10 Қараша, 2016

Баланы ұлттың бағына балаған

567 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
erekeshov-a-eАдам өмірі – аққан су, сәт сайын жылжыған уақыт тәрізді уыста ұстап тұра алмайтын мына фәниде еш тұрлауы жоқтай көрінгенімен, егер өлшеулі уақыты мәреге жетіп, бақиға аттанғанда артында өшпейтін із қалып, оны жалғастырушылар қатары құрғамаса, онда солай кешкен өмірді тұрлаусыз деп атауға болар ма екен, сірә. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор Әбубәкір Ерекешов сондай жан болатын. 10 қараша балаларды ұлтының бағына балаған дәрігердің туған күні. Тірі болғанда 70 жасын атап өтіп, жақындары мен әріптестерінің алдында мерейленіп отырмас па еді. Бірақ «Ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Әбубәкір Ерекешовтің өмірлік ісі дәрігерлік жолына арналған «Балалар хирургиясы, педиатриясы және травмотология-ортопедияның өзекті мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, саланың көкейкесті әңгімелері айтылып, ой қорытылады деп күтілуде.    Алғашқы кездесу Әбубәкір Ерекешов. Бұл кісіні ақ халатсыз көрмеппін, сондықтан өзгеше бейнеде еш елестете алмаймын. Екі иығына екі кісі мінгендей, зор тұлғалы, қазақтың маңдайы кере қарыс аптал азаматымен оның 60 жыл­ды­ғы қарсаңында редакция тапсырмасы бойынша кездескен болатынмын. Алды адамнан құрғамайтын, қай-қайсымен де байыппен сөйлеп, өзінен кіші жас әріп­те­сіне, әлде шәкіртіне «балам» деп бірнәрсені түсіндіріп тұр­ғанын естіп қалдым. Ка­би­нетіне әлі кіргенім жоқ, дәліз­де ауру баласын жетектеген ана және болашақ мақаламның кейіп­керімен танысуға келген мен дәрігердің алдының босауын күтіп тұрмыз. Ашық есіктен жап-жайлы қоңыр дауысты, үлкен кісінің, жоқ, ағаның, әкенің, атаның дауысы шығады. Жа­нымда дәрігерге кіремін деп қорқып тұрған баланың жүзі жа­дырай бастады. – Апа, дей­ді бала­қан – қазір мына кабинеттегі атаға кіреміз бе? – Иә, балапаным, сол кісіге, мықты дәрі­гер дейді, сен әлі-ақ жүгіріп кете­сің, бұл ата талай баланы құлын­шақ­тай ойнатып жіберген, сенде солай боласың. Журналист үшін, жазамын деген адамның, үлкен дәрігердің па­циентін қалай қабылдайтынын оп-оңай жолмен көру қандай баға жетпес олжа, бұрын келсем де, әрі аяғын баса алмайтын баласы бар ананы күттіруді обалсынып: «Сіздер кіре беріңіздер, мен күте тұрамын», дегем. – Шырағым, дейді мақала­м­ның болашақ кейіпкері. – Баланың ауруы жазатайымнан немесе жүре пайда болған емес, туа бітті дерт. Оның болу себеп­тері де түрлі: ішімдікке бой ұрудан, жүкті кездегі әлдеқалай бір аурудың факторынан туған патология. Солай болғандықтан, бала­ның бұлшық еті дамымай жатыр, сол себепті де буын қай­ы­­ры­лып кеткен. Қырық жыл­ғы дәрігерлік тәжірибемде мұн­даймен кездескен емеспін. Егер ота жасауға келіссең, аяқты қа­лып­­ты градусқа бұруға болады, ал бірақ бұлшық етке жасар қайранымыз жоқ. Балаға мүгедектік алуға керекті қағаз­дарды берейік, есігім ашық, көріп тұрсың ғой, деді. 12-13 жас­тағы ауру баласын сүйей сыртқа шыққан ананы есікке дейін шығарып салған дәрігер дәлізде күтіп тұрған менімен амандасты. Келген жайымды айттым. Күндікке көзіммен көріп, құл­а­ғыммен естігендерім бұл кі­сіге деген құрметімнің шегін ұлғай­тып, мейірімді нұр төгі­л­ген жүзіндегі жылылық жү­ре­гіме соншалық бір жайлы тиіп, аз ғана сәтте абзал аға­мен тез арада байырғы бір таныс­тар­дай әңгімелесіп кеттік. Аға Қызылорданың Аралында туып-өсіпті. Жары Раушан апай­­мен медицина институтын­да бірге оқыпты, ұлдары