09 Қараша, 2016

Әлеуметтің әлеуеті әлсіремейді

393 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
krykpyshevБиылғы жыл «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС үшін оңайға тимегені рас. Экономикалық дағдарыс алпауыт кәсіпорынның әрі қарай дамуына кері әсерін тигізе ме, солай бола қалған күнде, оның алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр, міне, осының бәрін газет тілшісімен әңгіме барысында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Бақтияр ҚЫРЫҚПЫШЕВ айтып берді. – 2015 жылы мыстың бағасы өзінің ең төмеңгі деңгейіне жетті. Биыл да жағдайдың жақсаратын түрі көрінбейді. Сол себепті, бізге кәсіпорын табысты болуы үшін бірқатар қабырғалы өзгерістерге баруға тура келді, – деп бастады әңгімесін Бақтияр Әбдірахманұлы. – Сондай-ақ, үдерісті оңтайландыру бойынша бірнеше бағдарламаны жүзеге асыруды, шығыстарды қайта қарап, қондырғыларды тиімділеріне айырбастауды да қолға алдық. – Қазіргі таңда мыстың баға­сы құлдырады. Әлемдік компа­ниялар тығырықтан шығар жол іздегенде, ең алдымен еңбек ұжым­дарының санын қыс­қар­туды жөн деп тапты. Мұндай жа­ғдай­да «Қазақмыстың» ұстаны­мы қандай болмақ? – Айта кететін жайт, дағда­рыстың күйіп тұрған кезінің өзінде біз еңбек ұжымдарын жаппай қысқартуды жоспарлаған емеспіз. Әрине, әкімшілік қызметкерлерге қатысты кейбір шығыс түрлерін қысқарту бойынша белгілі бір шаралар қабылдағанымыз рас. Ал қатардағы кеншілер мен метал­лургтерге, байытушыларға кел­сек, әулет дәстүрін бірнеше буын бойын­ша жалғастырып келе жатқан еңбек ұжымдарын қыс­қартуға жол бермейміз. Сайып келгенде, мұның өзі өндірістің жоғары көрсеткішке қол жеткізуі үшін керек дүние. Сондықтан, кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жа­риялаған бизнестің әлеу­меттік жау­апкершілігін терең түсі­неміз және алдағы уақыттағы жұмысымызда бұл бағыттан ауыт­қымауды басты мақсат ретінде қа­растырамыз. – Компанияның таяу жыл­дардағы инвестициялық саясаты туралы айтсаңыз. – Экономикалық қиыншылық­тарға қарамастан, даму жоспарымыз өте ауқымды. Кен орындары мен өндірістік қуаттарымызды қайта жаңғырту бойынша жасалып жатқан жұмыстарымызды белсенді түрде жалғастыра беру жоспарымыздан берік орын алған. Мысалы, Жезқазған алаңқайын­дағы Жыланды кенішін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сәтін салса, бұл кен орны өзінің өндірістік толық қуатына 2021 жылы шығады. Жезқазған маңындағы «Жаман Айбат-2» кен орны 2016 жылдың соңында жұмысын толық бастайды. Қарағанды алаңқайындағы «Нұрқазған» кен байыту комби­натының өндірістік қуатын арттырып, 2017 жылы 3,3 млн тоннадан 4 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар. Бұдан бөлек, біз геологиялық барлау жұмыстарына да үлкен мән береміз. Жер бетіндегі геоло­гиялық барлау жұмыстары жобаларын орындаған кезде шетелдік өндірушілердің өнімділігі өте жоғары бұрғылау қондырғыларын пайдаланамыз. Осындай заманауи құрал-жабдықпен қаруланған біздің компания жыл сайын он миллион тоннаға жуық кен өндіреді. – Сіздердің компанияның қа­тысы бар қалалардағы әлеу­мет­тік жағдайға және сол өңір­лерде тұратын адамдардың тұр­мыс-тір­шілігіне «Қазақмыс» қан­ша­лықты әсер етеді? – Жезқазған мен Балқаш қа­лалары тұрғындарының дені «Қазақмыс» кәсіпорындарында еңбек етеді. Соған сәйкес, біздегі өзгерістердің бәрі олардың тұр­мысына тікелей әсер етеді. Сон­дықтан, біздің әлеуметтік жобаларымыз бірінші кезекте осы жерлерде іске асырылады. Олардың саны да көп: ата-анасыз қалған балаларға, тұрмысы төмен және асыраушысынан айырылған отбасыларына, елді мекендерді абаттандыру үшін жергілікті билік органдарына көмектесу, тізе берсеңіз кете береді. Жалпы, «Қазақмыстың» қатысы бар өңірлердегі әлеуметтік ахуалдың оң болуы біз үшін өте маңызды екенін ерекше атап айтқым келеді. 2015 жылы біз Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне Жезқазғанда ағаш отырғызу бойынша кең көлемді жобаны қолға алдық. Бес жылға деп есептелген бұл «Жасыл желек» жобасы бірнеше кезеңнен тұрады және ол Кеңгір су қоймасының 100 гектарға жуық жағалауын көгалдандыру бойын­ша аймақ құруды көздейді.