Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, архивтер, кітапханалар мен музейлердің өзара ынтымақтастық рөлі ерекше. Олардың атқаратын негізгі қызметіне немесе атауына орай архив, кітапхана, музей арасына нақты шекара қойылмайды. Көптеген архив қорларының өзінде сирек кездесетін баспа басылымдары, мазмұны бай кітапханалар бар десек, сол сияқты баспа басылымдары мен архив құжаттарын музей коллекцияларынан, экспозицияларынан бөліп-жару мүмкін емес, ал кітапханалардан мұрағаттарда жоқ кейбір қолжазба қорларын табасыз.
Айта кету керек, тәуелсіздік жылдарында «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» бағдарламалары бойынша мұрағатшылар, ғалым-мамандар шетел архивтері мен ғылыми мекемелерінен, кітапханаларынан көптеген құнды құжаттар мен қолжазбаларды, сирек кездесетін кітаптарды тапты. Мәселен, бұл құжаттардың толық тізімі «Қазақстан тарихы шетел мұрағаттарында» көптомдық ақпараттық анықтамалығына енгізілген.
Соның бірі, 2001 жылы Ұлттық архив қорына қосылған Мұстафа Шоқайдың архиві Сорбонна университетінің Шығыс тілдері институтының кітапхана қорынан алынды. Ал Ұлттық академиялық кітапханада Хасен Оралтайдың жеке архиві (Мюнхеннен академик Р. Нұрғалиев «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында алып келген болатын) сақтаулы. Жақында ғана мұнда филология ғылымының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің жеке кітапханасы бойынша «Ғалым» залы ашылғаны мәлім. Онда кітаптарымен қоса, ғалым ағамыздың қолжазбалары, архив құжаттары да бар.
Тағы бір құнды жаңалық, Халықаралық Түркі академиясының кітапханасында белгілі түркітанушы ғалымдар Иштван Мандоки Қоңыр, Әбдуали Қайдар, Әбжан Құрышжанұлы, Рәбиға Сыздықованың жеке кітапханалары бар, ал онда сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры, тарихи жазба ескерткіштердің қолжазбалар көшірмелері жинақталған. Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп.
Джордж Кеннанның қорынан 1885-1886 жылдары Сібір мен Қазақстанға жасаған саяхаты кезінде түсірілген «Семейдегі базар алаңы»; «Қазақтардың Семей облысы әскери губернаторлықтың шенеунігі отбасымен кездесуі» атты суреттер «АҚШ Конгресс кітапханасынан» жеткізілді. «National Geographiс» музейі мұрағатынан табылған екі фотосурет «Қостанай қаласының базарында қазақ әйелдері баласымен» (1935 ж.) деп аталады.
Дер кезінде ақпараттың жинақталуы, сақталуы және пайдаланылуының нәтижесінде бүгінгі ұрпаққа, міне, осындай құнды жәдігерлер жеткізіліп отыр. Ең бастысы, бұларға келіп түсетін материалдар жыл сайын молығып, толығу үстінде. Елімізге осы аралықта әкелінген мәдени мұралар санының көптігі таңдауды қиындататын болғандықтан, соған орай тұтынушы жауапкершілігі де артады. Болашаққа қандай ақпаратты жеткізуге тиіспіз? Ол бүгінгі байламымызға қарай шешілетін мәселе.
Оқу процесінде жеке адамның шығармашылық жағынан рухани дамып, ой-өрісін байытуда, халықтық төл дәстүрлерді қастерлеуде, азаматтық пен патриотизмге тәрбиелеуде осы үш қызмет түрінің атқарар рөлі мен қосар үлесі едәуір екені даусыз.
Жоғары оқу орындарының негізгі мақсаттарының бірі білімді, мәдениетті қазақ жастарының ортасын қалыптастыру болып табылады.