бар, келіндері, немерелері бар, даярлаған шәкірттері бар, өзінің де қазақ­тың Камал Ормантаевтай айтулы азаматының алдын көрген шәкірт екенін тез арада біліп алдым. – Мен өзі күй тал­­ғамайтын адаммын, соған бағып бірнеше жыл Алматыдан көшіп келген соң студенттер жатақ­ханасында тұрдым. Түс болып қалыпты, қазір осы бөлмеде шай ішеміз, дастарқанымыз бай емес, қазір бірге шай ішетін әріптестерім келеді, деген. Әлі де білгім келетін жайттар көп болғандықтан әріптестерінің келетініне қуанып қалдым. Бөлімде бірге қызмет істейтін, Әбу Ерекешұлының (елдің бәрі Әбубәкір Ерекешұлы деп емес, қысқа ғана осылай атайды екен) 2 дәрігер кірді. Шай үстіндегі айтылған әңгімелер де бірыңғай жұмысқа қатысты, арасында кеңесіп, ақылын айтып отырған Әбу аға әріптес шәкірттерін өте еркін ұстайды екен. Жеңіл шай дастарқанынан жедел тұрған дәрігердің уақытын алмауым керек деп, шай үстінде барлық ойымды жинақтап алған мен: – Аға, уақытыңыз тым аз екенін көріп тұрмын, маған өз аузыңыздан айтылған мына тұстардағы ой­ла­рыңыз керек еді дегеніме. – Қарағым, түсінгеніңе көп рахмет, қазір түскі сағат 3-те кафедра оты­рысы, соған дейін 50 минуттай уақытым бар, шетінен қоя бер сауалдарыңды, деген.   Күнделіктегі сырлар Әбу аға күнделік жазыпты. 09.10.2008 жыл. «Асаудай асыр салып жүрген Сырдың тентегі едім, ауруханаға келуге мәжбүр болдым. Өткен 62 жылда осымен ауруханаға үшінші жатуым» деп басталатын күнделік 19.08.2011 жылы «Бұл күні диспансерге жатып, бірінші химиятерапиямды алдым. Жақсы көтердім, деп барып соңынан, 27.08 күні үйге шықтым, үйге келгесін кешеуілдеген реакция болды, дәрі іштім. 04.09.11 ж. Асекжанымның туған күні соған балаларым, немерелеріммен «Аққайың» демалыс аймағына барып кешке дейін қыдырдық, демалдық, жақсы көңіл күйде оралдық деген жазбада үзіліп, кейін басқа адамның жазуымен: «Мұнан соң 2-ші, 3-ші химиятерапияны, онкология институтында екі ай сәулемен ем қабылдады. Санкт-Петербург қаласында емделген болатын, бірақ күнделік жалғастыратын әкелеріңнің көңіл күй, болмады» деген Раушан апайдың жазбасымен аяқталыпты.   Әріптестер, шәкірттер 29.05.2006 жылы жазыпты. «Субординаторлардың бәрі мем­лекеттік емтиханды «5» деген бағаға тапсырды. Міне, жылдық еңбектің жанғаны, одан басқа ұстазға бақыт бар ма. Студенттерімді ерекше жақсы көремін, талантсыз студент болмайды, ал талантсыз ұстаздар аз емес. Андрей Александрович пен Бақыт Мұратұлына рахметімді айтып, жыл бойы кейігеніме кешірім сұрадым. Келесі жылға үлкен талаптар қойдым». Иә, сол жолғы кездесуде Әбу Ерекешұлы балалар хирургтерін даярлаудағы бір қызық әдісі бар екенін де айтқан болатын. Ол – кәдімгі үйірме жұмысы. Соның әрбір отырысын осы жолы қалай өткіземін, не көрсетіп, қызықты етемін деп дайындаламын. Сонда оның берері мол болады. Шүкір нәтижесіз емеспіз, студентеріміз жылда жүлделі орындарды бермейді, биылғы конференцияда үйір­ме жұмысын бағалағанда Мәскеу­мен екінші орынға тайталастық деген еді. Өзінің аузынан тастамайтын ұстазы – Камал Ормантаев­ты үлгі еткен Әбу Ерекеш­ұлы академиктің батасын алып, Сары­арқаға көшінің бетін бұрғанда еліміздің ордасын­да «Ерекешов мектебін» қалып­тастырамын деп ойлады ма білмеймін, бірақ ол кісі­нің осы жолда аянбағаны шын­дық. 30 дәрігердің доктор­лық, кандидаттық диссертацияларына жетекшілік етіп, 14 ғылыми еңбек, 50 өнертабыс авторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбу Ереке­ш­ұлының ұлтына, әріптес­теріне, шәкірттеріне, емдейтін бала­ларға, отбасы мен