15 Қараша, 2016

Өскемендік оқушылар Ресейден жүлдемен оралды

339 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
img_7531 Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылар командасы Ресейден жүлдемен оралды. "Диктум-Фактум" тобы VII Новосібір жас биологтардың өңірлік турнирінде Ресей Федерациясының әр өңірінен келген 18 командамен білім сайыстырып, ІІ орынға ие болды. Новосібір академиялық қалашығында өткен турнирде сонымен бірге Олжас Қалиев есімді оқушы ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. Сынып жетекшілері Татьяна Джежеря және Мәлика Дүзбаевамен бірге білім бәсекесіне тас-түйін әзірленген Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары аталған турнирде ең күрделі тапсырмалардың қатарында шешендік сайыс, пікір білдіру мен дәйекті сын айту болғандығын айтады. "Бұл сайыста өте күрделі тапсырмаларды орындау мен шешімін табуда тек білімділік, жеке көзқарас және ұшқыр ойлай білу сияқты қасиеттер көмектеседі", дейді 11 "Д" сынып оқушысы Ерхат Сауытбаев. Турнирге қатысушылардың бірі Ерасыл Мұратов ІІІ орынға ие болған Олжас Қалиевтің тақырыпты жетік игергендігі, шешендігі мен ой-пікірін дәлелді айта білетіндігі қазылар алқасына да, байқауға қатысушыларға да ұнағанын айтады. Ұйымдастырушылар жеңімпаздар мен жүлдегерлерге биология ілімі бойынша кітаптар сыйлады. Енді өскемендік оқушылар Мәскеу қаласында 10-15 желтоқсанда өтетін Бүкілресейлік жас биологтар байқауына қатысады. Думан АНАШ, "Егемен Қазақстан" ӨСКЕМЕН.