09 Қараша, 2016

Жаңарған жолға жанашырлық қажет

383 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Соңғы жылдарда жөнделген жолдардың сапасына жүргізушілер ғана емес, жолаушылардың да көңілі толмай келгені шындық. Жөнделген жолдар жыл өтпей жатып ойдым-ойдым шұңқыр болып шыға келеді. Биыл да бірқатар жолдарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен облыста жол жамылғысын жөндеу кезіндегі технологиялық нормалар мен ережелерді сақтау тексерілуде. Үстіміздегі жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға, соның ішінде республикалық деңгейдегі көлік жолдарын жөндеу мен қайта салуға 11,37 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат 169,9 шақырым көлік жолдарын жөндеу мен қайта құрылымдау жұмыстарын жүргізуге, сонымен қатар, Ақтөбе қаласындағы көше желісінің 40,4 шақырымдық көлік жолдарын күрделі және орта жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Аталмыш мәселе өңір басшысының қатаң бақылауында. Жақында «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» тас жолында жүргізілген жұмыстың сапасы тексерілді. Бас мердігер «Ассана-ДорСтрой» ЖШС жөндеу жұмысын 2017 жылдың күзінде аяқтауды жоспарлап отыр. Күрделі жөндеу жұмыстарына 1,5 миллиард теңге қарастырылған. Ағымдағы жылы 500 миллион теңгесі игерілген. Жолдың төменгі негізгі қабаттары төселген. Бас мердігер мекеме басшысының көзінше жол жа­мылғысына тексеріс жүргізіліп, ені өлшенді. 4 категория­лы жолға жататын «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» көлік жолы­ның нормативтік ені 7 метр. Тексеріс кезінде жүргізілген өлшеу нәтижесі нормативтің орташа алғанда 25 сантиметрге асып кеткенін көрсетті. Бұған қоса, жол құрылысшылары қол­данылған материалдардың сапасы мен материалдық-тех­никалық жарақтандыру, жұмысшылардың еңбек шарттары жөнінде есеп берді. Үстіміздегі жылы Ақтөбе қаласындағы автомобиль жолдарын жөндеуге 3,4 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жыл­ғыдан анағұрлым көп қаржы. Жалпы ұзындығы 40,3 шақырым 41 көше жөнделетін болады. Бұдан басқа 44,3 шақырым тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолы салынып, қайта жарақтандырылды. Мұның өзі өткен жылғыдан үш-төрт есе артық деген сөз. Сондай-ақ, қала және оған қарасты селолық округтер аумағындағы 24 көшеге қиыршы тас төселіп, жөнделуде. Қазір салынып жатқан жолдардың сапасы басты назарда ұсталуда. Ал, қала көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолдары мен тротуарлар да ретке келіп, бұрындары шұрық тесік болып жататын көшелер тегістеліп қалды. Бақылау бар жерде істің де нәтижелі бола түсетіні белгілі. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы