09 Қараша, 2016

«Менің елім – Мәңгілік Ел»

737 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
2658_oko_3Шымкентте өткен акция енді Таразда жалғасады Шымкент қаласында Жеңіл атлетика спорт кешенінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы өтті. Мерекелік шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – хатшылық мең­герушісі Ералы Тоғжанов, Қазақ­стан Республикасы Президенті Әкім­шілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкі­мі, облыстық ҚХА төрағасы Жан­сейіт Түймебаев, ҚХА және ай­мақтық Ассамблея мүшелері, қо­ғам қайраткерлері, этномәдени бір­лестіктер мен зиялы қауым өкіл­дері, жастар ұйымдарының же­тек­шілері мен студенттер қатысты. Бір сүйсінетін жайт, жас­тар акциясына жастардың көп жи­нал­ғандығы соншалық, жар­тысынан астамы сарайға сый­май қалды. Осыған қарап-ақ өрен­деріміздің бойындағы жастық жалын, Отанына деген шынайы сүйіспеншілік, патриотизм сезімі айқын аңғарылып тұрғандай еді. «Байлығым менің, Тәуелсіз елім» деп ән салған 5 мыңнан ас­там жастың дауысынан алып сарай­дың түндігі желпілдеп тұр­ған­дай сезілген. Салтанатты шарада сөз сөй­леген облыс әкімі Жансейіт Түй­мебаев: «Тәуелсіздігімізді алған сәттен Қазақстанның тарихында түбегейлі бетбұрыс басталды. Жүргізіліп отырған саясаттың ар­қасында халқымыз жаңа дәуір­ге қадам басып, «Мәңгілік Ел­дің» негізін қалады. Еліміздегі ырыс­ты ынтымақ пен берекелі бір­ліктің арқасында барлық экономикалық-әлеуметтік салаларда орасан жетістіктерге қол жеткізіліп, халықтың тұрмысы түзелді. Шымкент –жасыл қала ғана емес, жас қала. Сіздердің орта жастарыңыз – 25, көпшіліктеріңіз Тәуелсіздіктің құрдастарысыздар. Жаңа заман, жаңа тарих, жасампаз өмірдің жаршысы сіздер. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ата-бабаларымыз аңсап өткен егемендіктің алтын қазығын қақса, еліміздің ұлы арман, мақсат-мұратын жүзеге асыратындар сіздердің буын. Көпұлтты халқымыз ауызбіршілікте болып, бүгінгіден де тамаша кезеңдерге бірге жетейік. Тәуелсіздік – бұл туған жерін, Отанын сүйген әрбір қазақстандық үшін ұлы бақыт әрі үлкен қуаныш. Тәуелсіздіктің 25 жылында ғасырға бергісіз жолдан өтіп, ауқымы жағынан орасан зор табыстарға қол жеткіздік»,– деді. Президент Әкімшілігі Бас­шы­сының орынбасары Бағлан Майлыбаев әлгінде ғана бес этнос өкілінің Шәмші әндерін өз ана тілдерінде жеке-жеке шыр­қап, соңында қазақ тілінде Ота­нымыз жайлы жүректің ыстық лүпілі бар әнді айтқандарына сүйінішін білдірді. Бұл – нағыз шығармашылық инновация, дей келіп, Қазақстанда тұратын барша ұлттар мен ұлыстар өкілінің түп қазығы, қамқоры қазақ халқы, қоғамдық келісімге Елбасымыздың өзі ұйытқы екендігін, Мемлекет басшысының жастарға сенетіндігін жеткізді. «Рухы күшті жастар еліміздің ертеңін нұрлы етеді», деп сөз сабақтаған ҚХА Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов Тәуелсіздікті тұғырлы ету үшін жұмылған жұдырықтай біртұтас болу қажеттігін баса айтты. Тәуелсіздігімізді баянды етуде Елбасының қажырлы еңбегін атай келе, Қазақстандағы барлық халықтың бір мақсат, бір мүддеге ұйысатындығын сөзіне арқау етті. Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ася Мұхамедова 108 ұлт пен ұлыс өкілдеріне алтын ұя болып отырған Оңтүстіктің қасиетін сипаттады. Кезінде қуғын-сүргін көріп, Ұлы Далаға тоғытылған халықтарды қазақтардың өз бауырындай қарсы алып, қамқорлық жасағанын айтқан ол Шымкентте әр түрлі этнос өкілдерінің күшімен салынып жатқан «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің мәнін таратты. Ол өз сөзін: «Біз бір халық, бір ұлтпыз. Елбасының қолдауымен Мәңгілік Елге айналамыз»,– деп қорытты. Салтанатты шарада Ел­ба­сына облыс жастары атынан дайын­далған үндеу оқылды. «Менің елім – Мәңгілік Ел» респуб­ликалық жастар акциясы келесі кезекте Жамбыл облысында өтетіндіктен, «Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына» – «Достижения молодежи «Мәңгілік Ел» к 25-летию Независимости Республики Казах­стан» кітабын еліміздің мақ­та­нышы, Олимпиада жүл­дегері Жазира Жаппарқұл мен Назарбаев зияткерлік мек­те­бінің оқушысы Берік­болсын Сү­лейменов көрші об­лыс өкіліне салтанатты түрде табыс етті. Еліміздің бар­лық аймақтарында өтетін акция 28 қарашада Аста­нада қоры­тын­дыланып, мәресіне жетпек. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы