09 Қараша, 2016

Оңтүстік Кореяда Елбасы туралы кітаптың тұсаукесері өтті

289 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бүгін Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында Махмұт Қасымбековтің корей тілінде жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» деп аталатын кітабының тұсаукесері болып өтті, деп хабарлайды egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы елге ресми сапарының қарсаңында, Қазақстан басшысына Философия құрметті докторы ғылыми дәрежесі берілу рәсімі болады деп күтіліп отырған Ёнсе университетінде өтті. Ёнсе университеті - Кореяның байырғы жоғары оқу орындарының бірі. Ол 1885 жылы ашылған. Қазіргі кезде Ёнсе университеті осы елдегі үш жетекші университеттердің қатарына кіреді. Оның құрамында 17 колледж, 121 факультет және 18 зерттеу институты бар. Ёнседе 50 мыңнан астам студенттер білім алады. Тұсаукесерге Қазақстан тарапынан кітаптың авторы Махмұт Қасымбеков, Корея Республикасындағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Дулат Бақышев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Асқар Бейсенбаев, ҚР Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары Бақытжан Темірболат, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Қазақстандағы корейлер қауымдастығының вице-президенті Герман Ким қатысты. Корея тарапынан Ёнсе университетінің Президенті Ким Йонг Хак, «Синчхон Северанс» клиникасының бас директоры Ли Бён Сок, Чонджу университетінің президенті Хан Янг Су, Корея қоршаған орта қауымдастығының президенті Чой Бюн Вхань, Ёнсе университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер, сарапшылар, журналистер қатысты. Т Қазақстан Президенті туралы өмірбаяндық кітап бұдан бұрын қазақ, орыс, ағылшын, араб, неміс, венгр, серб тілдерінде жарық көрген болатын. Бұл кітапты Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызметін ресми тарихи-ғұмырнамалық зерттеудің алғашқы тәжірибесі деуге болады. Мұнда оның қарапайым ауылдағы жасөспірім кезінен бастап, ұлт көшбасшысына дейінгі өмір жолы баяндалады. Басылымда басты назар Н.Ә.Назарбаевтың саяси өмірбаянына аударылған. Кітапта фотосуретпен безендірудің бай материалдарымен бірге, жеке құжаттардың түпнұсқаларымен теңдес көшірмелері алғаш рет ұсынылады. Ал мұның өзі оқырманның суреттелетін оқиғалар ауанына толығырақ қанығуына септігін тигізеді. Бұл басылымға оның авторы Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, саяси ғылымдар докторы, профессор Махмұт Қасымбеков екені туралы дерек ерекше құндылық береді, ол көп жылдар бойы мемлекет басшысының тікелей қарамағында қызмет атқарып, президенттік институтты зерттеумен кәсіби тұрғыда айналысып келеді. Оның ғылыми және шығармашылық қорында президенттік институтқа, Н.Ә.Назарбаевтың саяси қызметіне арналған ғылыми монографиялар, оқу құралдары, көп томдық басылымдар, публицистикалық жинақтар, көптеген мақалалар бар.