достарына, тіпті маңайындағы жүрген барша жанға деген пейілі үстіндегі киген халатының тү­сіндей аппақ болса, ұстазы жайлы: «Түзулікке келгенде ту­ра­лыққа қиянат жасамайтын, тұ­щы етіңе ащы таяқ тигендей айтып тастайтын, сол кездегі мінезі әншейінде балалар мен оның ата-анасымен сөйлескендегі дауысына мүлде ұқсамайтын. Бірақ, сөз естіген адам да ренжи алмайтын, ақиқатын мәймөңкеге салмай турадан кесетін үлкен жүректі жанның арғы жағының жұмсақ, түптеп келгенде өзіне жаны ашитынын, сол ретпен жеріне жеткізе айтатынын айқын ұғатынсың» дейді шәкірттерінің бірі Бақытжан Тәжібай.   Достар жайында Әбу ағаның достары көп болған. Тағы да күнделікке жүгінейік. «II топты 9 ұл, 2 қыз бітірдік. Соған 40 жылдай уақыт болыпты. Зымыраған уақыт біздерді ырқына көндіре бастапты-ау. Шіркін, табиғат заңы. Бір-бірімізді көргенде жасымызды ұмытып, балаң жігіт қалпымызға қайта ораламыз» деген аға студенттік достары – Махметжан Көмеков, Раушан Тауашева, Зоя Ермолова, Балташ Шыныбаев, Мамыр Мәмеков, Жәкен Байсалов, Виктор Коротков, Сауытбай Дүйсенбаев, Жарылқап Бек­жа­нов­­тан жүрекжарды жылы сөз­д­ерін аямайды, табыстарына қуа­нып, бәрінің істеп жүрген тірлігіне адамның көңілі тояды, деп қояды. Әбу аға үшін өмір жолында жанына жақын балаған әрбір жан қымбат. Күнделіктің мына жерінде Қапан ауырып қалыпты деп қиналса, енді бір жерде жақын жолдасым Мерген қайтыс болды, 8 жыл өткен соң Сәруар достан айрылдық, соңында 20 күн өтпей жатып Әнуарымнан айрылдық деп аһ ұрады. Әбу ағаны тани түсуіме оның күнделігі көмекке келіп, сыртқа шығарған жан сыры, көзі тірісінде де мықты ғалым-дәрігерді, адамгершілігі биік парасат иесін көңіл төрімнің ең биігіне шығарып, биік тау тұлғасын одан сайын биіктете түсті.   Отбасы Раушан апай. Иә, бірге оқыған Раушан Тауашева ғой. Өмірлік таңдаған жары. Асылжаны мен Уәйісінің, ғұмыры ерте қиылған Әнуарының анасы. Әбуі дертке шалдыққанда қасынан бір елі кетпей, жаны бірге қиналған, жарын жоғалтқанында жаны жылай тұра балаларына сүйеу болған Раушан. Сыңарынан жылай айрыл­ған Раушан апай жалғыз емес, қасы мен қабағына қараған қос ұлының, қос келіні мен немере­лерінің, Әбуінің көзі тірісінде сыйласқан барша жақсы жандар­дың қадірлісі, құрмет­тісі. «Манирам келгелі жолым бола бастады. Мемлекеттік сый­­лық­ты алуым «қойшының таяғы­нан, келіннің аяғынан» дегендей. Өзімнің баламдай, ақжарқын, Асылжанымнан гөрі Манирамен сырласасың. Алғашқы немерем –Аянымның анасы осы Манира» деген аға Уәйісінің серігі Жұл­дыз жайында: «Жұлдыздың маң­дайы ашық, жүзі жылы, аз уақыт­тың ішінде өз қызымдай болып кетті. Көпбалалы отбасынан шыққан. Жақында Анас құданың 60 жылдығына «Баршынға» Раушан екеуміз барып қайттық. Өте керемет адамдар екен, құшақ жайып қарсы алды. Тағы да төбеміз көкке бір елі жетпеді» деп жазып кеткеніндей екі келіннің де ата-аналары – құдаларымен сыйласып өмір сүріп жатыр. Жанын жабырқататыны, атасы жақсы көретін немерелері – немерелер ішіндегі төлбасы – Аяны, атасының «монтиы» – Әлімбайы, Бәтөгі – Батырханының, жаны­ның жапырақтары – Зересі мен Үмітінің бүгінгі күнгі әр жеткен жетістіктерін жанындай жақсы көретін аталарының көре алмауы. Бірақ рухы сезіп, ба­ла­­пандарын желеп-жебеп жатқан шығар. Адамдарға көп жақсылық жасаған, жүрегінен тараған жылуы сен анаусың, мынаусың деп бөлмей саясына келгеннің бәріне бірдей төгілген Әбудің орны жұмақ шығар, дейтін Раушан апайдың сөзіне мен еш шүбә келтірмедім. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»