10 Қараша, 2016

Қамқорлықтан қағажу емес

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Денешынықтыру және спорт басқармасының бөлім жетекшісі Серік Қасымовтың айтуынша, сол­түстікқазақстандықтардың 28,2 пайызы 2700-ге жуық спорт нысандарында жаттығады. Облыста 9 қысқы спорт түрі бойынша 99 жаттықтырушы жұмыс істейді. Сол сияқты 13 ауданда, К.Байболов атындағы балалар және спорт мек­тебінде, дарынды балаларға арналған мамандандырылған спорт мектеп-интернатта, мүмкіндігі шектеулі жандар топтасқан «Үміт» клубында, «Қарасай батыр» стадионында спорт нысандары қысқа уақтылы әзір етілген. Жер-жерде құрылған 142 оқу-жаттығу топтарында 1500-дей адам денелерін үзбей шынықтырады. Жобалық құны 3 миллиард теңге болатын спорт сарайының пайдалануға берілуі арқасында шаңғы, коньки тебумен айналысушылар қатары көбейген. Мұнда жеңіл атлетикалық манежбен қатар 1 мың адам тамашалайтын жабық мұз айдыны бар. Шайбалы хоккей, коньки, шорт-трек, тағы басқа спорт түрлерімен алаңсыз айналысуға мүмкіндік тудырылған. Бұған дейін лайықты жаттығу алаңы болмағандықтан, «Құлагер» хоккей командасы Теміртаудың, Көк­шетаудың мұз айдындарын жалға алуына тура келетін. Енді, міне, жар­қыраған мұз айдыны құйылып, петропавлдық жанкүйерлер сүйікті командасының жаттығуларын да, ел чемпионатындағы ойындарын да еркін тамашалай алады. Нәтижесі қандай дейсіз ғой? Тамаша! Ел бірін­шілігінде үшінші орынды иеленіп, Қазақстан Кубогын ұтып алды. Бір жылдың ішінде осындай биік белеске көтерілу – сирек кездесетін құбылыс. Соңғы екі жылда 4 спорттық-сауықтыру орталығы, 192 хоккей корты, 370 шағын және үлкен футбол алаңы тұрғызылып, материалдық-техникалық база жақ­сара түсті. Алдағы уақытта облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жабық үлгідегі футбол кешені салынып, жас футболшылар қыста да шеберліктерін шыңдайтын болады. Қысқы спорт түрлері бойынша 70 жерлесіміз ел құрамасына енген. Бүгінгі күні жергілікті спорт­шылар алдағы ірі додаларға қызу дайындалуда. Келесі жылы Алматы қаласында өтетін қысқы Универсиадаға 9 жерлесіміз қатысып, конькимен жүгі­руден және шаңғыдан ел намысын қорғайды. Біз тірек-қозғалыс аппараты, көру және есту органдары за­қым­данған кембағал жандарды бірік­тіретін «Үміт» спорт клубында болға­нымызда, қысқа жан-жақты әзірлігін байқадық. Жаттығу залдары мен шешінетін бөлмелер жылы әрі кең. Шағын футбол, футбол, пауэрлифтинг, спорттық қол арбамен жарыс, шаңғы жарысы, жеңіл атлетика, дартс, жүзу үйірмелері жұмыс істейді. Ең бастысы, мұнда өмір сүруге деген ерекше ахуал орныққан. Мемлекет қам­қорлығының арқасында мүгедек спортшылар биік жеңістерден көрініп жүр. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы