16 Қараша, 2016

Ким инемен емдейді

786 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Дәрігер – жауапты мамандық. Мұнда адам тағдыры тұрғандықтан еш қателесуге болмайды. Осы ретте халықтың алғысына бөленіп жүрген инемен емдеуші терапевт-дәрігер Валентин Васильевич Ким туралы айтуды жөн көрдік. Семейде ғана емес, Қазақстан мен Ресейде  оның есімі жақсы таныс. Бүгінде Қазақстандағы өздігімен еркін қозғала алмай қалған, жамбас және тізе буынымен ауырып, жазылған науқастардың барлығы дерлік Валентин Кимді жақсы біледі. Тіпті, инсульт пен инфаркт алғандардың көпшілігі осы кісінің қолынан ине алып, дерттерінен айықты. Халық оны «қолы алтын дәрігер» деп атайды. Валентин Васильевич Ташкентте туып-өскен, еңбек жолы 40 жылдан асыпты. Ташкенттегі мемлекеттік медицина институтын емдеу ісі мамандығы бойынша бітіріп, кейіннен кардиолог, кардиоревматолог сияқты саланы да қосымша меңгереді. Сол сияқты, алдымен Қытай тәсілімен ұзын инелерді салуды үйренеді. – Ине салу менің ата-бабамнан алған мұра деуге болады, – дейді Валентин Васильевич, – өз атам Қытай инесін салудың шебері болған. Бірақ, мен КСРО тарап, әр ел өз тәуелсіздігін алып жатқан кезде Өзбекстанда, Ташкентте отбасыммен тұрып жатқан едім. Қазақстанға, оның ішінде Семей қаласына кейінірек көшіп келдім. Ташкентте еңбек етіп жүрген кезімде, бір күні Мәскеуге медицинаның ОННУРИ саласындағы СуДжок терапия­сының ілімін салушы профессор Пак Дже Ву Оңтүстік Кореядан келіпті дегенді естіп, жол тарттым. Ең алғаш рет Су-алақан, Джок-табан деген ұғыммен танысып шықтым. Яғни, адамның барлық маңызды нүктелері қос алақан мен табанда. Халқымыз «екі алақаныңды, екі табаныңды жылы ұста» деп бекер айтпаған ғой. Бас кезінде мұндай инелерді салу Қытай инесін салудан қандай айырмашылығы бар деп ойлайтынмын, сөйтсем екеуінің арасы жер мен көктей екен. Валентин Ким – өз ісінің үздігі. Оған халық та, әріптес дәрігерлер де бүгінгі заман­ның жаңа тұрпаттағы жоғары дәре­желі дәрігері деген баға берген. Өзі бүгінде «Жансая» базары маңындағы Халық­тық дәстүрлі емес медициналық ем­деу ме­кемесінде жемісті ең­бек етіп келеді. – Мен бала кезімнен балет өнерімен айналыстым, жүгіріп, секіріп жүріп, бір күні мойын сүйегімнен жарақат алдым, – дейді Семейдегі балет мектебінің директоры Камилия Исмаилова, – балалықпен мән бермесем керек, уақыт өте келе, жас ұлғайған сайын сырқатым сыр бере бастады. Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Мануальды терапевтердің барлығын адақтап шықтым, тек аяқ астынан өзіміздің қалада осындай адам бар екендігін естіп келдім. 30-40 жыл болып кеткен ауруымның беті қайта бастағанда қуанышымда шек болмады. – Біз адамның денсау­лығына жауаптымыз. Халық көп жағдайды дұрыс түсін­бейді. Егер ауруы асқынып, өлуге келсе, дәрігер қалай көмек­теседі? Сондықтан да мен ине арқылы асқынған небір ауруларды да емдеуге болатындығына көз жеткіздім. Бірақ бұл – Қытай инесі емес, оңтүстіккореялық ине. Қытай инесін денеге салады, ол ұзындау болып келеді. Ал Су Джокта инені тек алақанға не табанға ғана салады, – дейді тіршілік үшін күресте адам жанын ажалдан арашалауға асығатын алтын қолды абзал жан. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА СЕМЕЙ