірі алғаш­қы жүкті көтерді. Енді осы­нау ұлы тарихты, абы­ройлы істі жал­ғастыру – қуатты ұр­пақ енші­сінде. Порттың әлеуеті жыл сайын артуда. Мәселен, тамыз айын­­да металды ауыстырып-тиеу мүм­кіндігімізді 60 пайызға көбейт­тік. Технологияға өзгерістер ен­гізу нәтижесінде, бір айға жүкті ауыс­тырып тиеу көлемін 100 тонна­дан 160 тоннаға жеткіздік. Онымен қоса, бұрын жылына 800-900 көлік қана өңделетін болса, осы айда 1400-дей автокөлікті өңдедік. Бұл үрдіс әлі де жалғасуда, көліктер ешбір кедергісіз өткізілуде, – деді «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» АҚ президенті М.Ялбачев. Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша портта жүк ауыстырып-тиеудің жалпы көлемі 4 млн 149 мың тонна құ­ра­ған, бұл бағытта өткен жыл­мен салыстырғанда өсім мен жос­пар­лы көрсеткіштердің артуы бар. Нақтырақ айтсақ, металл 18,9 пайыз­ға, астық 1,6 па­йызға, ал басқа жүк­тер 44,1 пайы­з­ға өскен. Баку – Ақтау бағы­тын­да тасымалданатын паром жүк­тері арасында мұнай және мұнай өнімдерін ауыстырып-тиеу төмендегенмен, оның орны автокөлік жүктерінің артуы есебінен толған. Мысалы, паром жүктерінің көлемі өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 396 мың тоннаға артқан, сондай-ақ осы 9 айда 9 765 ауыр жүк автокөлігі өң­делген, бұл өткен жылмен са­лыс­тырғанда 13,5 есе көп екен. Портта «бір терезе» қағида­сы­ның енгізілуі және тасымал­дау мәселе­сінде әзербайжандық әріп­тестермен өзара бірлесе жұ­мыс жасауы порт жұмы­сы­ның алға жылжуына сеп­тігін тигіз­ді. Нәтижесінде, тран­зит­тің дек­­лара­цияны ресімдеу және бақы­­лаушы қызметтермен келісу порт­та тәулік бойы жүргізіледі және кеме келгеннен кейін бірінші маши­­наның порттан шығу уақыты 2,5 сағаттан аспайды. Бұл – қалып­ты жұмыс режімінде айына бір мыңнан астам дөңгелекті тех­ни­каны өңдеуге мүмкіндік бере­ді деген сөз. Жұмысы жолға қойыл­­ған порт қазір айына 2000 авто­көлік өңдеуге дайын. Портта жасалып жатқан жар­қын жұмыстар бағалаусыз да емес. «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК-ның респуб­ли­ка­лық «Парыз» байқауына қаты­сып, әлеуметтік-жауапты кәсіп­орын­дардың арасында үздіктер қатарынан көрініп, үшінші орын иеленуі – толас­сыз жұмыстардың жемісі. 700-ден астам жанды жұмыс­пен қамтып отырған меке­меде 100-ге жуық жас маман байырғы қызметкерлердің ұзақ жылдарғы тәжірибесін бойларына сіңіре еңбек етуде. Өз қызметкерлерінің жағдайын назар­дан тыс қалдырмаған басшы­лық «Халық банкімен» бірлесе ерекше жобаны қолға алды. Жоба аясында баспанаға мұқтаж қыз­меткерлер банк арқылы 3,5 пайыз же­ңілдікпен несие ала алады. Порт­тан зейнетке шыққан азамат­тарға бес есе жалақы беріледі және олар әр­дайым порт басшы­лығы­ның назарында. Мерейтой қарсаңында бірқатар ардагерлер «Порттың ардагерлері» деген құрметті атақтарды иеленсе, бірнеше азамат алғыс хаттармен марапатталды. Салтанатты жиында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының өкілі Е.Іңірбаев, Түрік Респуб­лика­сының Ақтаудағы бас консулы К.Кюнгери, «Казфрутнат» ЖШС директоры И.Сливина, «Ехпайрутюн» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы А.Курдо­глян, өзге де этномәдени бірлес­тік­тердің төрағалары мен қонақтар порт қызметкерлерін құттықтады. Порт қызметкерлері мерекеге орай теңіз тақырыбы бойынша киім киюден, торт дайындаудан, сурет салудан, қабырға газетін шы­ғарудан, волей­бол, қоссайыс сынды спорттық жа­рыс­тардан сынға түсті. Қызметкерлердің көңіл­ді мерекесін олардың бала­лары әдемі концертке жалғас­тырып әкетті. Еліміздің әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуына қосар үлесі зор теңіз қақпасының алдында үлкен міндеттер мен жоспарлар тұр. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы