Шымкент шаһарын Төле би және Сайрам аудандарымен байланыстыратын аспалы көпір 1960-жылдары салынған екен. Екі жолақты көпірге екі жақтан кептелген машиналар ертелі-кеш азан-қазан болып жататын еді. Соңғы жылдары астындағы болат қорғандары сыр беріп, апат қаупі төнгеннен кейін қалалық әкімдік 2014 жылы көпірді жөндеуге жапқан. Екі бірдей ауданмен байланыстырып жатқан ең ірі көпір жабылған соң тіршілік оңа ма, ел қуыс-қуыстан жол тауып әбігерге түсті де қалды. Қала әкімдігі өткен жылы бір жағын пайдалануға беріп, зордың күшімен амалдаған еді.
Енді сол көпір толықтай пайдалануға берілді. Бұрын ені 9 метр ғана болған көпір күрделі жөндеуден соң 21 метрге дейін кеңейді. Бір жарым млрд теңгеге жуық қаржыға жөнделген көпір құрылысын «Корпорация Береке А» серіктестігі жүргізді. Техникалық қадағалаушы «Ер Грант Строй» ЖШС болса, жобалаушы «Алматы Жоба» серіктестігі. Ұзындығы 250 метрге лайықталған құрылыстың 170 метрін көпірдің өзі алса, қалғаны жан-жағын бекемдеу мақсатында пайдаланылған. Бұрын екі жолақ жол болса, жаңа көпір алты жолаққа созылып жатыр. Нәтижесінде осы жерге түйісетін Төле би, Қапал батыр, Анаров және Ақназар хан көшелеріндегі кептеліс анағұрлым азайды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген жаңа көпірдің ашылу салтанатына тұрғындар көп келді.
Батамен ел де, ер де көгереді. Жаңа көпірді ашарда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ел ағаларынан бата сұрады.
– Елбасының тапсырмасына сәйкес, Шымкент еліміздің үшінші мегаполисіне айналуда. Ал мегаполис ұғымы халық санының артуымен өлшенбейтіні белгілі. Осы дәрежеге лайықты болу үшін барлық салада өсу және даму жоғары қарқын алуы қажет. Қаланың осы талаптарға сай болу бағытында бірқатар жұмыстар атқарып келеміз. Соның бір дәлелі – бүгінгі пайдалануға берілген көпір. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүруіне ыңғайлы жағдай жасаудың көрінісі. Алдағы уақытта жол кептелісінің алдын алу мақсатында шаһардағы бірнеше жерден жолайрықтар салу экономикалық-әлеуметтік даму жоспарына енгізілді, – деді Ж.Түймебаев.
Мердігерлер көпірді салудың машақаты көп болғандығын айтады. Қаланы аудан орталықтарымен байланыстыратын көпірдің астынан пойыз жолының тоғыз тармағы өтеді. Жолаушылар пойызынан бөлек, жүк эшелондары бар. Ортақ іске сала басшылары түсіністікпен қарап, кесте белгіленген. Бір-бірінің жұмыстарына кедергі келтірмеуге арадағы түсіністіктер себеп болған. Бұған қоса айтарымыз, облыста 664,7 шақырым жол, 17 көпір жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Оңтүстік Қазақстан облысы