Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға ресми сапары аясында Хиросима қаласында болды.
Жарылыс құрбандарына тағзым
Жапония – Хиросима мен Нагасакиге тасталған атом бомбалары зауалын көрген, зардабын тартқан ел. Қазақстан – Семей сынақ полигонының ауыр қасіретін бастан кешірген мемлекет. Демек, екеуі де бұл мәселеде тағдырлас. Бүгінде Қазақстан мен Жапония дүние жүзіндегі ең қуатты арсенал – қырып-жою қаруынан түбегейлі бас тарту, ядролық қарусыздануға батыл бет бұру жолындағы ұстанымдары – ұқсас, пікірлері – үндес, өздері – мүдделес елдер. Жапония Қазақстанның, Қазақстан Жапонияның әлемде бейбітшілік пен өркендеу жөніндегі күш-жігерін әрдайым қолдап, қуаттап отырады. Ендеше, Қазақстан Президентінің ресми сапары аясында Хиросимаға арнайы ат басын бұруы – қос тараптың бұл мәселедегі мүдделестік жібінің ешқашан үзілмейтінінің, керісінше, мығымдана түсетінінің айқын көрінісі. Хиросимаға барған Мемлекет басшысы ең алдымен Бейбітшілік мемориалды саябағында болды. Нұрсұлтан Назарбаев осы саябақтағы 1945 жылы атом бомбасынан құрбан болғандарды еске алуға арналған Кенотафқа гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Жалпы аумағы 12,2 га жерді алып жатқан саябақта тарихи оқиғадан хабар беретін түрлі ескерткіштер бар. Солардың бірі – Садако Сасаки ескерткіші. Ескерткіш атом бомбалары тасталған мезетте жарылыс нүктесінен небәрі 1,5 шақырым жерде орналасқан үйінде болып, ядролық қарудың зардабын тартқан Хиросиманың Садако есімді кішкентай қызына арнап тұрғызылыпты. Ол қыз бұл қасіретті оқиғадан 10 жыл өткеннен кейін радиация сәулесінен тараған аурудан көз жұмған. Жалпы, саябақтың архитектуралық ансамблін Жапонияның танымал архитекторы, Токио университетінің профессоры Кэндзо Тангэнің және арнайы ұйымдастырылған байқау аясында өздерінің өзгеше ой-идеяларын үш маманның бірлесе жобалауымен бой көтерген. Бейбітшілік мемориалды саябағы – қала тұрғындарының 1945 жылдың 6 тамызындағы атом жарылысынан ажал құшқан жандарды еске алу үшін арнайы келіп тұратын орын. Бұдан кейін Қазақстан Президенті Бейбітшілік мемориалды музейінің экспозициясын аралап көрді. Музейдің негізі 1950 жылы қаланған. Ол 1945 жылдардағы қасіретті оқиғаны, радиацияның залал-зардабын халыққа түсіндіру және көрсету үшін арнайы тұрғызылған. Ішінде атом жарылысынан хабар беретін барлық мәлімет-мағлұматтар толық жинақталған.Елбасы – арнаулы атаққа лайықты тұлға
Бейбітшілік мемориалды музейін көргеннен кейін Елбасы «мемориала қаласының айрықша құрметті азаматы» арнаулы атағын тапсыру рәсіміне қатысты. Салтанатты рәсімде Мемлекет басшысының құрметіне орай, «Заман-ай» әні қазақ және жапон тілдерінде орындалды. Рәсімді ашқан Хиросима қаласының мэрі Казуми Мацуи Қазақстан Президентінің 1991 жылы Семей сынақ полигонын жабу туралы шешім қабылдауы, бүгінгі күнге дейін ядролық қаруды таратпау және қарусыздану бағытында көтерген бастамалары бүкіл әлемге үлгі болып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық қарусыз әлем құру» идеясын көтерген Президент ретінде халықаралық қоғамдастықта үлкен рөлге ие болғанын айтты. Мемлекет басшысы өзіне айрықша құрметті азамат атағын бергені үшін Хиросима қаласының билік өкілдері мен жұртшылығына ризашылығын білдіріп, мұны Қазақстан мен Жапонияның антиядролық қозғалыстағы ниеттестігінің белгісі деп атады. «Жапонның Хиросима мен Нагасаки қалалары адамзаттың жаппай қырып-жою қаруына қарсы күресінің жалпыәлемдік символы болып саналады. Сіздердің ядролық қарудан ада әлемді қалыптастыру жолында жұмсаған күш-жігерлеріңіз бен қосқан өлшеусіз