17 Қараша, 2016

Архив шыңырауынан әдеби шындық тапқан

338 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында іргелі мекемелердің көпшілігі тағылымды шаралар өткізіп, ұлық мерекеге орайластырып ұлтқа қажет тақырыптар төңірегінде кездесулер ұйымдастырып жатыр. Соның бірі – «Мәңгілік Ел» қайраткерлері: ақын Ғалым Жайлыбай» деген тақырыппен Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде қоғамдық ұйым өкілдері, тарихшы ғалымдар, архив қызметкерлері, мектеп оқушыларының қатысуымен рухани-танымдық өрісі кең шығармашылық кездесу болып өтті. Қазақстан Республикасы Пре­­зиде­н­ті­нің архиві Қазақстан Жазушылар одағы бас­қармасы төрағасының бірінші орынбасары, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбайды кездесу кейіпкері етіп кездейсоқ таңдама­ған. Бұл кездесуді ұйымдастыруға 1932 жылғы ашаршылықтан босқынға ұшырағандар, Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары мен қуғын-сүргін құрбандары туралы жазған «Қара орамал», «Тамакөшкен» поэ­малары түрткі болғаны анық. 780 мыңға жуық іс тіркелген Президент архиві – тарихи деректер мен мәліметтердің нағыз орталығы. Президент архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Жапаровтың айтуынша, партияның басшылық органдарының, жалпы басқару құжаттарын жинақтап, сақтайтын негізгі архив осы мекеме болғанымен, мұнда азамат соғысы, Алаш қозғалысы, депортация, эвакуа­ция, ашаршылық пен барлық зұлмат оқиғаларға байланысты деректердің де мол мәліметі бар. Әдеби ортада жылы қабылданып, көп талқыланған бұл поэмаларды жазу үшін ақын шаң басқан архивтерден сарылып дерек іздеп, талай тарихты қопаруына тура келді. Архив қоймасында тұнып тұрған тарихи мәліметтерді көркем шындықпен қабыстырып, нәубет заманның сорғалаған шындығын өлең сөзбен кестелеген «Тамакөшкен» мен «Қара орамал» поэмаларының жазылу тарихын ақын көпшіліктің алдында өзі баяндады. Жезқазған жерінен тама, тарақты секілді аштықтан сіңірі шығып, сеңдей соғылған бүтін бір рулардың ақ қар, көк мұзға қарамай, қаралы керуен құрап, ауа көшкен қасіретін жырлаған ақын өз өлеңіне тарихи деректерді дәлме-дәл келтіреді. Тіпті, өзегі талып, бір үзім нанға зар болған шерлі аналар өз баласын өзі өзенге лақтырып, қара суға батырған деректерді айтудың өзі ауыр болса да, айналып өте алмай, поэмасына арқау еткен. Ақын поэмасынан үзінділер оқып, өкініш пен өксік көкіректі сыздатты. Қазақстан Президенті Архивінің ақпаратты-әдістемелік басқармасының бас сарапшысы Айнаш Сейсенбаева «Президент архивінің ғылыми жобалары аясында ақын Ғалым Жайлыбайдың «Тамакөшкен» және «Қара орамал» поэ­маларына тарихи шолу» атты бая­н­- дамасында поэмалардағы ақынның шындығын тарихи деректермен са­бақ­тастырып, көр­кем және тарихи мәліметтердегі өзектес ойды бір-бірімен байланыс­ты­ра, салыстыра отырып өрбітті. Ақын­ның деректік ізденісі тамырлы тарих пен көркем әдебиет негізінде ұтымды ұш­тастырылғанына көңіл аудартты. Президент архивінің замана шындығын жырлаған ақынды шақырып, ашаршылық құрбандары мен тұтқындар туралы бірегей деректерімен бөлісіп, әңгіме-дүкен құруы қасірет құрбандарына деген құрмет және олардың мәңгіге сызылып тастаған есімдерін қайта жаңғыртуға үлес қосқаны десек, еш артық емес. Бұл кездесу осыны растады. Кездесу соңында ақын Ғ.Жайлыбай Президент архивінің директоры Б.Жапаровқа Бейжіңнің «Ұлттар бас­пасынан» жарық көрген жаңа кітабы мен Қазанда басылған татар тіліндегі өлеңдер жинағын тарту етті. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