Қазақстан Кубогы үшін «Астана» – «Ертіс» арасында өткен екінші жартылай финалдық ойыннан кейін біз елордалықтардың бас жаттықтырушысы Станимир Стойловты әңгімеге тартқан едік.
– Станимир, Кубок финалына алған жолдамаларыңыз құтты болсын. Бұл сіздерге қаншалықты қиынға түсті?
– Рахмет. Бірнеше футболшымыз жарақат алып қалғанына қарамастан, алға қойған мақсатымызды орындадық. Жігіттер жарады, бар күш-жігерін салып ойнады. Осы ойын есебінен резервтегі ойыншыларымызды да тексеріп алдық. Матч барысында оларға әлі еңбектену керек екеніне де көз жеткіздік.
– Маусым басында командаға тәжірибелі ойыншыларды тарту керектігін алға тартқан едіңіз. Бұл ниет қаншалықты дәрежеде жүзеге асты?
– Негізі, жақсы нәтижеге жету үшін мықты футболшыларды тарта білу керек. Оларға киім шешетін бөлмеден бастап, жасыл алаңға шыққанға дейін жағдай жасалуы тиіс. Бірақ Қазақстанның көптеген қалаларында бұл қағидат орындалып отырған жоқ. Ал «Астанаға» келсек, біз қай кезде де алға үлкен мақсат қоя білетін ұжым екенімізді таныттық. Бір мезгілде үш турнирде өнер көрсету жұрттың бәрінің маңдайына жазылмаған. Біз сол үш жарыста да өзге ұжымдармен тең дәрежеде шайқасып келеміз деп ойлаймын.
– Әйткенмен, былтырғы жылмен салыстырғанда «Астананың» биылғы деңгейі төмен секілді.
– Келісемін. Өткен жылы команда құрамында тәжірибелі ойыншылар көп болды. Сондай ұжыммен елдің чемпионы атанып, Еуропа Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықтық, Кубок жолындағы бәсекенің финалына жеттік. Ал биыл бірқатар футболшыларымыз жарақат алып қалғандықтан, жастарға көбірек сенім артуға тура келді. Сөйте тұра, маусымдағы нәтижеге көңілім толады. Ең бастысы, чемпион болдық. Еуропа лигасында жарыс жолын жалғастырып келеміз.
– Былтыр да, биыл да «Астана» мен «Қайрат» чемпионат пен Кубок сайысында басты қарсыластар болды. Чемпионатта сіздер есе бермедіңіздер. Алайда, Кубок турнирінде «Қайратты» бір рет те жеңіп көрмепсіздер. Оның үстіне, биылғы финал Алматыда өткелі тұр.
– Сөз жоқ, «Қайрат» – өте күшті команда. Биыл онымен кездескен төрт ойынымыздың үшеуінде жеңіліс таптық. Осының өзі біздің футболшыларды алдағы кездесуде қайрай түсуі тиіс. Мен қазір онда кімнің жеңіске жететінін айтып, болжам жасай алмаймын. Бірақ межелі Кубокты алу үшін барымызды салатынымыз анық. Егер сол кезге дейін жарақаттары бар ойыншыларымыз сапқа қосылар болса, мүмкіндігіміз арта түсер еді.
– «Астананың» халықаралық турнирлерде өз алаңында жеңіле қоймайтын команда екені айтылып жатыр. Сондай-ақ, жеңісті де көре алмай келеміз...
– «Олимпиакоспен» өткен соңғы матчта аянған жоқпыз. Оны өздеріңіз де көрген шығарсыздар. Ойында жеңіп кетуіміз де, жеңілуіміз де мүмкін еді. Енді АПОЕЛ-мен өтетін келесі кездесуде жеңіске жетуге ұмтыламыз.
– «Астана» құрамындағы қызметіңіздің ғұмыры қанша болмақ?
– Мен осы кезге дейін бірқатар командалардан, тіпті қаржысы жоғары ұсыныстар түскендеріне қарамастан, «Астанамен» арадағы келісімшартымды 2017 жылдың соңына дейін созуға шешім жасадым. Егер басшылық қажет деп тауып жатса, қызметімді әрі қарай да жалғастыруға дайынмын.
Әңгімелескен
Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА