10 Қараша, 2016

Шекарада туған шарана

296 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
shekaraӘдетте адам өмір есігін перзентханада ашады. Кейде ұшақта да, кейде пойызда да өмір есігін ашып жатады. Бірақ, мұндай жайт ілуде бір кездесетін болар. Ал өзге мемлекеттен туған елге өтер шекарадан таяқ тастам жерде өмірге келсе ше?.. Атырау мен Астрахань – ежел­ден қоңсы отырған өңірлер. Қос өңірдің арасын Қиғаш өзені ғана бөліп жатыр. Бұрын осы өзен арқылы пароммен ғана қатынау мүмкін болса, қазір шекарадағы су айдыны үстінен екі ел бас­шы­ларының қолдауымен салынған көпір бар. Екі елге қатынауды жеңілдеткен достық көпірінен әрі өтсеңіз, Ресейдің Астраханына көлікпен лезде жетесіз. Астрахань тұрғындары да Атырауға жиі келеді. Бірақ, әр адам алдында не күтіп тұрғанын болжай алмайды ғой. Биылғы күзде Атырау облысында тұратын бір отбасының отанасы әлдебір шаруаларымен Астраханьға барған екен. Елге қайтар жолда көлік апатына ұшыраған. Жол апаты Ресей жағы­нан шекараға 40-50 метрдей қал­ған тұста болған. Жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. – Көлік апатынан жарақат алғандар Красноярь аудандық ауруханасына шұғыл жет­кі­­зі­л­ді. Жас әйелге ота жасалды, – деп әңгі­ме­леп берді Краснояр аудандық әкімшілігі ұлтаралық ке­лі­сімді қамтамасыз ету, жастар ісі және қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынас бөлімінің бастығы Александр Подгоров. – Дәрігерлер жүктіліктің соңғы айындағы отанасын шұғыл босандыруға кірісті. Ота сәтті жасалып, өмірге қыз бала келді. Алайда... шекарада шыр етіп жарық дүние есі­гін ашқан сәби анасымен бірге 6 күн жат­қан. Елге оралар сәтте анасы қызының Қазақ­стан­ Республикасының азаматы атанғанын қалай­ты­нын айтыпты. Бірақ сәбиді өмірге келгенін растай­тын туу туралы куәліксіз шекарадан өткі­зу мүмкін емес. Заң талабы солай болуы керек. Тиісті құжаттар жасақтау көп уақыт алады. Бұрын мұндай тосын оқиғамен бетпе-бет келмесе де, қол ұшын созуға ұмтылған Краснояр ауданының басшысы Нұрғали Байтеміров еліміздің Астрахань қаласындағы консулдығына хабарлапты. Қазақстан Республикасының Астраханьдағы консулы Асхат Сыздықов пен оның орынбасары Бекжан Әліқұлов шекара тү­бін­де өмірге келген сәби­дің елге аман-есен жетуіне көме­гін де, қолдауын да беріпті. «Консулдық қызметкерлері көзді ашып-жұмғандай қысқа уақытта, дәлірек айтқанда, 2-3 сағаттың ішінде жаңа туған сәбиге қажет­ті құжаттарды жасақтады. Құжат­тары қолға тигеннен кейін анасы құндақтаулы сәбиімен туған еліне оралды», дейді арнайы көлікпен біздің отандастарымызды үйіне дейін жеткізіп салған Александр Подгоров. ...Әдетте ел мен елдің арасын­дағы байланыс­тың экономикалық, іскерлік, әріптестік бағытта өрби­тіні даусыз. Алайда, өзге мемлекетте тұрса да, көршілік хақы ғана емес, адамдардың бір-біріне деген сыйластығы мен құрметі әлі де үзілмегеніне көз жете түсті. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ – АСТРАХАНЬ – АТЫРАУ