10 Қараша, 2016

«Алматы Тауэрстегі» өрт себебі анықталуда

383 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Алматы Тауэрстегі» өрттен қаза болғандардың отбасыларына 3 млн теңгеден материалдық көмек көрсетілмек. Қайғылы оқиға орын алған ғимаратқа келген қала әкімі Бауыржан Байбектің алдында жасаған мәлімдемесінде «Алматы Тауэрс» басқарушы компаниясының өкілі Әблімит Рахматуллаев осылай деді. Қаза болғандарға көңіл айту білдіріп, олардың отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырған қала әкімі «Қазіргі кезде оларға барынша үлкен көмек көрсетіп, жерлеу мен оған кететін шығындар мәселелерінің барлығын шешу қажет. Ешкім назардан тыс қалмасын. Комиссия барлық тексеру жұмыстарын ашық және жариялы түрде жүргізеді. Қысқа мерзім ішінде толық есеп берілуі тиіс», деп атап өтті. «Алматы Тауэрс» басқарушы компаниясының өкілі өз кезегінде  өрт кезінде қаза болғандардың от­ба­сыларына бүгіннен бастап ма­териалдық көмектің берілетінін айтты. «Осы қайғылы оқиға барысында мерт болғандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Біздің компания бас­шылығы барлық қайтыс бол­ғандардың отбасыларына 3 млн тең­геден қаржылық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Бұл төлем­дер бүгіннен бастап беріледі»,  деді Әблімит Рахматуллаев. «Батутный центр» ЖШС директоры Дәурен Тұяқов жерлеу рәсіміне көмек көрсетіп, зардап шеккендерге өтемақы төлейтіндіктерін жеткізді. Қаза болған студенттер оқыған жоғары оқу орындары да мате­риалдық көмек көрсететін болады. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Серік Әубәкіров өрттің шығуына қатысты қайғылы оқиғаның дәнекерлеу жұмыстары барысында қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан немесе апатты жағдайдағы электр қондырғыларынан болуы мүмкін деген екі болжамның қарастырылып жатқандығын айтты. Сондай-ақ, Алматы қаласы ІІД бастығының орынбасары Ізба­сар Бектұров қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