16 Қараша, 2016

«Қарашада өмір тұр...»

790 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
dala«Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай, Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай...» дейді Абай атамыз. Біз дәл осы өліара кезеңде тұрмыз қазір. Қарашаның аты – қараша. Бұл шақта ағаштың жапырақтары сарғайып, көктем мен жаз айларында масаты кілемдей құлпырған дала өңі өзгеріп, сұрғылт тартады. Бұл көңілсіз көрініс адамның ішкі жан сарайына да әсерін тигізіп, көңіл күйі бейнебір ажарынан айырылған ағаштай құлазитыны бар. «Қар жауады жаңбырмен араласып», деп халық ауыз әде­биетінде айтылғандай, алдағы келе жатқан «кәрі құда» қыстың хабарын кәдімгідей сездіріп тастайтын қараша айында қар да жауады, жаңбыр да жауады. Осы сөзіміздің бір дәлеліндей, қарашаның алғашқы күндерінде жауған қалың қар Орал өңірінің қаласын да, даласын да бір демде ақ көрпеге орады да тастады. Алайда, бұл көрініс ұзаққа созыл­мады. Бұдан кейінгі күн­дерде ауаның температурасы 10 градусқа дейін жоғарылап, батысқазақстандықтар қайтадан көктем келіп қалғандай күй кешті. Қардан қылтанақ та қалмады. Ең бір қызығы, сол қар тез еріп кеткен соң жап-жасыл шөп көрінді. Күзгі дала кеше де осындай ма еді? Қалай байқамай келгенбіз деп. Ақжайықтағы ағайындар бұл ға­жайып көрініске аң-таң қалып жүр. Шөп болғанда қандай! Кәдім­гідей көкорай көк майса. Бұл қарашада көктеп ұзарған өскін бе, жоқ әлде жаз кезінде бұйығып бойын жаза алмай қалған шалғын қайтадан жасыл түске оранды ма? Осы екеуінің арасын айы­ра алмай жүргендер де жеткілікті. Қалай болғанда да жаныңды жадыратар жайт. Күздің жабырқау сәтін көз алдымызға жайып салатын Абай атамыздың табиғат лирикасына кереғар көрініс. Керісінше «Дала қандай, даладағы ат қандай, Нөсер шөпке белшесінен батқандай», деп Олжас Сүлейменов жырлағандай жарқын жағдай, қайталанбас көрініс. Табиғаттың тағы бір тосындығы – уақыты өтіп бара жатса да кейбір тал-теректердің жапырақтары да сарғаймаған. Бейнебір бәз-баяғы бүр жарған күйінде тұрғандай. Әсіресе, бұл көрініс қара ағаш деп аталатын қатал климат жағдайына төзімді, көп бап пен күтім тілемейтін ағаштың түріне тән десек, шындықтан ауытқымаймыз. Әрине, табиғат маусымы өз деңгейіне көндірмей қоймайды. Қарашаның ызғырық өкпек желі жапырақты жұлып түсірмей қоймаушы ма еді. Түсіп те жатыр желге қарай қалбалақтап. Ал бұтақтардың сабағында сол баяғыша тұрып қалған жапырақтың түсі әлі жап-жасыл-ау, жап-жасыл. Бұған қалайша таң қалмассың. Сірә, мұның сыры топырақтағы ылғалдың молдығында, қарашада қар жауса да, мұның алдындағы күз айларында жылы күндердің жиірек болуында болса керек. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы