16 Қараша, 2016

Ауылдық жерде маман жетіспейді

527 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазір елімізде медициналық құрал-жабдықтардың көмегімен ота жасаудың ауыр түрлері жеңілдеді. Пышаққа да түспейсің. Скальпельдің орнын лазерлік сәуле алмастырды. Мәселен, бүйректегі бармақтай тасыңызды лазермен ұсақтап үгітіп тастайды. Ал, асқазандағы ісікті сәулемен сылып тастайды. Асқазан-ішекке жасалатын ота оңайлады. Ал, дәрігерлер шет мемлекеттердегі әріптестерімен тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттыра бастады. Бірақ, мұның бәрі – қалада. Ал, шалғай ауылдардағы медициналық жағдай әлі де мәз емес. Алыстағы ауылдармен қарым-қатынас қиын. «Жедел жәрдем» көліктері де тапшы. Осының салдарынан науқастарға дер кезінде медициналық көмек көрсету мүмкін болмай жатады. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының Мақаншы ауылындағы ауруханаға күн сайын жүздеген адам, олардың үштен бірі ота жасатуға келеді. – Өздеріңізге белгілі, ауылдық ауруханада медициналық құрылғылар да, мамандар да жетіспейді. Ота жасатуға келетіндер саны көп. Өзімізде қажетті аппараттар жоқ болғандықтан, нейрохирургия, гинекология сырқатына шалдыққан адамдарды Семей, Өскемен қалаларына апарамыз. Ауылға келген жас мамандар бір-екі жыл істейді де, қайтадан қалаға кетеді, ауылда тұрақтап қалғысы келмейді, – дейді Үржар аудандық Мақаншы ауруханасының анес­тезиологы Шыңғыс Нұрғазиев. Мамандар тапшылығы мәселесін шешу үшін өңірлерге жіберетін жас дәрігерлерге жағдай жасау қажет. Оларға көтерме ақы, баспана алу үшін пайызсыз несие берілетіні белгілі. Бірақ, соның өзінде де нәтиже жоқтың қасы. Әрине, бұл мәселеге байланыс­ты жергілікті жерлерде кедергілер кездесетіні анық. Көмек дер кезінде берілмей қалады, үй-жай алу жылдан-жылға созылып кетеді, балабақшаға сәбиін орналастыру мүмкін болмайды... Осындай қиындықтарға тап болған жас маман келген ізімен кері кететіні белгілі. Сондықтан медициналық жоғары оқу орнын бітірген түлектерді ауылға тарта білген жөн. Барлық жағдайын жасауға тырысу қажет. Кез келген дәрігер ауылда тәжірибе жинақтаса, жақсы маман болып қалыптасатыны сөзсіз. Айман МҰҚЫШЕВА, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы