09 Қараша, 2016

Сыртқы қаржының сыры неде?

288 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
«Инвестициялар», «шетел инвестицияларын тарту» деген сияқты ұғымдардың санамызға сіңісті болып кеткені сондай, бүгінде бұл сөздер ешкімге ешқандай әсер ете қоймайды. Ол аз десеңіз, ондай әңгімелердің бәрі қазір заңды құбылыс ретінде қабылданады. Бірақ ол барлық уақыттарда да солай болды ма? Бұрын адамдардың бұл мәселеге қатысты көзқарастары қандай еді? Шынын айтсақ, ол жағын біздің көпшілігіміз онша біле де бермейміз. Олай болса, қазіргі таңда дағдылы көрініске айналып кеткен осы бір экономикалық ұғымның өткен кезеңіне аз-мұз көз жүгіртіп өткен де артық емес сияқты. Жалпы, шетел инвестициялары деген ұғым, яғни бір мемлекетте орналасқан компанияның ол елге мүлде қатысы жоқ екінші бір мемлекеттің экономикасына қаржы салуы өткен ғасырдың 60-шы жылдарының өзінде-ақ әлем экономикасында белгілі бір рөл ойнай бастағанымен, оның айтарлықтай жоғары қарқын алып, нағыз дүбілісті сипатқа ие болуы 90-жылдардан басталатын сияқты. Дегенмен, бүгінде көпшілік елдер үшін үлкен нәтиже ретінде бағаланып отырған осынау сырттан қаржы тарту мәселесі алғашқы кезде жұртшылық тарапынан онша қолдау таба да қоймаған, күмәнмен қараушылық басым болған. Өйткені ол замандарда адамдар шетелдіктер келеді де біздің табиғи байлағымызды игеріп, ақыр соңында бар дүние-мүлкімізді өз мүдделері үшін пайдаланып кетеді, ал елге ештеңе де бермейді деп қауіптенген. Мұндай көзқарастар ол уақыттары жаңағы инвесторларды қабылдаушы елдер үкіметтерінің шетелдіктер салған қаржының аз ғана бөлігінің өтеуін қайтарып, кейде тіпті халықаралық корпорациялардың мүліктерін еріксіз иелену жағдайларына да апарып соқтырып отырған. Ал оның соңының шетелдік инвесторларды айтарлықтай шығынға батырған кездері де болған. Мәселен, Африканың көптеген тәуелсіз мемлекеттері сонау 1960-жылдарда өз экономикалық базасының қуаттылығына, соның негізінде дамып кететіндеріне сенген. Осындай себептерден де 1979 жылы Нигерия үкіметі «Бритиш петролеум» компаниясының мүлкін мемлекет қарауына алған. Бір қызығы, алпауыт халықаралық корпорациялардың штаб-пәтерлері өздерінде орналасқан елдердің өзі де инвестиция құю ісіне қорқа қараған екен. Америка Құрама Штаттарына жапондар келіп күтпеген жерден жылжымайтын мүліктерді сатып ала бастағанда, ол АҚШ өз экономикасына бақылау жасау тізгінінен айрылып қалды деген сияқты алаңдаушылықтар тудырған. Оның артында әлем бойынша жетекші экономикасы бар держава өзінің халықаралық маңызын жойып алады деген сақтық та жоқ емес-тін. Сол сияқты, Францияда «Еуро-Дисней» аттракцион-паркінің ашылуы да көпшілікке француз мәдениеті «америкаландырылып» бара жатқандай көрініп, жағымсыз әсер еткен. Тіпті кешегі 90-шы жылдардың басында да шетел инвестицияларына үрке қараушылық аз болмаған сыңайлы. Мысал үшін айтар болсақ, 1992 жылдың сәуір айында Словакияда жүргізілген сауалдамада халықтың үштен екісі шетел инвестициясы экономиканы алға бастыру үшін пайдалы деп жауап берсе, қалған бөлігі шетелдіктер бақылауы күшейіп кететіндіктен оның өзі қауіпті деген жауаптар қайтарған. Дәл осындай жағдай Польшада да орын алған көрінеді. 