08 Қараша, 2016

«Шабыт» жеңімпаздары марапатталды

421 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
era_3793 Алты күн бойы елорда төрін дүбірлетіп, өнерлі жастардың жүрегін лүпілдеткен «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі өз мәресіне жетті. Қазылар алқасының мүшелері «Хореография», «Халық музыкасы», «Үздік әдеби шығарма», «Классикалық музыка» және «Эстрадалық вокал» аталымдары бойынша қатысушылардың өнеріне өз бағаларын берді. Хореография аталымы бойынша бас жүлде «Алтынай» би ансамбліне бұйырды. Топтың сыйлығын, аталымның қазылар алқасының төрағасы профессор Хадиша Ағымбаева тапсырды. «Халық музыкасы» аталымында, оның ішінде қобыз-прима-қылқобыз бойынша Аятолла Тұрғанов бас жүлдеге ие болды. Аятоллаға сыйлығын осы аталым бойынша қазылар алқасының төрағасы, профессор Раушан Мұсақожаева тапсырды. «Халық музыкасы» домбыра аталымында Дарын Құдайбергенов жүзден жүйрік шықты. Бас жүлдені профессор Тұрар Әлпиев тапсырды. Домбыра-шертер, прима, бас-шертер бойынша бас жүлдені Бауыржан Мұқажанов жеңіп алды. «Классикалық музыка» бойынша бас жүлде Ақдидар Тоқтаған және Дана Букунева есімді екі қыздың фортепьянолық дуэтіне тапсырылды. «Классикалық музыка» аталымының тағы бір жеңімпазы, бас жүлде иегері Ілияс Әбдірашев атанды. Ал «Классикалық музыканың» үрмелі аспаптар бойынша бас жүлде Дәулет Толғанайға табысталды. «Бейнелеу өнері» аталымында Нұрболат Асқар бас жүлдеге ие болса, «Эстрадалық вокал» аталымында Қайсар Далайұлы топ жарып, бас жүлдені жеңіп алды. Ал осы фестивальдің «Үздік әдеби шығарма» аталымында ақын Ербол Алшынбай бас жүлдеге ие болды. Ол сондай-ақ, фестивальдің Президент кубогына да лайықты деп танылды. Ерболдың сыйлығын Астана қаласы әкімінің орынбасары, жазушы-драматург Ермек Аманшаев тапсырды. Айта кетейік, биылғы фестиваль ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өткізіліп отыр. Оған сегіз мемлекеттің талантты жастары қатысты. era_3444 era_3811 Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