09 Қараша, 2016

Тәжірибесімен танылған тәлімгер

424 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
bilimЕртеңіне лайықты ұрпақ тәрбиелемеген елдің келешегі жоқ десек, сол ұрпақты ақ жол­ға даярлайтын ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. Өңіріміздегі жү­регі жомарт, жаны жайсаң, білімді ұстаздардың бірі – Тоғ­жан Мұқанова. Ол 1988 жыл­дан Ақжайық ауданының Базаршолан ауылындағы Ғаб­долла Махамбетов атындағы орта мектепте тарих пәнінен дәріс беріп келеді. Жеке тұлғаны қалып­тас­тырып, дамытуда тарих пәнінің маңызы зор.  Бүгінгі мақсат-мұрат белгілі. Ол – ұлттың сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі жоғары, бойында ізгі қасиеттері қалыптасқан, Отанының тарихын әспеттеп, аялаған жас адамды тәрбиелеу. Бұл орайда ұстаздың жеткен жетістіктері аз емес. Тоғжан Мауыт­қызы өз сабақтарында инно­вациялық әдістерді пайдалануды білім берудің ең жоғары шарты деп түсінеді. Сондықтан, дәрістері ғылымилығымен, нақтылығымен ерекшеленеді. Осылай тәжірибесі кемелденіп, оқушылары аудандық пән олимпиадалары мен республикалық қашықтық олимпиадаларының жеңімпаздары атанып жүр. Тоғжан Мауытқызының оқу­шылары тарих пәнінен жыл сайы­н ҰБТ нәтижесінде 100 пайы­з білім сапасын көрсеткенін де айта кетейік. Шәкірттің ұстазға еліктеп өсуі – өмірдің ақиқаты. Тарих пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алып, қоғамға өз үлестерін қосып жатқан түлектерін ол әрқашан мақтан етіп жүреді. «Туған өлке – тұнған ше­жіре» атты тақырыптағы ғылыми жұмыспен айналысуы – ұстаз еңбегінің ғылыми ізд­еністерге бой ұрып, арқа сүйеуінің дәлелі. Оның «Алтын орда», «Мәңгілік Ел», «Ұрпаққа ұран –  Ұлы Жеңіс!», «Асыл дінің – адастырмас шырақ» тақырыптарындағы ізденістері де көптеген әріптестеріне мәлім. Ұл-қыздарды көршілес Атырау өлкесіндегі Сарайшық тарихи кешеніне және Махамбет ақын,  Малайсары бидің басына бірнеше рет алып барып, көптеген мәліметтер жинақтады. «Әрбір сапарымыз тарих пәнінен өткен сабақтардың тақырыбын айшықтай түседі», дейді ол. Білім берудің қазіргі жаңа құрылымы мен әдістемелік мазмұнының өзгеруі мұғалімнің өз кәсіби шеберлігін шыңдауын, жаңартуын талап етеді. Осы мақсатта Тоғжан Мауытқызы республикалық қашықтық олим­пиадаға қатысып, облыс кө­лемінде алғашқы ондықтың қатарынан табылып отыр. Ол аудандық білім бөлімінің, об­лыстық білім басқармасының Құр­мет грамотасы, Алғыс хат­тары­ның иесі. Биыл жоғары санатты ұстаз атанды. Елді, сол елдің ертеңі жас ұрпақты өрге сүйрейтін осындай жандар ғой. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан», Болат ЕСҚАЛИЕВ, журналист Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Базаршолан ауылы