16 Қараша, 2016

Ақмола облысында ірі инвестжобалар жүзеге асырылуда

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ақмола облысының Жарқайың ауданында темір кенішін өндіру бойынша ірі инвестжоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткен брифингте  аудан әкімі Асқарбек Үйсінбаев мәлім етті. «Бүгінгі өткізіліп жатқан брифинг ауданның әлеуметтік- экономикалық мәселелерін шешуде жауапкершілікті арттыратын қоғамдық саяси өмірдің демократияландыру процесінде маңызды буын, биліктің бұқаралық ақпарат құралдарымен нәтижелі кездесуі болып табылады»,- деп  бастаған аудан әкімі өз баяндамасында өнеркәсіп саласына тоқталды. Оның айтуынша, ауданда осы сала көрсеткіші 101,4 пайызды құрады. Нақты көлем индексі 100 пайызға жетті. Өңірлік индустрияландыру картасы шеңберінде ауданда үш инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі - Державинск қаласындағы қуаттылығы жылына 150 мың тонна іріктелген түйіршік тас шығаратын өндіріс кешені. «­Арка К» серіктестігінде қолға алынған жобаның құны 150 миллион теңгені құрайды.  Сонымен қатар, Кен ауылында қуаттылығы 8,4 мың тонна диірмен кешені жобасының құны  729 миллион теңгеге бағаланып отыр. Масаль кен орнында темір кенін шығару және өңдеу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «Біз үшін басты тапсырмалардың бірі - экономикаға жеке инвестиция тарту болып отыр. ­Біздің аудан екі жаққа да ұтымды шарттар ұсынысы бар болғандықтан, инвесторларды қызықтырады. Нәтижесінде біздің аудан индустриялдандыру картасынан тыс төрт элеватордың, бордақылау алаңының, астық қабылдау пунктінің құрылысы және қалпына келтіру бойынша инвестжобалар сәтті жүзеге асырылуда», деді аудан әкімі өз сөзінде. Бүгінгі күні ауданда мал өсірушілердің арқасында мал басының және құстың, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісі көлемінің өсуі байқалады. Сонымен қатар, аудан әкімі құрылыс және елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөлді. «Қазіргі кезде, ауданда орталықтандырылған ауыз сумен тұрғындардың 92 пайызы қамтылды. Шойындыкөл, Нахимов, Құмсуат, Баранкөл ауылдарында су қорына мониторинг және геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Құмсуат және Бірсуат ауылдарында 27 жылға жететін су қоры  бар екені анықталды. Мемлекеттік сараптама алу үшін Бірсуат ауылына ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтіру бойынша жобалық­ сметалық құжаттама жолданды­, деді аудан әкімі.