Білім беру саласының сапасы қай кезде де оның ақпараттық қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Осы ретте Өнер университеті басқа оқу орындарының кітапханаларымен, өнер ордаларымен, шығармашылық одақтармен, архив, музей, кітапханалармен өзара шығармашылық, мәдени ынтымақтастықтар орнатуда. Әрине, бұл орайда кітапханашылардың кәсіптік біліктілігін көтеру мәселесі күн тәртібінен ешқашан түспеуі тиіс. Өйткені, алға қойып отырған мақсатымыздың өзі қазіргі заманауи технологияның дамуына ілесе отырып, өз оқырмандарымыз үшін кітапхана ресурстарын пайдаланудың тиімді мүмкіндіктерін қарастыру, университеттің ең басты қызметіне айналу болып табылады. Сол бағытта кітапхана құнды, тарихи маңызды коллекциялардың иесі ретінде өзінің арнайы қорларын сақтауға және көбейтуге мүдделі. Оның бүгінде гуманитарлық мекемеге, сонымен қатар, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға, ғылым мен практиканың жетістіктеріне негізделген салаға айналу сыры сонда. Ал әлеуметтік миссиясы жеке адамның білім алуына, дұрыс тәрбиеленуіне арналған. Әрбір оқу орны өзінің бейіміне қарай бірегей ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға, электронды ортада ақпараттық орталықтардың өзара әрекеттесуіне жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде бірегей мәдени кеңістікті кеңейтуді қамтамасыз етеді. Бір атап өтерлік жайт, қазіргі уақытта түрлі бағыттардың және қызмет түрлерінің өзара кірігуі байқалады.
Сондай-ақ, ұлттық кітапханалармен қоса жоғары оқу орындарының кітапханалары да музей, архив қызметінің элементтерін өзіне енгізуді жатсынбайды. Бұл, әрине, қызметкерлердің кәсіби белсенділігінің артуын білдіреді, сонымен бірге ғылыми қызметті жүзеге асырудың жаңа бағыттары мен формаларын іздестіруге, кітапхананың ағартушылық және тәрбиешілік қызметінің маңыздылығына байланысты.
Атап айтар болсақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында Мырзатай Жолдасбековтің Ираннан алып келген әл-Фараби қолжазбаларының көшірмелері сақтаулы. Сол сияқты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кітапханасындағы Композиторлар одағының құжаттары, белгілі ғалымдар Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова, т.б. тұлғалардың жеке кітапханасы, сондай-ақ қолжазба қоры көпшілікті бейжай қалдырмайды. Ал Әлкей Марғұланның жеке архиві Павлодар университеті кітапханасынан 2013 жылы Ұлттық архив қорына келіп түскен болатын.
Максим Горький: «Мәдениетті адам болып қалыптасуға екі құдіретті күш әсер етеді – көркемөнер мен ғылым. Бұл екеуімен де кітап бетінде дидарласасың», – деген екен. Сол сияқты, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынан бізге жеткен: «Білімнің бас құралы – кітап» деген қанатты қағида бар. Ал заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады», – деп ой қорытады... Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы екендігі сөзсіз. Кітапты таңдап-талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғышарттардың бірі болып саналады.
Қазіргі сандық технология дамыған заманда кітапқа, кітаптың құдіретіне назар аударту үшін университеттің ақпараттық-кітапхана қызметі студенттер арасында 2016 жылғы сәуір айында Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні қарсаңында «Мен және кітап» фотобәйгесін жариялаған болатын. Жобаның негізгі мақсаты студенттердің кітап оқуға сүйіспеншілігін ояту, олардың шығармашылық белсенділігін арттыру, кітапханаға жарнама жасау, мәртебесін көтеру еді. Бұған университет кітапханасында кітап оқып отырған болмаса қолына кітап ұстаған оқырмандар бейнеленген фотосуреттер қабылданды. Қазылар алқасы туындыларға таңдау жасау барысында тақырыптың ашылу деңгейіне, көркемдік ерекшелігіне, суреттердің мазмұнына барынша назар аударды.
«Мен және кітап» фотобайқауының үздіктері кітап туралы маржан ойлармен толықтырылып кітапхана бөлімдеріне қойылды... Тарих пен мәдениет құндылықтары қашанда бізге кітап арқылы жетіп отырған, онсыз адам бір қателігін мың сан рет қайталауға мәжбүр. Кітап барда, кітапхана барда тарих, салт-дәстүр жойылмайды. Біз өзімізбен сырлас, пікірлес жандармен байланыс орнатуға әрқашан қуанамыз. Жағымды жаңалықтар күтеміз.
Ғазиза ИСАХАН,
Қазақ ұлттық өнер университетінің
ақпарттық-кітапхана қызметінің басшысы