09 Қараша, 2016

Нақтылы атқарылған жұмыстың нәтижесі де нақтылы

414 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
ukimet-zhanaКеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, нарықта бәсекелестікті арттыру жайы қаралды.

Өмір сүру ұзақтығы ұлғайды

Денсаулық сақтау жүйесі әрбір адамға қатысы бар аса маңызды сала. Осыған басымдық берген Үкімет басшысы медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасының жоғары болуы әрдайым Елбасының назарында екендігін атап өтті. Б.Сағынтаевтың айтуынша, тәуелсіздік жылдары елімізде мемлекет қаражатына 1300-ден астам ден­саулық сақтау нысаны іске қосыл­ды. Жылдың соңына дейін тағы 350-ге жуық емxана мен амбулатория салу жоспарланып отыр. «Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасы бойынша барлық облыс­тарда қазір кардиоxирургиялық бөлімдер желісі ашылды. Астанада медициналық кластер іске қосылды. Елімізде жүрекке, миға бұрын болмаған операциялар жасау қолға алынып отыр. Осының нәтижесінде елімізге шетелден көптеген науқастар емделуге келіп жатыр. Осы соңғы 8 айдың ішінде 7,5 мыңнан астам шетел азаматы Қазақстанда емделген екен. Іске асырылған шаралардың нақты нәтижесінде xалықтың орташа өмір сүру ұзақтығы ұлғайды. Мәселен, тәуелсіздік алған алғашқы 1991 жылды мысалға алатын болсақ, өмір сүру ұзақтығы ол кезде 67 жас болған. 25 жылда аталған көрсеткіш 5 жасқа ұлғайып отыр. Сонымен қатар, ана өлімі бес есе, бала өлімі үш есеге азайды», деді Б.Сағынтаев. Әрине, бұл үлкен жетістік. Осы атқарылып жат­қан жұмыстарды әрі қарай дамыту мақ­сатында елімізде «Денсаулық» мемле­кеттік бағдарламасы қабылданған. 2016-2019 жылдарға арналған аталмыш мемлекеттік бағдарламаның жү­зеге асырылу барысын Денсаулық сақ­тау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова баяндады. Ми­нистрдің мәлімдеуінше, бұл бағдар­ламаны жүзеге асыру медициналық қыз­меттердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бағдарлама Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы бойынша әлемнің дамыған 30 елінің деңгейіне сәйкес азаматтардың денсаулығының көрсеткіштеріне жоспарлы қол жеткізу мақсатында әзірленді. Бағдарлама негізінде денсаулық сақтау саласының стратегиялық жоспары алдағы 2020 жылға қарай халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын күтіліп отырған 73 жас­қа дейін ұзарту, медициналық қызмет­тердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру және басқару жүйесін жақсарту болып отыр.  

Күрделі оталар елімізде жасалуда

Медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайын Үкімет отырысында осы саланың білікті мамандары да растады. Мәселен, Нейрохирургия республикалық ғылыми орталығының басқарма төрағасы Серік Ақшолақов елімізде бүгінде ауыр оталарды жасауға мүмкіндік бар екендігін ерекше атады. Оның айтуынша, өзі басқаратын орталық 8 жыл ішінде Орталық Азияда және Қазақстанда бұрын қолданылмаған 60-тан астам жаңа технологияларды енгізген. Орталықта 30 мыңға жуық науқас емделіп, 15 мыңға жуық ота жасалған. Соның 70 пайызында жаңа технологиялар қолданылған. Бас-ми тамырларының патологиясы, Паркинсон ауруы, эпилепсия, бас миының және жұлын ісіктері бар науқастарға жоғары технологиялық көмек көрсету қолға алынды. «Біздің орталықтың ашылуына дейін науқастардың шетелге барып емделуіне немесе осы кеселдің ауыртпашылығына көнуіне тура келетін еді. Әлемде алғашқылардың бірі болып, 2008 жылы бас-ми ісігін алып тастау, баланы іштен жарып алу ота­лары бір уақытта жүргізіле отырып, ана мен баланың өмірін сақтап қалатын си­мультандық операцияны жасадық. Мұндай операция өмірде өте сирек кездеседі. Биыл да осындай операцияны жасадық. Қазіргі таңда осы аналар мен балалардың жағдайлары жақсы», деді С.Ақшолақов. Ал «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басшысы Абай Байгенжин Қазақстанда 2010 мен 2016 жылдар аралығында АҚШ, Қытай, Кувейт, Үндістан, БАӘ, Сауд Арабиясы, Ресей, Сингапур елдерінен келген 200-ден астам шетел азаматы тін жасушаларын қолдану арқылы нәтижелі ем-дом қабылдағанын айтты. 7-8 жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астанада медициналық кластер құрылған болатын. А.Байгенжиннің сөзіне қарағанда, осының арқасында Қазақстанда алғаш рет адам мүшесін ауыстыру және тін алмастыру операциялары сәтті қолданылуда. Соңғы үш жылда елімізде бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе және жұлынды ауыстыру бойынша мыңнан астам ота жасалған.  

