18 Қазан, 2016

Сарапшылар ұсыныстарына салиқалы көзқарас

319 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
parlamenta-rk-zhanaКеше Парламент Мәжілісінде кейбір заңнамалық актілерге экстремизм мен терроризмге қарсы іс-әрекет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын дайындайтын жұмыс тобының 11-ші отырысы болды. Оған ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы сарапшылары қатысты. Бұл заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда қаралып, талқыланған болатын. Депутаттар тарапынан екінші оқылымға дайындау кезінде  ескеру үшін көптеген ұсыныстар мен пікірлер айтылған. Оның үстіне, Мәжіліс ЕҚЫҰ-ның Астанадағы кеңсесі осы Ұйымның Демократия институттары және адам құқы жөніндегі бюросына (ДИАҚБ)   аталмыш заң жобасына құқықтық сараптама жасап, өз пікірлерін білдіруді сұраған екен. Кеше ДИАҚБ-ның заңнамалар жө­нін­дегі кеңесшісі Анна Лиза Шатило мен гу­манитарлық құқық және халықтық құқық жөніндегі тәуелсіз сарапшы Милен Костас заң жобасы жөніндегі өз­дерінің сараптамасы туралы жұмыс то­бының алдында баяндама жасады. Ай­та кететін жайт, отырысты жүргізіп отыр­ған жұмыс тобының жетекшісі депутат Жанат Жарасов ЕҚЫҰ-ның заң жоба­сына уәде берген уақыттарынан бір күн де кешіктірмей сараптама жасап бер­гендеріне ризашылығын білдірді. Алғашқы сөз ЕҚЫҰ Астанадағы ке­ңесінің басшысы Дьердь Сабоға берілді. Ол Мәжілістің осындай заң жо­басын өздерімен ақылдасып қабылдағалы жатқанына ризашылығын білдірді. Бұл – Қа­зақстанның демократия принциптерін қатаң сақтайтындығының айқын көрі­нісі, сонымен бірге, бұл біздің берік ын­тымақтастығымыздың белгісі, деді ол. Одан кейін сөз Анна Лиза Шатило мен Милен Костасқа берілді. Екі шешеннің сөздерін қорытындылап, олардың дән­дерін ғана алатын болсақ, ол мынаған сая­ды: Қазақстанның терроризм мен экстремизмге қарсы заңнамаларын қатаң­датып жатқанын қолдаймыз, соны­мен бірге, адамның еркін қозғалысын, тұр­ғылықты жерін таңдау құқын, сонымен қатар, өздерінің ойын интернет немесе басқа да байланыс құралдары арқылы айтуына шектеу қойылмағаны жөн. Со­нымен қатар, сарапшылар «экстремизм» мен «терроризм» және басқа да қыл­мыс­тардың заңнамалық түсініктері айқын­дала, нақтылана түссе деген тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, сарапшылар «басшылық жасау», «қатысу», «айналдыру» және «дай­ындық» секілді терминдерге дәл анық­тама берілуі керектігін айтты. Ал «Кө­ші-қон туралы» Заңның 14-бабының соң­ғы азатжолын  артық деп тауыпты. Оның есесіне, ұлттық қауіпсіздік орган­дарының виза беруге, тұрақты тұру­ға және азаматтық беруге қатысты ұсы­нымдары олардың шешімдеріне шағым айту мүмкіншілігі туу үшін жазбаша бе­рі­луі керектігі көлденең тартылды. Сарапшылар халықаралық стандарт­тарға сай келмейтін кейбір баптар тура­лы да айтып өтті. Соның ішінде  Қыл­мыстық кодекстің 179- бабына енгізілген «билікті басып алуға немесе күшпен ұстауға насихат тарату немесе ашық шақырулар, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгерту» деген тіркестердегі «насихат»  сөзі  өте үлкен сипатта екенін, сондықтан, ол басқа ұғым туғызуы мүмкін екенін атап көрсетті. Мойындарына білікті, жан-жақты сараптама жасаудың міндетін алған соң сарапшылар барлық өзгерістерге де шұқшия қарағандары аңғарылды. Ал баян­дамалар аяқталған соң олардың сөздері мен ескертпелері бойынша сөйлеген Ж.Жарасов ескертпелердің біразының терістігін әшкерелеп, өзгерістердің көбі Еуропа мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес болып шыққандығын дәлелдеп берді. Дегенмен, сарапшылар тарапынан айтылған кейбір ұсыныстар тереңірек зерттелетіндігі жеткізілді. Талқылауға депутаттардан басқа ҮЕҰ, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкіл­дері қатысып, өздерінің пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»