1990 жылдың аяғында АҚШ-тың ақпараттар агенттігі осы елдегі қоғамдық пікірді зерттеген кезде поляктардың 42 пайызы шетел инвестициясы өздері үшін пайдасыз, себебі соның салдарынан Польша өзге елге тәуелді болып қалады деп санайтындықтарын айтқан. Бәлкім осындай себептерден болар, кезінде бірқатар дамушы елдер өз өнеркәсіптеріне басымдық беріп және оларды қатаң бәсекелестіктен қорғай отырып көптеген салаларға инвестиция салуға түбегейлі тиым салады. Сөйтіп ұлттық мүдде үшін аса маңызды деп табылған ондай салалар түгелдей мемлекеттік секторға көшіріледі. Мәселен, Мексика конституциясы мұнай өндірісіне шетелдіктердің инвестиция құюына тиым салған. Сыртқы араласуларға қатысты бұл айтылғандардан өзге де көптеген тежеулер болған. Мысалға, ұлттық компаниялардағы шетел қаржысының мөлшері шектеулі болған, рұқсат алу тәртіптері күрделендірілген, шетел қаржысын елге кіргізу мен оны елден шығару жолдары қиындатылған, сол сияқты, шетел инвестициясынан түсетін пайдаға салынатын салықтар мөлшері ұлғайтылған, ол аз десеңіз, шетелдіктердің тапқан табыстарын әкетулері мен жұмсаған қаржысын қайтарып алулары да жүйке жұқартатындай қиын түйіндер туындатқан. Мұндай шаралардың кейбір елдерде ұлттық өнеркәсіпті өркендете отырып, қысқа мерзімді табыстар әкелген кездері де болған. Алайда, мұндай саясат орта және ұзақ мерзімді перспективада тиімділігінің төмендігімен және бәсекеге қабілетсіздігімен ерекшеленген. Оған Латын Америкасындағы жағдайды мысал ретінде келтіруге болады. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары ішкі өндірісті қолдаудың арқасында мұнда өнеркәсіп жақсы қарқынмен өскен. Осындай зор жетістіктерге қарамастан, олардың халықаралық рынокта бәсекеге түсердей индустриялық негізі болмаған. Бұл елдер инвестициялық шектеулер жойылғаннан кейін ғана жаңа жағдайға бейімделе бастаған. Осы тұрғыда Бразилияда электроника өндірісінің өркендеуі инвестицияларға тиым салу арқылы дамудың классикалық үлгісі болып табылады екен. 1979 жылы ел үкіметі электронды өнеркәсіпті реттеу бойынша ақпараттар таратып отыру үшін арнайы хатшылық құрады. Ал, жеке компьютерлер мен шеттен келген жабдықтар түгелдей ұлттық компанияларға беріледі. Оған тіпті шетелдіктердің аздаған үлеспен қатысуына да тиым салынады. Импортқа да дәл осындай жағдай қолданылады. Сөйтіп бір қарағанда, рынокта жергілікті өнеркәсіптің үстемдігін орнату Бразилияда шағын компьютерлер өндірісін ұлғайтуға едәуір септескендей де болады. Оған жергілікті өнім шығару көлемі 1979 жылғы 190 миллион доллардан 1988 жылы 3 миллиард долларға дейін өскендігі де дәлел. Осы жылдар ішінде халықаралық корпорациялардың елдің ішкі рыногына қатысуы 77-ден 33 пайызға дейін кемиді. Дегенмен, біршама табыстарға жеткеніне қарамастан, 80-ші жылдардың соңында Бразилияда шағын компьютерлер шығару ісі үлкен қиындықтармен бетпе-бет келеді. Оған елде шығарылған компьютерлердің ескі технологиямен жұмыс істеуі, соның салдарынан бәсекелестерінің олардан оқ бойы озып кетуі себепкер болады.Тағы бір кемшілік – бразилиялық компьютерлердің сапасының нашар болғанына қармастан, олардың бағасы жоғары болған. Ал, ондай өнімнің ел ішінің өзінде керексіз болып қалатыны өз алдына, оның халықаралық рыноктағы өтімділігіне де үлкен нұқсан. Ақыры 1992 жылы Бразилияға өзі ұстанған оқшаулану саясатынан бас тартуға тура келген. Жалпы, бір мемлекеттің екінші бір мемлекетке көмек қолын созуының ХХ ғасырда дағдылы көрініске айналғаны мәлім. Әсіресе, 60-70-ші жылдары мемлекетаралық көмек елеулі сипақта ие болды. «Қырғи-қабақ соғыс» жылдарында бір елдің екінші бір елге өз ықпалын жүргізуге ұмтылуы Батыс пен Шығыстың арасында бәсеке туындатты. Өз