10 Қараша, 2016

Данат есімді дарын

422 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
danat-1-4Ә.Ермеков атындағы республикалық олимпиадада топ жарды Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры Әлімхан Ермековтің 125 жылдық мерейтойы аясында Қарағанды қаласында ұйымдастырылған математикадан Ә.Ермеков атын­дағы республикалық олимпиаданың жабылуы мен жеңім­паздарды марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Шәкірттер сайысы Қарағанды мемлекеттік техни­калық универ­ситетінің ғимаратында өткізілуінде де мән бар. Техникалық білімнің алтын ұясында кезінде Әлімхан Ермеков ұстаздық қызметпен шұғыл­данған. – Әлімхан Әбеуұлы біздің уни­верситетімізде сталиндік қуғын-сүргін кезеңінде, әйгілі 58-бап бо­йын­ша лагерьде отырып келгеннен кейін еңбек еткен, – деді ҚарМТУ-дың ректоры, академик Арыстан Ғазалиев. – Ол өзінің сенімі үшін жазықты болған адам еді. Біле білсеңіздер, Қазақстанның қазір жер көлемі бойынша әлемдегі 9-шы ел болып отырғаны – сол кісі­нің арқасы. Әлбетте, ол кісінің ғылымға сіңірген еңбегі де орасан. Қазақ тілінде жазылған тұңғыш математика оқулығының авторы. Сол кітаптың бір данасы қазір ҚарМТУ мұражайында сақтаулы. Ермековтер әулетінен 4 ғылым докторы, 3 академик шыққан. Олар да атақты ғалымдар, Қазақстан үшін көптеген игі істер тындырған тұлғалар. Олимпиадаға еліміздің барлық облыстарынан 8-9 сыныптарда оқитын 115 дарынды жеткіншек қатысты. Екі тур бойынша өткен бәйгеде жас математиктер күрделі математикалық есептер шешу бәсекесіне түсті. Сонымен қатар, білім сайысының шеңберінде оған қатысушылар үшін мәдени-сауық бағдарламалары мен тренингтер ұйымдастырылды. Ә.Ермеков атындағы білім додасының түпкі мақсаты оқу­шылардың шығармашылық қабілетін дамыту, практикалық дағ­дылары мен теориялық білім­дерін тереңдету, дарынды балаларды анықтауға жағдай жасау, оқушыларды математикадан халықаралық жарыстарға дайындау, сол арқылы еліміздің білім дәрежесін көтеру болатын. Олимпиаданың жабылу салтанатында жеңімпаздар мен жүл­дегерлер медаль-дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапат­талды. Гран-при жүлдесіне Ас­тана қаласы қазақ-түрік ли­цейі­нің 12 жасар оқушысы Данат Дүй­сембеков ие болды. Оған Қа­рағанды облысының әкімі Нұр­­мұхамбет Әбдібеков арнайы тағайындаған 250 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Сонымен қатар, жүлделі орындар­ды еншілеген 12 шәкірт пен белгілі ғалымдар атындағы арнайы сый­лыққа ие болған балаларға да бағалы тартулар жасалды. – Осы олимпиаданың өтетіні туралы кештеу естідім де, дайын­дыққа уақытым аз болып қалды. Сонда да келіп қатысып, жеңімпаз атанып отырмын. Бұл білім сайы­сы маған ұнады: тапсырмалары қызықты, бәсекелестерім де мық­ты екен. Жүлдеге алған қара­жатты ата-анама апарып беремін, мүмкін маған ноутбук алып бере­тін шығар, – дейді қаршадай дарын. Елімізде өскелең ұрпақтың ынтасын оятып, ертеңгі күн­нің игілігіне қызмет ететін тағы бір бастама өмірге келді. Олим­пиаданы ұйымдастырған Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-тәжі­рибелік орталығы, Қарағанды об­лысының жастар саясаты мәсе­лелері жөніндегі басқармасы өкіл­дерінің айтуынша, бұл бастама енді жыл сайын өткізіліп, дәстүрлі білім бәйгесіне айналмақ. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