08 Қараша, 2016

«Оралман» фильмі БАҚ өкілдеріне көрсетілді

1240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
1 Алматыда толықметражды «Оралман» көркем фильмі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне көрсетілді, деп хабарлады ҚазАқпарат. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген. 2 20 ғасырдың 30 жылдары нәубет заманда туған жерінен көшуге мәжбүр болып, кейін Ауғанстаннан елімізге қайта оралған қазақ отбасы туралы түсірілген бұл фильм Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған. Фильм сценарийін жазған Нұрлан Санжар қаржыландырудың кешігуіне байланысты фильм көрерменге уақытында жете алмағанын айтты. «Кино атамекеніне қоныс аударуды армандаған қарапайым адам туралы. Фильм авторы ретінде қазақ үшін Отан ұғымы күн көріс қамы үшін ыңғайлы жер емес, байтақ дала екенін жеткізгім келді. Режиссер бұл сценарийден басқа мәселені байқаған. Ол «тозақтан» «жәннатқа»  көшіп келуді суреттеді. Кейіпкеріміз көшіп келген Ауғанстанда жағдай Қазақстанмен салыстырғанда әрине, ауыр. Дегенмен, Қазақстанда да ол қиындықтарға тап келеді», - деді сценарий авторы Нұрлан Санжар. 20161108141556 Фильм режиссері Сәбит Құрманбеков фильмді қалай сахналағанын айтты. «Нұрлан Санжардың сценарийін қолға алғанда  көз алдыма туған жеріне бет алған адамдардың тозақтан жұмаққа қарай келе жатқан кейпі келе қалды. Өйткені, менің кейіпкерім Ауғанстаннан Қазақстанға көшіп келеді», - деді режиссер. Фильмге ән жазған композитор  Айдос Сағат. 4 Рөлдерде Дулыға Ақмолда, Ержан Түсіпов, Есім Сегізбаев, Шынар Асқарова, Баян Қанжабиевалар ойнаған. Фильм сценарийі 2013 жылы жазылған. Алайда, бірқатар себептерге байланысты оның түсірілуі кейінге шегерілген. «Қазақфильм» аталған фильмді шетелдік кинофестивальдарға қатыстыруды және қазақ диаспорасы тұратын елдерде оның премьерасын өткізуді жоспарлап отыр.  «Қазақфильм» өкілі «Оралман» фильмін ауылдарда көрсетуді ұсынды. Фильм Тәжікстан мен Алматы облысында түсірілген.