кезегінде АҚШ Батыс елдеріне жәрдем көрсетсе, Кеңес Одағы Варшава шартына мүше елдерге көмек қолын созды. Кейін Кеңес Одағы тараған соң бұрынғы Варшава шартына мүше елдер өз экономикаларының тығырыққа тірелуі салдарынан Батысқа қарап алақан жаюға көшті. Шетел инвестицияларының жоғары қарқын алуы да осы жылдарға тұспа-тұс келетін сияқты. Міне, осындай жағдайлар өзге елдердің экономикасына қаржы құятын трансұлттық корпорациялардың саясатына да айтарлықтай өзгерістер енгізді. Сөйтіп инвестицияларды жүзеге асыру құралдарына сәйкес олардың түрлері де көбейе түсті. «Тікелей шетел инвестициялары», «қолайлы инвестициялық климат» деген сияқты сөз тіркестері де дәл осы кезеңдерде шынайы мазмұнға ие бола бастады. Сөз ретінде тікелей шетел инвестициялары дегеніміздің ұзақ мерзімді экономикалық мүддеге ие болу үшін бір елге құйылған және инвестордың өзі капитал салған нысанға бақылау орнатуына мүмкіндік беретін инвестиция түрі екенін де еске сала кеткен абзал. Былайша айтқанда, ол инвестордың белгілі бір елде бастапқы түрдегі меншікке ие болуы. Бүгінде компаниялар акцияларының орналасуы әрқилы. Бірақ, ереже бойынша бақылау пакеті кәсіпорындар акцияларының 50 пайызынан кем болмауы тиіс. Дегенмен, былайғы акция иеленушілердің қолдарындағы акциялардың өте аз болуына байланысты тіпті 5 пайызға ғана ие бола отырып та қожайынның кәсіпорынды басқаруда шешуші дауысқа қол жеткізетін жағдайлары да жиі кездеседі екен. Қазіргі таңда дамыған елдер тікелей шетел инвестицияларының негізгі экспорттаушысы әрі импорттаушысы болып табылады. Сыртқа шығарылған инвестициялардың 90 пайызға жуығы мен ішке әкелінген инвестициялардың 60 пайыздан астамы солардың үлесіне тиесілі. Бұл орайда көш басында АҚШ тұр. Одан кейінгі орындарға Ұлыбритания, Германия, Франция орналасқан. 2006 жылы Америка экономикасына 175,4 миллиард доллар тікелей шетел инвестициялары салынуы да көп жайтты аңғартса керек. Бүгінде тікелей шетел инвестицияларын тарту жолында елдер арасында белгілі бір бәсеке бар деп те айтса болады. Кез келген мемлекет өз экономикасына сырттан қаржы әкелу үшін жақсы жағдайлар жасауға тырысады. Өйткені бүгінде инвестиция дегеніміз, көп жағдайларда тек ақша ғана емес, сонымен бірге жаңадан ашылған жүздеген, кейде тіпті мыңдаған жұмыс орындары, және ең бастысы, жаңа техника мен озық технологиялар. Ал ол елдің қазіргі заман талабына сай индустриялық-инновациялық даму бағытын айқындайтын ең басты шарт. Сонымен бірге инвестициялардың экономиканы алға бастырудағы ынталандырушы рөлін де жоққа шығаруға болмайды. Сөз соңында тікелей шетел инвестицияларының халықаралық деңгейде реттеліп отыратынын да айта кеткен жөн. Халықаралық-құқықтық режім ХВҚ, ХҚДБ, ЮНКТАД (БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясы) және басқалар шеңберінде бекітілген көп жақты әмбебап келісімшарттар негізінде реттеледі. Ал ЭЫДҰ-ға мүше елдер шеңберінде халықаралық төрелік сот қағидаты қабылданған. ЕО шеңберіндегі шетел инвестицияларын құқықтық реттеу 1957 жылғы Рим келісімінде қарастырылса, Азия-Тынық мұхиты ынтымақтастығы ұйымы үшін осы ұйым шеңберінде әзірленген Тікелей шетел инвестицияларының ерікті кодексі маңызды практикалық құжат болып табылады. Сол сияқты, ХҚДБ жанында Шетелдік жеке инвестицияларды сақтандыру жөніндегі халықаралық агенттіктің жұмыс істейтінін біле жүргеннің де еш артықтығы жоқ. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»