09 Қараша, 2016

Сарыағаш ауданының 220 үйіне газ келді

341 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округіндегі Ескіқорған елді мекеніне табиғи газ келді, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі. Елді мекен тұрғындары көгілдір отынды күткелі көп болған, енді ауыл тұрғындары ұзақ жылдық бейнеттен құтылды. Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компанияның кемшіліктерінен Ескіқорған ауылына газ берілмей келген болатын. Тəуелсіздік күні мерекесінің 25 жылдығы қарсаңында ауыл тұрғындары табиғи газдың жеткеніне қатты қуанып отыр. Аудан әкімі Қайрат Әбдуалиев халықты осынау ерекше күнмен құттықтап,  бұл - тәуелсіздіктің тұғырлы жемісі екенін, қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізген соңғы 25 жылда халықтың әл-ауқаты жақсарғанын атап өтті. 2013 жылы жүргізілген газ құбырына үш жылдан бері газдың тарту қысымы жетпей қалған болатын. Бұл шаруа қайта қолға алынып, тиісті мекемелерге айыппұлдар салынған еді. Осының нәтижесінде 220 үйге көгілдір отын жеткізілді. Аудан басшысы Ақтөбе ауылдық округін аралау барысында шекара бойындағы елді мекендерге де ат басын бұрып, тыныс-тіршіліктерімен танысты.