Сапалы оқулық – мұғалім мен оқушының сенімді серігі һәм білімнің қайнар көзі. Оқулық сапасы туралы елде жиі «шу» көтеріледі, бірақ толық шешілген емес. Оқулық мәселесін шешу үшін оқулық жазу құқығын баспадан алып, ғылым академияларының біріне берген абзал. Себебі, баспа, ол – жауапкерлігі шектеулі серіктестік, яғни олардың басты көзқарасы сапа емес – сауда, көздегендері білім емес – ақша, олардың негізі бағыты – бизнес-жоспарын орындау. Сол үшін де бағдарлама, оқулық кешенін негізгі жауапкершілігі бар, мемлекеттік мекеменің құзыреттілігіне беру керек. Біз арғы-бергі мемлекеттердің тәжірибесін пайдалана отырып, оқулық сапасын арттыруға мынадай ұсыныс білдірсек дейміз.
Алғашқы мәселе, оқулықты жеке автор емес, арнайы құрылған шығармашылық ұжым жазуы керек. Орта білім саласының маңызды құжаттарын талдау және зерттеу институты болса… Дамыған елдер тәжірибесіне негізделгенде, оқулықты сол мамандықтың білгір ғалымы (кемінде екі) мен сол пәнді балаға оқытатын педагог (кемінде екі әрі мектепте он жылдан артық сабақ берген, үздік шәкірт тәрбиелеген) бірлесіп жазулары керек. Себебі, кей ұғымдардың оқушыға қалай түсінікті боларын педагог жақсы біледі. Сонымен бiрге, ұжым құрамында тарихшы болуы керек, себебi елiмiздiң тарихы, мәдениетi кез келген оқулығымызда көрiнiс берiп тұруы тиіс. Сонымен бiрге, авторларға бiр психолог, бiр қазақ тiлi мен әдебиетiнiң маманы көмектесуi қажет. Өйткені, оқулықтағы әр сөйлемнiң мазмұны құрылымы дұрыс па, бұрыс па, тексерiлгенi жөн. Тілдің түсінікті болуы балаға аса маңызды.
Енді оқулық құрылымына келсек, оқулықта тақырыптың соңында тақырыпқа сәйкес, әр тараудың соңында тарауға қорытынды жаттығулар болуы керек. Әрі ол жаттығулар тек есептер мен тестілер ғана емес, сан-салалы, алуан түрлі болуы тиіс. Бұл жерде тек Ресей жүйесіне қарау жеткіліксіз, басқа да дамыған елдердің тәжірибесін қолдануға болады. Нақты ғылымдарда тірек сызбалар, тәжірибе барысының сызбалары, кестелер, ойланту сұрақтары, тағы басқа сызба нұсқаларды пайдаланған жөн. Жаратылыстану ғылымдарын сылдыр сөзбен жазу оқушыны жалықтырады.
Соңғы ескерер түйін, оқулықты жазатын шығармашылық ұжымның алғашқы жұмысы мемлекеттік стандартқа байланысты оқулық бағдарламасын өздері жасауы құнды болар еді. Бағдарлама жасалып болған соң әр оқулықтың ұжымы біріге отырып, пәнаралық байланыстардың сақталуын, мазмұндардың біркелкілігін сәйкестендіріп алса, келесі жұмысы сапалы оқулық дайындауға арналады. Оқулық дайындалған соң сараптамадан өтіп, келесі жұмысы – мұғалімнің күнтізбелік-тақырыптық жоспары (КТЖ) да осы оқулық ұжымының талқылап бекітуімен нақты, өзгертілмейтін нұсқамен жазылуы керек. Соңғы жұмыс – мектепаралық бақылауларға (МАБ) және Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қажетті жұмыс тобы жазған оқулықтарға, жаттығуларға сәйкес өздері құрастыруы керек. Бұл біртұтастық пен біржүйелікке алып келеді. Бұдан тыс, жыл бойы қосымша әр бағытта тереңдетілген материалдар жасап, дамытып, кемелдендіріп отырса, нұр үстіне нұр.
Егер осы шарттар толығымен орындалса, біздің ұтатынымыз: бірінші – барлық орта білім оқулықтарына қажетті материалдар бірізділеніп, жүйеленеді. Бұдан сапа туады; екінші – егер қате кетсе, бір-біріне сілтеу туындамайды. Жауапкершілік тек бір мекеменің құзыреттілігінде болады. Бір оқулық ұжымына жүктеледі. Жауапкершілік артады. Ұстаздардың басты мақсаты – ұлт болашағы ұрпақты тәрбиелеу. Оқулық – ұстаз бен шәкірттің көмекшісі, сырлас досы. Ол ешқашан да олқы болмауы керек, оқулықтың олқылығы опық жегізеді.
Аятжан АХМЕТЖАН,
республикалық «KAZBILIM» орталығының директоры