10 Қараша, 2016

«28 панфиловшы» фильмі прокатқа қарашада шығады

409 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«28 панфиловшы» фильмі Қазақстан бойынша прокаттауға дайын, деп хабарлады «Қазақфильм» киностудиясы. Фильм еліміздегі прокатқа 24 қараша күні қазақ және орыс тілдерінде шығатын болады. Фильмнің прокатын Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жүзеге асырады. «28 панфиловшы» (Санкт-Петербор) тәуелсіз студиясы және Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қатысуымен түсірілген фильмнің тұсаукесері 2016 жылы 18 қараша күні Алматыда өтеді. Ресейдегі тұсаукесер рәсімі екі күн бұрын, Дубосеково разъезінде болған шайқастың 75-жылдығына орай өткізіледі. Ал фильмде көрініс тапқан Волоколамскінің өзінде 16 қарашада өтеді. Ресей бойынша прокат 24 қарашадан басталады. Фильмдегі оқиға 1941 жылдың күзінде болған. Жазбаша дерек бойынша 1941 жылдың 16 қарашасында генерал И.В.Панфилов қолбасшылық еткен 316-шы атқыштар дивизиясының 28 сарбазы Дубосеково разъезін қорғап, Мәскеуге бет алған немістің танк батальонын тоқтатады. Сюжет толығымен кеңес сарбаздарының ерлігіне арналған. "28 панфиловшының аңызға айналға даңқты ерлігі - барлығымызға ортақ тарих қана емес, сонымен қатар ортақ ұлттық мақтанышымыз. Тіпті, қанымызға сіңіп кеткен ұлттық код десем артық айтпаған болар едім", - деді фильмнің режиссері Андрей Шальопа. Айта кетейік, генерал Панфиловтың 316-шы атқыштар дивизиясының 28 жауынгері туралы түсірілген фильмнің негізгі сомасы краудфандинг арқылы жиналған. Қаржыны жинауға 35 мыңнан астам адам қатысып 34,7 миллион рубль берген. Сондықтан да фильм «халықтық кино» аталып отыр. Сондай-ақ фильм бюджетінің үштен бірін Қазақстан және Ресей мәдениет министрліктері бөлген. Фильмге жұмсалған қаражат 150 миллион рубльді құрайды.