10 Қараша, 2016

Медициналық сақтандыру туралы заң жобасы 1-оқылымда мақұлданды

294 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін аударымдар мен жарналардың төлеу мерзімін өзгертуді, осыған байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің барлық процестерінің іске қосылуының мерзімін өзгертуді қарастырады. Осылайша, мемлекеттің Қорға аударатын жарнасының мерзімін 2017 жылғы 1 шілдеден 2018 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру ұсынылып отыр. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын  жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, жеке тұлғалардың Қорға төлейтін аударымдары мен жарналарының мерзімін 2017 жылғы 1 қаңтардан 2017 жылғы 1 шілдеге ауыстыру жоспарланып отыр. Сонымен бірге, аталған заң жобасы интернат санатына жатпайтын орта білім беру ұйымдарындағы оқушыларға медициналық қызмет көрсетуді білім беру жүйесінен денсаулық сақтау, яғни, емханаларға беру бойынша «Білім туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуде. Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылғы 18 қарашада ҚР Президенті Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамының 80 қадамын жүзеге асыру шаралары аясында жасалған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына қол қойды. Аталған құжат үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанда мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді қарастырмақ.  Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан».