«Уәде – құдай сөзі» дейді халық. Облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Мұрат Төлтебаев Төле би ауданы «Көксәйек» ауылдық округіндегі Мұхаммед Хайдар Дулати мектебіне жабық стадион салып берді.
Кәсіпкерде басы артық ақша болмайды. Қаржы салуды қалайтын сала көп. Солай бола тұра «елде болса ерінге тиеді» деп ойлайтын азаматтар тапқан табысының бір бөлігін туған елін өркендетуге жұмсайды.
– Елбасымыз саламатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен мән беріп келеді, – дейді Мұрат Төлтебаев. – Жас ұрпақ білімді болуымен қатар денсаулығы мықты болуы керек. Осындай жағдайда спорт кешендерінің көп болғандығы жақсы. Біз еліміздің арқасында осындай дәулетке ие болдық. Сондықтан, елге қолымыздан келгенше осындай көмек көрсетіп жатырмыз. Спорт та ел намысы, мемлекет мерейі. Қазақ спортшылары әлемдік спорт аламанында биіктен көрініп жүрсе, ол Отанымыздың мықтылығы, болашағының кемелдігі. Осы мақсатқа бәріміз жұмылып күш біріктірсек, жолымызда нар көтермейтін жүк қалмайды.
Жаңа спорт кешенінің ашылуы Көксәйек халқы үшін үлкен қуаныш болды.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы халықтың 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысуы қажеттігін айтқан болатын, – дейді аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев. – Біздің Төле би ауданында жыл сайын спорт кешендері салынып, бүгінде халықтың 23 пайызы спортпен шұғылдануға мүмкіндік алды. Мұрат Төлтебаев сынды мемлекетшіл жігіттерміз осы іске өз үлестерін қосып келеді. Құдай қаласа, осы бүгінгі қарқын сақталса, 2019 жылдары Елбасы тапсырған межеге жетіп қаламыз. Бұл жай ақпар үшін керек емес, жастарымыз қайратты, шымыр болып өсу үшін қажет шаруа.
Жабық спорт кешенінің ашылу салтанатына келген халық қалаулылары мен зиялы қауым осылай ағынан ақтарылып жатты.