Орталық коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің даму көрсеткіштері мен ауыл шаруашылығы саласының тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері жөнінде, сондай-ақ елімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы төңірегінде баспасөз конференциясы өтті.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары Әсел Рамазанова 90-шы жылдардың соңында агроқұрылымдардың қаржылық жағдайын жақсарту мақсатында қаржылық оңалту және санация жүргізу туралы теңдессіз шешім қабылданғанын атап өтті. Оның айтуынша, дер кезінде қолға алынған осы шаралардың арқасында несиелік қарыз 67,2 млрд теңгеге азайып, 55 пайызға қысқарған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін салық төлеу кезінде жеңілдіктер қарастырылуы және бюджеттік қарызды кейін төлеуге рұқсат етілуі саланың қарқынды дамуына жол ашты.
«Бірінші онжылдықтың саяси және экономикалық нәтижелері меншіктің мемлекеттіктен жеке қолға өтуі және нарықтық экономиканың құқықтық негіздерінің қалыптасуы. Ауылдарда нақты меншік иесі пайда болып, менталитет өзгеріп, нарықтық ұстанымдарға негізделген жаңа өндірістік қарым-қатынас орнады. Мемлекеттік ұжымшар және кеңшарлық өндіру жүйесі жаз мезгіліне қарай тоқтатылды. Бұл ауыл шаруашылығының жаңаша дамуына және өндірістің қарқынды өсуіне негіз болды. Екінші онжылдық бәсекеге қабілетті өндіріс саласының экономикалық дамуымен сипатталады», – дейді Ә.Рамазанова.
«Жалпы, ауыл шаруашылығының өндіріс көлемі 2015 жылы 3,3 трлн теңгені құрады. Бұл 2001 жылмен салыстырғанда 6 есе артық. Жыл сайын әлемнің 70-тен астам еліне 5-8 млн тонна астық экспорттайтын Қазақстан бүгінгі таңда астық өндіру бойынша ірі мемлекетке айналды. Жыл сайын 2,5 млн тоннаға дейін ұн экспорттап, әлем бойынша көшбасшы орындардың бірін иелендік», – деді спикер.
Бұдан кейін сөз алған «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Салауат Шериазданов ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы холдингтің 10 жылдығымен сәйкес келіп отырғанын және осы уақыт ішінде холдинг компанияларының тобы жалпы аграрлық сектордың дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтті.
«Осы 10 жыл ішінде «ҚазАгро» холдингі елдің агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 2 трлн теңгеден астам қаражат бағыттады, – деді ол. – Егер алғашқы жылдары агроөнеркәсіп кешенін дамытуға біз 116 млрд теңге бағыттаған болсақ, соңғы жылдары бұл сома шамамен 300 млрд теңгені құрады».
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»