09 Қараша, 2016

Елбасыға «Хиросима қаласының Айрықша құрметті азаматы» арнайы атағы берілді

342 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Салтанатты шара барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне «Заман-ай» әні орындалды. Жиында сөз алған Хиросима қаласының мэрі Казуми Мацуи Елбасының 1991 жылы Семей сынақ полигонын жабу туралы шешім қабылдауы, бүгінгі күнге дейін ядролық қарауды таратпау және қарусыздану бағытында көтерген  бастамалары бүкіл әлемге үлгі болғанын атап өтті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық қарусыз әлем құру» идеясын көтерген Президент ретінде халықаралық қоғамдастықта үлкен рөлге ие болғанын атап өтті. «Хиросима қаласының құрметті азаматы» 1962 жылы бекітілді. Бұл марапат дәстүрлі түрде қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға және қала имиджін мемлекет ішінде ғана емес, шетелде де көтерген белгілі бір азаматтарға беріледі. Күні бүгінге дейін бұл атаққа 20 Жапония азаматы лайық деп танылған. Олардың ішінде дүниежүзіне белгілі жапон дизайнері Иссэй Миякэ мен танымал атақты балерина Йоко Морисита да бар. 1963 жылдан бастап, осы қалаға келген, Хиросиманың қатысуымен халықаралық ынтымақтастықтың дамуына елеулі үлес қосқан беделді шетелдік қонақтарға «Айрықша құрметті азамат» атағы тағайындалды. Бұл марапатқа ие болған 36 азаматтың арасында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, одан бөлек, әртүрлі қалалардың мэрлері, Хиросимада ірі халықаралық жарыстардың өтуіне ұйытқы болған түрлі спорттық федерациялардың басшылары бар. Ал күні бүгінге дейін бірде бір шетелдің мемлекет және  үкімет басшыларына мұндай  марапат берілмеген.  Нұрсұлтан Назарбаев - Айрықша құрметті азамат» арнайы атағына лайық деп танылған бірінші Президент. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Хиросима