16 Қараша, 2016

Еңбек еткен елеусіз қалмайды

414 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
gshugshБиыл Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Жазғы Олимпиялық ойындарда боксшы Данияр Елеусінов ел намысын абыроймен қорғап, 69 кило салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Даниярдың ағасы Дәурен де шаршы алаңның талай рет шаңын қағып жүрген сайыпқыран боксшы. Ол студенттер арасында әлем чемпионы (2006), Азия чемпионатының жүлдегері. eleusinovter-16-11-2016 Осы екі ұлының спорттағы үлкен жетістігі Елеусіновтер отбасының Астанаға қоныс аударуына себепші болды. Ағайынды Елеусіновтер Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданының Қайыңды ауылында дүниеге келді. Әкелері Марат Елеусінов жоғары білімді спорт маманы. Ол Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, 20 жылдан астам уақыт бокс өнерін өскелең ұрпаққа үйретіп келеді.  Исі қазаққа танылған Данияр мен Дәуреннің жаттықтырушысы болуымен бірге оның бірнеше шәкірттері республикалық және халықаралық додаларда жеңімпаз атанып, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды. – Әкем Тәліп жарты ғасырға жуық уақыт мұғалім болды. Ол жасында қазақша күреспен айналысыпты. Менің спорт мамандығын таңдағаныма еш қарсылық білдірген жоқ. Бір жағынан мен әкемнің ұстаздық ізін жалғастырдым, – дейді Марат Тәліпұлы. Ауылда Мараттың еңбегі бағаланып, өзі білім алған жоғары оқу орнының дене шынықтыру мен спорт факультетіне қызметке шақырылып, Орал қаласына көшеді. Сол жылдары болашақ қазақ спортының екі жұлдызы әкесінен қалмай спорт залына еріп келетін. Бастапқыда қызығушылық танытқан балалар бойынан әкесі үлкен қабілеттің жатқанын байқайды. – Ұлдарымды спортқа кәсіби тұрғыда дайындадым. Көп адам боксты төбелес деп түсінеді. Бокс – төбелес емес, ол – өнер, - дейді Марат Тәліпұлы. Спортқа біржола бетбұрыспен келген дұрыс. Жаттықтырушы өз тәжірибесінде небір талантты балалардың арасында көшедегі уақытша алданышқа елітіп, жаттығуға келмей, ақыры спорттан алыстап кеткенін байқамай қалғандары болғандығын айтты. Жасөспірімдерге бұл көшедегі төбелес емес, кәсіби мамандық екенін айтып, бірден салмақты көзқарас қалыптастырудың маңызды екенін алға тартты. – Егер ұлдарым спортқа қызықпаса, бойларында осы өнерге деген бейімділік пен қабілет болмаса, оларды боксқа тәрбиелемес едім, - дейді Марат Елеусінов.   Елеусіновтер отбасының үшінші перзенті – Динараның таңдауы – хореография болды. Ағалары секілді алдына қойған айқын мақсатына жетпей тынбайтын Динара Шара Жиенқұлова атындағы республикалық қазақ би байқауының жүлдегері. Ол бүгінде Ұлттық гвардия ән-би ансамблінің бас солисі. Мың бұралған бишінің алдында көптеген жоспарлары мен шығармашылық жобалары бар. Отбасының анасы Ғалия ханым балаларының болашағы үшін, олардың бабы мен жағдайын жасау мақсатында ұстаздық қызметінен бас тартты. Ана үшін балалардың арманына жетіп, биік асуларды бағындырғаны маңыздырақ болды. Ғалия Нұрмұханқызы бүгінде сол шешімінің текке кетпегеніне көзі жетті. Ол бүгінде төрт немересі бар бақытты әже. Бақыт Тұрмағамбетова