үлестеріңізді бүкіл әлем жоғары бағалайды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті атом бомбасынан құрбан болған ондаған мың адамның рухына тағзым ету үшін Хиросимаға арнайы келгенін айтты. «Хиросимаға келіп, Бейбітшілік мемориалды саябағы нысандарымен танысу кезінде ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы біздің бастамаларымыздың маңыздылығы мен өзектілігіне деген сенімім тағы да беки түсті. Осы жерде, Хиросимада тұрып, атом бомбасы жарылысының бар қасіретті салдарын көре отырып, бүкіл әлем көшбасшыларын ядролық сынақтардан бас тартуға, атом қасіретінің қайталануына жол бермеуге шақырамын», – деді Қазақстан басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ Семей полигонында қырық жылдан астам бойы үздіксіз жүргізілген ядролық сынақтар қазақ жеріне және халық денсаулығына орасан залал тигізгеніне тоқталып өтті. «Бүгін хиросималық бүлдіршіндер орындаған «Заман-ай» әні біздің елдеріміздің әлемдік қоғамдастықты ядролық зұлмат қатерінен құтқарудағы ұмтылысының нышанына айналды», – деді Қазақстан Президенті. Сондықтан, Мемлекет басшысы алдағы уақытта мұндай қасіретке жол бермеу үшін бар күш-жігерді жұмсауға шақырды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министр Синдзо Абэмен келіссөз жүргізу барысында жаппай қырып-жою қаруы қаупінен ада әлем қалыптастыру жөніндегі іс-қимылды жалғастыру үшін екі елдің күш-жігерін жұмылдыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты. Қала мэрі Кадзуми Мацуи Хиросимаға келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа барша тұрғындар атынан алғыс білдіріп, оған айрықша құрметті азамат атағының берілуі ядролық қарусыз әлем үшін күрестегі сіңірген еңбегінің жоғары бағалануының белгісі екенін атап өтті. «Сіз 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан халқының қалауымен Семей ядролық сынақ полигонын жаптыңыз. Орталық Азияда ядросыз аймақ қалыптастыруға және 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялауға бастамашылық еттіңіз. Ядролық қарусыз әлем қалыптастыру ісінде Сіз жетекші рөл атқарып келесіз», – деді К.Мацуи. Жалпы, Жапонияда «Хиросима қаласының құрметті азаматы» деген атақ бұрыннан бар. Ол 1962 жылы бекітілді. Бұл марапат дәстүрлі түрде қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға және қала имиджін мемлекет ішінде ғана емес, шетелде де көтеріп жүрген азаматтарға берілген. Күні бүгінге дейін бұл атаққа 20 Жапония азаматы лайық деп танылған. Олардың ішінде дүние жүзіне белгілі жапон дизайнері Иссэй Миякэ мен атақты балерина Йоко Морисита бар. 1963 жылдан бастап, осы қалаға арнайы ат басын бұрған, Хиросиманың қатысуымен халықаралық ынтымақтастықтың дамуына елеулі үлес қосқан беделді шетелдік қонақтарға «Хиросима қаласының айрықша құрметті азаматы» арнаулы атағын беру туралы шешім қабылданады. Бұл марапатқа ие болған 36 азаматтың арасында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, одан бөлек, әртүрлі қалалардың мэрлері, Хиросимада ірі халықаралық жарыстардың өтуіне ұйытқы болған түрлі спорттық федерациялардың басшылары бар. Қазіргі дейін бірде-бір шетелдік мемлекет және үкімет басшыларына мұндай атақ берілмеген. Демек, Нұрсұлтан Назарбаев – осындай арнаулы атаққа лайық деп танылған бірінші Президент. Салтанатты рәсім аяқталған соң Елбасы қаланың Құрметті қонақтарға арналған кітабына естелік жазба қалдырды. Жапонияға сапар нәтижелі болды Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға ресми сапарының қорытындысы бойынша отандық БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Журналистерге берген