Ел тәуелсіздігі жылдарында қазағынан өзге этнос өкілдері басым Петропавл қаласының қақ ортасынан тұрғызылып, қазақ балаларының ана тілінде білім алуына жол ашқан қалалық классикалық гимназияның жерлесіміз, белгілі жазушы Сафуан Шаймерденов атымен аталуы кездейсоқтық емес. Қызылжар өңірінде ұлттық еңселі білім ұясының қажеттілігі жөнінде Үкіметке ата-аналардың өтініш-тілегін кезінде жеткізген Сафуан ағамыз еді. Ол кезде облыс орталығында қазақ мектеп-интернатынан басқа бірде-бір ұлттық білім ошағы жоқ болатын.
Сөйтіп, қазақ мектебі құрылысына арнайы қаржы қарастырылып, осыдан тура жиырма жыл бұрын Тәуелсіздігіміздің алғашқы қарлығаштарының біріндей қазақ тілінде білім беретін еңселі білім ордасы есігін айқара ашты. Бұл оқиға жұртшылықты ерекше қуантқанмен, бірқатар қиындықтар да орын алды. Ұстаздар құрамының әлеуетіне, оқулықтардың жетіспеушілігіне, материалдық-техникалық базаның жетімсіздігіне күдікпен қараған ата-аналар балаларын жаңа білім ошағына беруге асыға қоймады. Тек тіл жанашырларының, зиялы қауым өкілдерінің белсенділігі арқасында ғана ұл-қыздарын ұлттық мектепте оқуға тілек білдірушілер қатары толықты.
Алғашқы жылдардан гимназия заман талабына сай тез бейімделіп, жаңашыл бастамалар оқу-тәрбие үрдісіне батыл енгізіле бастады. Гимназиядан қанат қаққан түлектер арасында өзге этнос балалары да бар. Жас ұжымның педагогикалық белсенділігі, шығармашылық қабілеттері орынды бағаланып жүр. «Еңбегіне қарай – өнбегі» деген. Сәулет Мұқанова «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, Салима Мақышева, Гүлбаршын Есмұқанова, Гүлжан Қасымова, Қанипа Елеусізова, Ерік Нұрпейісов те дәрежелі марапаттармен мадақталды. Жуырда Әйгерім Жантаева республикалық «Дарынды балаға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасының, Альбина Некібаева «Үздік педагог-2016» байқауының жеңімпаздары болып, мерейімізді асырды. Гимназия директоры Күлтай Мұқанова «Үздік директор» байқауының жүлдегері атанып, білім ордасына компьютерлік сынып тарту етілді. Еңбек өтілі Тәуелсіздікпен құрдас Ботагөз Мұхамеджанова, Бағдат Жақыпов та мақтаныштарымыз саналады.
Қалалық білім бөлімінің жылдық қорытындысы бойынша үш жыл бойы үздік үштіктер қатарындамыз. Оқу-тәрбие үдерісіндегі жетістіктеріміз үшін «Дарынды балалар – Қазақстанның болашағы» энциклопедиясы редакциясының дипломы тапсырылды. 20 жылдың бедерінде 21 «Алтын белгі», 31 ерекше үлгідегі үздік аттестат иегерлері тәрбиеленіп шықты. 12 түлегіміз «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында шет елдерде оқып, әр салада жемісті қызмет етіп жүр.
Оқушыларымыз «Ғылым әлемін ашамыз» ғылыми жобалар байқауында, «Механика және математикадан зерттеу жұмыстары», «Астрономиялық республикалық турнир», «Республикалық интернет форумының», Компьютерлік жобалар «Infomatrix» жарысында талай мәрте топ жарды. Мәскеуде өткен «Адам – Жер – Ғарыш» ғылыми зерттеу жобалар олимпиадасының жеңімпазы атанды. Республикалық «Зерде» байқауынан да жүлдесіз оралған емес.
Бүгінгідей жаһандану дәуірінде, озық технологиялар заманында білім мен ғылым жетістіктерінсіз алға басу қиын. Осыны жете ұғынған гимназия ұстаздары ұлтжанды, отансүйгіштік рухы биік тұлғалар тәрбиелеуге өз үлестерін қоса беретін болады.
Махаббат ҚҰРМАНОВА,
Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық гимназия директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары
ПЕТРОПАВЛ