Педиатрия факультеттері қайта ашылады

Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов педиатрларды даярлау мәселесін көтерді. «Бүгінде бала денсаулығын қорғау сала­сында қордаланып қалған мәселе­лер де бар. 2007 жылда медициналық жо­ға­ры оқу орындары маман даярлау­дың жаңа жүйесіне көшкен болатын. Осы­ның салдарынан педиатрия фа­куль­теті жалпы медициналық бағытқа кіріп кеткен. Енді, педиатр болу үшін резидентураны бітіру керек. Сол себеп­ті түлектер педиатрия сияқ­ты ма­мандыққа көп қызықпайды», деп түсін­дірді И.Тасмағамбетов. Ресми мәлі­­­метке сәйкес, 2012 жылы бес меди­ци­на­лық жо­ғары оқу орнында 742 педиатр даяр­ланса, 2013 – 423 педиатр, ал 2014 тек 4 адам ғана педиатр болып шыққан. «Соның салдарынан қазірдің өзінде педиа­тр­лардың тапшылығы сезіліп отыр. 2012 жылы 10 мың адамға 4 пе­диатр келсе, өткен жылы аталған көр­сеткіш үшке дейін азайды. Ал Атырау, Батыс Қазақстан мен Павлодар облыс­тарында 10 мың ауыл xалқына бір-ақ педиатр қызмет көрсетеді. Осыған байланысты қоғамда үлкен алаңдаушылық бар. Сондықтан келесі жылдан бастап медициналық жоғары оқу орындарында педиатрия факультеттерін ашуды ұсынамын. Тиісті тапсырма беруіңізді сұраймын», деді И.Тасмағамбетов. И.Тасмағамбетовтің бұл ұсыны­сына орай Үкімет басшысы Бақыт­жан Сағынтаев педиатриялық факуль­теттерді қайта құруды тапсырды. «Балалар дәрігері, педиатрларды даярлау туралы мәселелер өте орынды көтерілуде. Дәрігерлер қателігінің құны өте жоғары. Ол балаларға қатысты болса тіпті ауыр. Сондықтан ұсыныстарды қолдай отырып, барлық медициналық оқу орындарында педиатриялық факультеттерді қайта құруды тапсырамын. Келесі жылдың қыркүйегінен бастап педиатрларды даярлауға кірісуіміз қажет. Бұндай мәселелерде бізге эксперимент жасауға болмайды. Адамдар күтіп отыр. Сондықтан осы бағытта нақты жылжуымыз керек», деді Б.Сағынтаев.  

Дәрі-дәрмек жеткізу жүйесін жетілдіру керек

Үкімет басшысы жиын барысында дәрі-дәрмек жеткізу жұмыстарына қатысты да сөз қозғап, бұл жүйені жетілдіру керектігін қатаң ескертті. «Дәрі-дәрмек жеткізу ойыншық емес. Егер тендерлер уақытылы өтпесе, мұндай ұйымдардың басшыларын жұмыстан қуу керек. Оның ойында адамдардың өмірі емес, басқа нәрсе тұр. Ондай басшыларды қуу керек», деді Б.Сағынтаев. Сонымен қатар Үкімет басшысы «СК-Фармация» жұмысына соңғы кездері көп сын айтылып жүргендігін тілге тиек етті. «Барлық жұмысты қайта ұйым­дастыру қажет – олар үздіксіз, қателіксіз жұмыс жасауы керек, дәрілер әрбір нау­қасқа уақытылы жетіп отыруы керек. Мемлекет тарапынан тиісті қаражат бөлініп жатыр. Біз отандық бизнес­ке заманауи фармзауыттарды салуға жағдайлар жасадық. Қазір шетел нарық­тарына да шығып жатырмыз, дәрі­леріміз GMP стандарттарына сәйкес келеді. Бізде барлығы бар деуге болады, дегенмен шетелдік дәрілік заттарға қатысты проблема туындап жатыр», деді Үкімет басшысы. Б.Сағынтаев дәл осындай мәселе медициналық құрал-жабдықтарға қатысты да орын алып жатқандығын ескертті. «Бізде тәуір-тәуір медици­налық құрылғылар шығаратын зауыттар бар. Олардан естігенім, сатып алу жүргізілген кезде әкімдер мен біздің өзге де ведомстволар отандық өнімге емес, шетелдік аналогтарды сатып алуға асығады. Сонда өз елімізде зауыттар не үшін салынды? Оларды не үшін қаржыландырдық?», деді Б.Сағынтаев.  

