10 Қараша, 2016

Мемлекеттік қолдау көрген кәсіпкерлер бюджетке 1,6 млрд доллар салық түсірді

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мемлекеттік қолдау көрген кәсіпкерлер бюджетке 1,6 млрд доллар салық түсірді. Бұл туралы Астанада Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) V бизнес-форумында сөйлеген сөзінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Қаныш Тулеушин айтты. «Бизнестің жол каратасы- 2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған алты жыл ішінде осы бағдарламаға қатысушылар 1,6 млрд АҚШ долларының салығын төлеген, 17,4 млрд АҚШ долларына шаққандағы өнім шығарылған. Сонымен қатар, 300 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, бұрынғылары сақталып қалған. Төленген  салық мөлшері берілген субсидия көлемінен 4 есе артық. Бұл қаржының мемлекет қазынасына еселеніп құйылып жатқанын көрсетеді. 2016 жылы бағдарламаның қорытындысы бойынша шамамен 155 млрд теңге салық түсіп, кем дегенде 25 мың жұмыс орны сақталып, жаңалары ашылады деп жоспарланған», деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің V бизнес-форумы барысында «Даму» қоры мен «ШОК корпорация» АҚ (Ресей), «Беларусь кәсіпкерлерді қаржылай қолдау қоры» және Моңғолияның шағын және орта кәсіпкерлік қоры арасында, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП мен Моңғолия шағын және орта кәсіпкерлік қоры арасында меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  мен «ШОК корпорация» АҚ (Ресей) арасында да меморандумға қол қойылды. Айта кетейік, бұл форумға бүгін 25 ұйымға мүше мемлекет пен бақылаушы ел өкілдері қатысты. Шараны Ұлттық экономика министрлігі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және АӨСШК хатшылығы ұйымдастырды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»