Әдеби-көркем аударма ісінің өзге халықтардың тарихы мен мәдениетін білу үшін тигізер пайдасы зор. Сонымен бірге, әдебиеттердің ұлтаралық байланысы дамиды және олардың озық әдістерін үйренеміз. Әйтсе де, мәдениетіміздің одан әрі өркендеуіне белгілі дәрежеде ықпал ететін осынау игілікті істе, біздің ойымызша, әлі шешілмеген проблемалар баршылық.
Еліміздің жер-жерлерінде көркем аударма ісімен айналысатын қаламгерлер бар. Олардың шығармалары түрлі әдеби басылымдарда жарық көріп жүр. Көркем аударма ісіне үлес қосып жүргендердің біразы ақын-жазушылар, филологтар мен журналистер болса, енді бір парасы әр түрлі өзге мамандық иелері. Олар
аударманы өз талантына, білімі мен өмірлік тәжірибесіне қарай түрлі деңгейде жасауда. Көрнекті жазушылар Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақов, Әбілмәжін Жұмабаев және басқалар жасаған аудармалар осы саладағы ешқашан құнын жоймайтын әдеби туындылар болып қалады. Олар өмірден озып кетті. Келешекте олардың ісін лайықты жалғастырып, орнын басатын талантты аудармашылар дайындауға ерекше көңіл бөлінсе екен. Аударма ісі мамандығы бойынша оқып жатқан жастар болғанмен, олардың ішінен көркем аударма жасайтын қаламгерлер өте аз шығады. Сондықтан, жер-жерлердегі талантты аудармашыларды жинап, олармен семинар-оқулар өткізіліп, аударманың теориялық және практикалық мәселелері талқыланса, ақыл-кеңестер берілсе, үздік тәжірибелер ортаға салынса, әрине, одан ұтарымыз көп болар еді. Ол үшін аударма өнерін алға бастыруды мақсат еткен бір үйлестіруші орталықтың ашылуы керек-ақ.
Жалпы, әдеби көркем аударма ісіне тиісті көңіл бөлінбейді. Әдеби шығармаларға конкурс жарияланғанда, аударма номинациясы болмайды. Ал әдеби шығармалардың аудармасына жеке арнайы конкурс мүлде ұйымдастырылмайды. Бірыңғай аударма шығармаларды басып шығарып, халыққа жеткізетін жалғыз ғана «Әлем әдебиеті» журналы бар еді, оның өзі жылдың басында жабылып қалды. Қаламгерлерге, оның ішінде аудармашыларға қаламақы төленбейді. Ал Германияда аударма ісіне мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетіліп, неміс жазушыларының шығармаларын өзге тілдерге аударушыларға барлық жағдай жасалады екен.
Қазақ жазушыларының ішінде Нобель сыйлығын алуға лайықты тұлғалар баршылық. Бірақ, өзіміздің ұлттық әдебиетімізді насихаттау, басқа тілдерге сапалы аудару дұрыс жолға қойылмағандықтан, барымызды баянды ете алмай отырмыз. Ол үшін шет елдің көрнекті қаламгерлерін бұл игілікті іске тарту өте маңызды болмақ. Қазақстанда өзге елдер жазушыларының классикалық туындыларын сол елдің емес, осы өз еліміздің қаламгерлері аударып отырған жоқ па.
Менің көркем аударма ісімен айналысқаныма бес-алты жыл ғана болды. Облыстық бір мекемеде аудармашы бола жүріп, көркем аудармада бағымды сынап көрсем деп ойладым. Орыстың көрнекті жазушысы Валентин Распутиннің «Француз тілі сабағы» әңгімесін аударып, «Әлем әдебиеті» журналының редакциясына жіберіп едім, аудармам еш түзетусіз басылып шықты. Аудармаң жақсы дегенде қатты қуандым. Содан кейін роман, повесть, әңгімелер
аударумен шындап айналыстым. Қазір он бір журналда аудармаларым басылды. Бастапқыда аударма менің қолым емес деп мен сияқты ойлайтындар бар шығар. Оларды көркем аударма ісіне тартса, жақсы қаламгерлер шығуы да мүмкін.
Серік САТЫБАЛДИН
Павлодар