«Ойдан іске көшкен жөн»

Үкімет отырысында сондай-ақ, Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев күн тәртібіне бекітілген екінші мәселе – бәсекелестікті қорғау саласындағы мемлекеттік реттеудің жаңа тәсілдері туралы баяндады. Қазақстанда ЭЫДҰ-ның стандарттарына сәйкес келетін монополияға қарсы заңнама бар, бірақ ол бәсеке­лес­тікті өз деңгейінде дамыта алмай отыр. Ведомство деректері бойынша се­беп­тердің бірі көбінесе бәсекелестіктің базалық қағидаттарына қайшы келетін салалық заңнама нормаларымен байланысты болуда. «Нәтижесінде, базалық нарықтарда бәсекелестіктің заңды негіздерде дамуы үшін жаңа субъектілердің кіруінде еңсерілмейтін әкімшілік, экономикалық, техникалық және басқа да тосқауылдар жасалған», деді министр. «Осы ретте, салалардың құры­лымын өзгертуге және бәсекелестікті дамытуға бағытталған салалық заңдарға өзгеше «ревизия» жүргізу» қажет. Алайда, мұнда базалық салалардың реформалануы талап етілетіндіктен, бұл жұмысты біртіндеп жүргізу қажет», деді Қ.Бишімбаев. Ұлттық экономика министрінің баяндамасына Премьер-Министрдің көңілі толмағандай. Сөйтіп Ұлттық экономика министріне ескерту жасады. Үкімет басшысының айтуынша, министр өзінің баяндамасында жалпы барлық мәселені қамтыған, алайда, шешімнің қажеттілігіне қатысты «бәлкім, пісіп-жетілген шығар» дегендей кібіртіктеуі ұнамаған. «Пісіп-жетілді ме, жоқ па, көп ойланбай, әрекет ету керек. Мемлекет басшысы Үкіметке еркін дұрыс бәсекелестікке жағдай жасауды және монополияға қарсы органның қызметтерін күшейтуді тапсырды, бұл орындалды, сіздерге барлық өкілеттік берілді, сіз бүгін ЭЫДҰ стандарттары бойынша жұмыс жасап жатқандарыңызды баяндадыңыз, ендеше әрекет етіңіздер. Анық нәрсені айтып тұрсыз, көмірге қатысты мәселе бар дейсіз, мұны бүгін ғана білдіңіз бе? Әлде электр энергиясы бойынша жағдай осындай екенін бүгін ғана білдіңіз бе? Бұл баршаға мәлім, шаралар қолдану қажет», деді Б.Сағынтаев Ұлттық экономика министріне.  

Дауыл зардабы Үкімет назарында

Айтқандай, Үкімет отырысында жоғарыда айтқан күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге көшпес бұрын оңтүстік өңірлерде орын алған қатты дауылдың зардабына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жайы да қаралды. Мәселен, 3 қараша күні екпіні секундына 30 метр жылдамдыққа жеткен қатты жел тұрып, соның салдарынан Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Шу аудандары зардап шеккен еді. Табиғи апаттан инфрақұрылым нысандарына зақым келіп, бірнеше аудан жарықсыз қалған. Қатты жел ғимараттар мен үйлердің шатырларын жұлып әкеткен. Үкімет басшысы бұған дейін облыс әкімдері мен тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына шұғыл тапсырма берген болатын. Міне, осы мәселеге байланысты жұмыстар қалай атқарылып жатқаны жөнінде Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерінен сұралды. Олар бүгінде дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Өз кезегінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев әкімдерге дауылдың салдарынан орын алған мәселені жіті бақылауға алып, тиісті жұмыстарды жүргізуді тағы бір тиянақтауды тапсырды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»