Мамандықтың төресі – педагог. Өйткені, ұстаздың алдынан мамандық алуға ұмтылған жанның бәрі өтеді. Ұстаз адам бойына сіңіретін құндылықтың бәрін береді. Кей шәкірттер ата-анасынан ала алмаған тәлім-тәрбиені ұстаз ұлағатынан жанына жалау етері даусыз. Әсіресе, қазіргі жаһандану дәуірінде ұстазға жүктелер жауапкершіліктің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Олай дейтінім, ұлттың келешегіне қызмет етер жас ұрпаққа заман ағымына сай сапалы білім беру қажет болса, екіншіден, өзі де білім-біліктілігін ұдайы жетілдіріп отыруы қажет.
Тегінде, мұғалім тіршілік атаулыға құдіретті сәулесін шашатын күндей жарқырап тұруы керек. Өзінің ұшқыр ойымен, озық білімімен жарқырай көрінген ұстаз ғана шәкіртінің жүрегіне жол табады. Бұл үшін мұғалімнің өзі көп білгені жөн. Осы ретте тағы да мектеп басшыларының ұжымдағы ұстаздардың түрлі сайыстарға қатысуына, педагогикалық оқуларға баруына, жаңа технологияларды меңгеруіне, осылайша, ізденуіне мүмкіндік бергенін қалар едім. Мұны айтып отырған себебім, кей мектеп басшылары сабақ тұрақты өтуін ғана желеу етіп, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін көтеруіне ынта таныта бермейді.
Әр оқушының әрбір пәнге қызығушылығы әр түрлі болып келеді. Біреулері қоғамдық пәндерге бейім келеді. Араларында техникалық бағыттағы пәндерді ұнататындары да кездеседі. Оны тек өз мамандығына сүйіспеншілікпен қарайтын мұғалімдер ғана аңғара алады. Баланың қызығушылығын одан әрі дамытып, өзі ұнатқан пәннен қосымша тапсырмалар беріп отырса, оқушының білгенін жетілдіруіне сенімділігі арта түсер еді. Бұл, бір жағынан, оқушының болашақта мамандық таңдауына оң әсер етеді. Мамандық демекші, инженерлік, техникалық, сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандықтарды таңдауына мұғалімдер бағыт-бағдар беріп отырса, нұр үстіне нұр. Өйткені, мұғалімдер ел экономикасының сан алуан салалар арқылы дамитынын мектеп қабырғасындағы оқушылар санасына сыналап болса да жеткізуі қажет. Осы мақсатта өндіріс орындарымен тығыз байланыс жасап, сонда жұмыс істейтін мамандармен оқушылардың кездесулерін ұйымдастыру артық етпейді.
Мектеп ұстаздары оқушылардың ойлау қабілетін, сөйлеу мәнерін жетілдіруіне мән бергені жөн болар еді. Мұны айтып отырған себебім, оқушының тіл мәдениеті алдымен мектепте қалыптасады. Бәлкім, жоғары оқу орнындағы ортасы арқылы да жетіледі дейтіндер табылатын болар. Бірақ, жас бала қалай исең, солай майысатын жас шыбық секілді ғой. Олардың мектеп жасында-ақ ойлау, сөйлеу қабілетін қалыптастырғаннан ұтыла қоймаймыз.
Мұғалім – ұлттың жаны әрі жүрегі. Олай дейтінім, бала жастан білім алуға талпындырса, ержеткенде белгілі бір мамандықтың иесі атануы үшін де дәріс береді. Түптеп келгенде, ұлт үшін, ел үшін қызмет етуге ең бірінші үндейтін де, ең бірінші жігерлендіретін де мұғалім екені еш күмән тудырмайды. Ендеше, мұғалімнен ардақты, мұғалімнен мәртебелі мамандық жоқ дей аламыз. Өйткені, мұғалімнің алдынан қара танымай келген жас ұрпақ саналы әрі ақылды, байсалды әрі сабырлы, білімді әрі білікті маман болып шығады. Мұғалімнің мәртебесі шәкірттерінің жетістігімен де биіктей түседі.
Құсиын АЙТҚАЛИЕВ,
КСРО халық мұғалімі,
Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі
Атырау облысы,
Махамбет ауданы