08 Қараша, 2016

Қарағандылық құсбегі халықаралық жарыста жеңімпаз атанды

539 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
kus-1 Астана қаласының іргесінде белгілі құсбегі Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы бүркітшілердің халықаралық турнирі және Астана қаласының ашық біріншілігі өтті. Дүбірлі додада Арқаның серісі, әнші, құсбегі Дулат Ақанов бас жүлдені жеңіп алды. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырған турнирге Моңғолия, Қырғызстан елдерінен және еліміздің барлық өңірінен  кәнігі құсбегілер қатысты. Екі күнге созылған сайыс қорытындысында 30 бүркітшінің арасынан қарағандылық Дулат Бегендікұлы «Жебе» атты тастүлегімен озып шықты. «Турнирдің бірінші күні бүркітті қолға шақыру, еркін ұшыру және шырғаға салу сияқты сайыстар болады. Алғашқы байқаудан өткендер соңғы күні бүркітті қоянға, қарсаққа салып, аңшылықтың ең ғажап сәттерін бастан өткердік. Марқұм құсбегі Күнтуған ақсақалды еске түсіруге арналған турнир өткен жылы республика көлемінде болған еді. Биыл халықаралық турнир деңгейіне көтеріліп, қазақ құсбегілерінің мәртебесін асқақтатты. Бұл құсбегілік, атбегілік өнер маған әкемнен дарыған. Әкем Бегендік Ақанов баптаған аттар бәйгенің алдын бермейтін. Сол өнерді мен де жалғап, құсбегілік өнерді дамытуға сәл де болсын үлесімді қосайын деп бел будым. Құсбегілік – жаным сүйетін ата кәсібім», - дейді Дулат Ақанов.  Қайрат Әбілдинов