сұхбатында Мемлекет басшысы сапар аясында өткен келіссөздердің нәтижелі болғанын атап өтті. «Біз сапар қорытындысында алдымызға қойған барлық міндетті орындадық деп санаймын. Қарым-қатынасымызға стратегиялық сипаттағы терең әрі өзара сенімге негізделген байланыс ретінде баға берген бірлескен мәлімдеме қабылданды. Үкіметаралық комиссия байланыстарымыздың басымдығы бар бағыттарын тағы да пысықтады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұған қоса, Қазақстан Президенті елімізге жапон компанияларының келуі біз үшін өте маңызды екенін айтып, шағын және орта бизнес саласындағы уағдаластықтарға, сондай-ақ, Жапония кәсіпкерлерінің еліміздің ауыл шаруашылығына қызығушылық танытып отырғанына тоқталып өтті. «Жапония компаниялары бізге келеді деп үміттенемін. Жапон бизнесінің «капитандарымен» кездескенде олар елімізге деген қызығушылық бар екенін айтқан еді. Біздің делегация мүшелері республикамыздағы бизнестің қазіргі тыныс-тіршілігімен, ахуалымен таныстырды. Қазіргі уақытта қаржы табу әрине, оңай емес, дағдарыс болғандықтан, барлығы да үнемдеуге тырысады. Осындай жағдайда біздің елге көрсетіліп отырған құрмет жақсылықтың нышаны деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев, сонымен қатар, екі елдің қарым-қатынасында антиядролық мәселе туралы тақырып ерекше орын алатынына назар аударды. «Біздің Хиросимоға соққанымыз дұрыс болды. Қазақстан мен Жапонияның күш-жігерін жұмылдырып, ортақ бастамалар көтерудің маңызы зор. Оның үстіне «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде мен осы ғасырда жаппай қырып-жоятын қарудан мүлдем арылу міндетін қойған едім», – деді Қазақстан Президенті. Шынымен де, Мемлекет басшысы «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде бұл жөнінде өте өзекті мәселелер көтерген болатын. Мәселен, ол манифесті жариялау аясында сөйлеген сөзінде: «Менің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесім ХХІ ғасырда өмір сүретін және жұмыс істейтін өскелең ұрпақтың тағдырына шынайы алаңдаушылықтан туындап отыр. Біздер, мемлекет басшылары мен саясаткерлер, адамзаттың болашағы үшін зор жауапкершілік арқалап отырмыз. Көптеген тар жол, тайғақ кешуден өткен адам, саясаткер ретінде, Семей ядролық полигонын жабу туралы күрделі шешім қабылдаған мемлекет қайраткері ретінде мен әлемдік лидерлер мен бүкіл халықаралық қоғамдастыққа ақыл-парасатқа жүгініңдер деген табанды талаппен қайрылып отырмын. Адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен мүлде арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ», – деген еді. Жапония – Мемлекет басшысының бұл идеясын қуаттап қана қоймай, бұл бағытта белсенді жұмыстар атқарып жүрген ел. Оған Азия континентіндегі тарихи, ұлттық үлгідегі «жапон амбициясы», «жапон патриотизмі» ұғымдарын әлем жұртына тарата білген, ядролық қарудың қасіретін көрсе де, одан ерік-жігері алып шыққан озық мемлекеттің бүгінгі жеткен биігі дәлел бола алады. Біз бұған Хиросимаға барған кезімізде көз жеткіздік. Өзіне тасталған атом бомбалары күш-қуатының жойқын да алапат болғаны соншалық, кезінде жалпы аумағының 90 пайызға жуығы жермен жексен болған, сонау 1980 жылдан бастап Күншығыс елінің мемлекеттік маңызға ие қалаларының тізіміне енген Хиросиманың жергілікті тұрғындарының саны шамамен 1,1 миллионнан сәл асып жығылады. Жапонияның ірі Хонсю аралының батысында орналасқан бұл қала – Хиросима префектурасының әкімшілік орталығы. Портты қала мәртебесіне ие. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» – Хиросимадан (Жапония) Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды