10 Қараша, 2016

Оңтүстік Кореямен тауар айналымы артатын болды

300 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулдегі «Чонгвадэ» сарайында ел президенті Пак Кын Хемен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Келіссөздер барысында қауіпсіздік, оның ішінде ядролық қарусыздану мәселесі жан жақты талқыланды. Пак Кын Хе Қазақстан Президентінің 25 жыл бойы ядролық қарудан азат әлем құру бағытында көтеріп келе жатқан бейбіт бастамаларын қолдайтынын жеткізді. Бұл ретте, ол  Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланғанына тоқтала келе, алдағы уақытта қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды бірлесе атқаруға болатынын жеткізді. Бұдан бөлек, қос тарап киберқауіпсіздікке, мұнай-газ, энергия салалаларына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, мәселен, алдағы уақытта Батыс Қазақстанда газ конденсатын қайта өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы ойларын ортаға салды. Кездесу барысында Корея тарапы Қазақстанның көлік-логистика саласындағы жоба бастамалары айрықша қызықтырғанын атап өтті. Сондықтан, бұл бағытта да бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екендіктерін білдірді. Келіссөздер шеңберінде  қос елдің президенттері келешекте сауда саласына айрықша көңіл бөлінетінін, демек, тауар айналым көлемі артатынын атап өтті. Бұл ретте, қос мемлекет арасында нақты жобалар бар екен. Бұл күні медицинаны, медициналық туризмді дамытуды ілгерілету жайы да президенттер назарынан тыс қалмады. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Корея