09 Қараша, 2016

ОҚО-да көрмесурет галереясы салынады

337 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев суретшілерді қолдау, өнерін насихаттау, пікір алмасу, сондай-ақ, осы бағытты дамыту мақсатындағы ұсыныстарды талқылау мақсатында облыстық бейнелеу өнері музейінде болды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. Онда аймақ басшысы Суретшілер одағының мүшелерімен кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, жиынға ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ресей, Қырғызстан Көркемөнер академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ерболат Төлепбай қатысты. Шығармашылық өкілдерінің жұмысын тек жергілікті деңгейде ғана емес, халықаралық дәрежеде көрме ұйымдастыру арқылы өткізу керектігін айтқан әкім облыста заманауи талаптарға сай жаңадан Оңтүстік Қазақстан облысының көркемсурет галереясының салынатынын жеткізді. «Оңтүстік Қазақстан облысының көркемсурет галереясын салу туралы тапсырма бердім. Өйткені, сурет күтімді талап етеді. Маманданған жаңа ғимарат салынған соң, күн тәртібіндегі мәселелер өз ретімен шешімін табады деп ойлаймын. Сондай-ақ, мұнда шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, симпозиум өткізу жайын қарастыратын боламыз», - деді Ж.Түймебаев. Айта кету керек, 2009 жылы суретшілерге қолдау көрсету, олардың шығармашылығын насихаттау мақсатында ашылған Көркемсурет галереясының жанынан 2015 жылы жаңа заманауи тұрғыда қосымша ғимарат салынып, нысан өз алдына «Бейнелеу өнері музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны ретінде қайта құрылған болатын. Бүгінгі таңда, мұндағы шығармашылық туындыларының жалпы қоры 1015 дананы құрайды. Оңтүстік өңірде Қазақстан Суретшілер одағының 88 мүшесі бар болса, оның 2-уі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, 1-уі ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 15-і «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері.