Астанада Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің ұйымдастыруымен «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жария етудегі БАҚ рөлі» тақырыбында журналистер үшін семинар-тренинг өтті.
Жиынды ашқан Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек бірінші кезекте журналистерге арналған мұндай семинар-тренингтерді дәстүрлі түрде өткізіп отыратынын айта келіп, дін саласындағы мемлекеттік саясатты өз деңгейінде жүргізу ісінде бұқаралық ақпарат құралдарының айрықша орын алатынын жеткізді.
Одан әрі Ғ.Абзалбек азаматтардың діни сенім бостандықтарын сақтау, елімізде діни тұрақтылықты орнықтыру, жастарды маңызды әлеуметтік жобаларға жұмылдыру бағытындағы мемлекеттік саясаттың маңыздылығына екпін берді.
Семинар-тренингте «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайнар Олжай «Дәстүрлі дін және дәстүрлі ақпарат құралдары» тақырыбында баяндама жасады. Қ.Олжай өз сөзінде журналистерге қажетті ақпараттармен бөлісе отырып, «Алдымен, журналистердің өзіне терең білім керек. Журналистика факультеттеріне дінтану сабағын түпкілікті оқыту үшін арнайы топтар құрмай болмайды. Кезінде журналистика факультетінде халықаралық тақырыптарды жазуға бейімделген топтың арнайы курсы болды. Біз сол курстан сабақ алдық. Сондықтан, журналистерді діни тақырыпқа дайындауды қолға алу керек», – деді.
Сонымен қатар, Қ.Олжай журналистердің құқық қорғау қызметкерлерінің жағымды бейнесін жасауға көңіл бөлуі қажеттігіне тоқтала келіп, «Осы ретте радикалды дінмен күресте құқық қорғау органдарына көмек керек. Ол көмекті журналистер құқық қорғау қызметкерлерінің жағымды бейнесін жасау арқылы көрсетеді. Өйткені, экстремистік топтардың басты нысанасы полиция, сот, әскери құрылымдар екенін Ақтөбе, Алматы, Тараз қалаларында болған қарақшылық оқиғалар анық аңғартты. Құқық қорғау қызметкерлері соққыны бірінші болып өздеріне қабылдап қоймады, басқа бейбіт тұрғындарды құрбан болудан сақтап қалды. Осыны қоғам сезіну керек, миллиондаған отандастарымызға сезіндіру керек», – деді.
Бұдан кейін Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жанындағы «Талдау және ақпарат орталығы» РМК директорының орынбасары Михаил Комиссаров, «Bnews» ақпараттық порталы бас редакторының орынбасары Салтанат Тоқабекова сөз сөйлеп, діни экстремизм мен терроризм қауіп-қатерлерін, осы бағыттағы ақпараттарды ұсынуда негізгі назар аударылуы тиіс жағдаяттарды сөз етті. Олардың сөздеріне қарағанда, дін саласындағы ақпараттарды жариялаудағы жіберілген қателіктер қоғамда әр түрлі түсінбеушіліктер тудырады.
Жиын барысында қатысушыларға Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті дайындаған діни экстремизм мен терроризмге қатысты мәселелерді БАҚ-та жариялау бойынша әдістемелік құралы ұсынылды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»