10 Қараша, 2016

Оңтайлы онлайн-қызмет

333 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше отандық бағдарлама жасаушылар Қазақстанда тіркелген кез келген тауарды жалға алуға мүмкіндік беретін жылдам әрі ыңғайлы «Forent» атты мобильдік қосымшаның тұсауын кесті. Ол қажетті затты табуға ғана емес, тауарды ақшаға жалға беруге мүмкіндік береді. Жоба мақсаты – қолданушы үшін түсінікті және ыңғайлы отан­дық қосымшаны жасап шығару болатын. «Forent» бағдарламасын жасаған Олжас Мұқатаевтың айтуын­ша, бұл қосымша алдағы уақытта өмірді айтарлықтай жеңілдетеді. – Қазіргі экономикалық жағ­дайды ескере отырып, біз шығыны аз, мүмкіндіктері шектеусіз балама ұсынып отырмыз. Біздің көздеген мақсатымыз – осы қосымшаның негізінде кез келген техниканы, автокөліктерді, әдеби кітаптар мен ойын-сауық құралдары, той көйлегі сияқты тауарларды қолжетімді ету. Жаңа онлайн қызмет, әсіресе, жасырын таланттарды ашуда пайдалы болмақ. Мәселен, сіз фотосурет немесе басқа да бір өнерде өз қабі­летіңізді сынап көргіңіз келді, алайда кейін бұған ықыласыңыз азайды делік. Ал несиеге немесе үлкен ақшаға сатып алған кәсіби фотоаппаратыңыз үйіңізде шаң басып жатады. Мұндай жағдайда біз клиентке техниканы жалға алуды ұсынамыз, егер сіз бұл іс қолыңыздан келмейтіндігіне көз жеткізсеңіз, оны еш қиындықсыз қайтарып бере аласыз. Сол сияқты шығармасын, бастамаларын насихаттап, таныстырғысы келетіндер проекторға, интерактивтік тақтаға және басқа да қажетті техникаға оңай тапсырыс бере алады. «Мәселен, тауарды уақытша пайда­ланғысы келетіндер қосым­шаға тіркелмей-ақ, оның бүкіл мүмкіндіктерін пайдалана алады. Керісінше, егер қолданушы қандай да бір тауарды жалға бер­гісі келсе, онда ол жаңа қол­данушы ретінде тіркеуден өтуі қажет. Біз қосымшаға тіркелген акаунтқа жалға алуға дайын 100 бірегей клиентті сыйлыққа автоматты түрде бере отырып, 100 қоңыраудан кейін келісім арқылы комиссия алатын боламыз», дейді жоба авторлары. Бүкіл басқа шешімдерден бұл сервистің негізгі айырмашылығы – жалға берушілермен келісім-шарт жасау – қауіпсіз болмақ. Яғни, қол­данушының жалға беру тарихы толығымен жазылып, сондай-ақ қолданушылар өз бағалары мен пікірлерін қалдыра алатын болады. «Біздің еліміздегі тауарларды жалға беруге арналған онлайн бизнес саласында қазір еш­кім қызмет жүргізіп отырған жоқ деуге болады. Бұл бірегей жоба тұтынушылардың көңілінен шы­­ғады деп сенемін. Алдағы уа­қытта Астана, Алматы, Қара­ған­ды, Шымкент, Павлодар, Ақ­тау, Ақтөбе және Орал секіл­ді қалаларда қызметімізді кеңей­ту жоспарда бар. Келесі жылы мобиль­дік қосымшаны ТМД на­ры­ғына шығаруды жалғас­тыра­мыз», – дейді «Forent» мобильдік қосым­­шасының инвесторы Дәуіт Шайхислямов. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