17 Қараша, 2016

Үш кездесу немесе Отан туралы ой

625 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

01-2эссе

Уақыт пен Кеңістік

Қара күзде Алтайға арнайы ұшып бардым. Әрине, қазір заман бөлек. Табиғат та өзге. Қыс қайсы, жаз қайсы, күз қайсы, көк­тем қайсы танып болмайды. Қараша айы болғандықтан қара күз демей не дейміз?.. Бүгін Мәскеуде қалың қар жауды деп хабарлады қазақ радиосы. Әлде орыс радиосы ма? Біріне-бірі сүйемелдес тіршілік аясында Ресей мен Қытай мемлекеттері Қазақстан экономикасына ендеп кіріп алған. Алматыдан Өскеменге ұшқан БОИНГ-тің ішінде қытай мен орыс толып отыр. Орталарында он шақты қазақ бармыз. Ертеде кеңес заманында Қазақ Республикасының басты қалаларында азғана қазақ көрінетін. Өскеменге келгенде қазақ көрсек туға­нымыз табыл­ғандай шүйіркелесіп жөн сұрасып жатушы едік. Қарашада Алтайда тізеден келетін қар жауушы еді. Өс­кеменде бүгін күн жылы. Шақы­райып шыққан күн сұрғылт даланы ерекше нұрлан­дырып тұрып алған. Қала сыртындағы кішкене ғана қазақ бейіті өсіп, аумақты жерді алып кетіпті. Ел ортасында өлім-жі­тім­нің молайғаны көзге ұрып тұр. Өскеменге арнайы соққаным, қара­шада қазақтың нарқасқа ұлдарының бірі, Қазақ­станның Еңбек Ері, титан-магний комби­наты­ның президенті Бағдат Шаях­метов 70 жасқа тола­тын. Аяулы досымды еске алу үшін, осы мо­ла ба­сында құран оқиын деп арнайы келіп едім. Бұл жерге әуелі Бағдаттың әкесі Мұха­мет Шаяхметовті жерле­генбіз. Бір жыл өткенде анасы Нұркәмал дүниеден қайтты. Тағы екі жылдан соң күтпеген жерден Бағдаттың өзі дүниеден озды. Қарсы алдымдағы шарбақтың ішінде үш мола көрінеді. Әке. Ана. Ұл. Үшеуі де жүрегіме жақын, аса қадірлі адамдар еді. Мұха­мет Шаях­метовтің «Тағдыр» атты дилогиясын орысшаға аударып жеке кітап қылып шығарғанбыз. Кітаптың атын да өзім қойып едім. Бұл найман еліндегі аштық туралы ащы шындық. Қарапайым адам жазған деректі кітап. Сол кітаптың рухани болмысы жоғары еді. Әкесінің қолжазбасын маған тапсырған Бағдаттың өзі еді. Мола басындағы сұрғылт тастар үнсіз. Шарбақ сыртында мен де үнсізбін. Тек әлдебір мазасыз ауыр ойлар басымды мең-зең қылған. Жиырма бірінші ғасырдың адамды таң-тамаша қалдыратын, тіпті, көңіліңе үрей ұялататын ерек­ше белгісі – уақыттың тажал айдаһардай орасан зор жыл­дамдықпен, жойқын күшпен ілге­рілеуінде. Жиырма бірінші ғасыр адамды уақыт пен кеңістік аясына жолатар емес. Оған жақын­дауға талпынған адам да жоқ. Дұрысы – Тұлға жоқ. Жиырма бірінші ғасырдағы бас­ты тұлға – Адам мен оның Еңбегі емес, Капитал. Байлар капи­талы­ның аманды­ғын ойлап жан ұшырады. Содан да байлар байиды, кедейлер кедейлене береді. Аумалы-төкпелі заман. Ал уақыт көз ілеспес жылдам­дықпен жүйткіп ағуда. Бұндай жан ұшырған жылдамдыққа үйрен­беген, қалыптаспаған адам орта жолда күйрей құлап жатыр. Уақыт пен Кеңістікті бірдей емуге тұлғалар керек. Ана-Жерде Тұлғалар тууы сиреген. Жанын шын­дықпен суар­ған адам­дар, әсі­ресе біздің қоғамға ауадай қажет. Мен мола басындағы тасқа отыр­дым. Екі күн титан-магний комбинатын аралап, талантты жастармен жүздесіп, еркін, ашық әңгімеге беріліп жүріп шар­шағанымды байқай да алмаған болсам керек. Бағдаттың орнын басқан жас, талантты өндіріс ұйымдасты­рушысы, титан-магний комби­натының бүгінгі президенті Әсем Мамутованың үлкен көшті еркін бастап кетуі бәрімізді де қуанышқа бөлеген. Комбинаттың жас цех бастық­тары, жас өндіріс командирлері – Бағдат тәр­биелеген, батыста оқыт­қан ойшыл аза­маттар. Солар­мен кездескен сайын қазақ­тың болашағына деген сенімім артатын. Көңіл қазақтың ертеңіне деген күмәннан арылатын. Өжет, білімді жас жігіттерді көріп қазақтың рухының майы­рылмаға­нын сезетінмін. Отты рухты сөндіріп алмау керек. Қазақтың рухы тірі болса, қазақ та тірі. Ал егер ру­хымызды жоғалтсақ, қазақ та жоғалады. Тәні бар, рухы жоқ қазақтан не қайыр?!. Уақыт пен Кеңістік атты өлшемдер адам ақылы жетпейтін ғаламат жойқын күш екені даусыз. Ал біздің Ана-Жерде адамдықты ұстап қалуға шамамыз жетер емес. Сонан да ар-ұят, обал-сауап, борыш, отаншылдық, мемле­кетшілдік, адам­гершілік атты кие­лі ұғымдар жой­ылуға тақау... Бүгін Ана-Жерде жалғыз ғана ұғым күшеюде. Ол – суға салсаң бат­пайтын, отқа салсаң жанбайтын Капитал. Жиырма бірінші ғасырдың еншісіне тиген кесапаттарды атап-атап айтуға екі қолдың саусақтары жетпейді. Өйткені, олар күн өткен сайын өрби өсуден бір танған жоқ. Бағдаттың моласына тағы бір көз тоқтатып қарадым. Қадірлі Мұха­мет әкей­ді осы жерге жерлеген күннің ертесінде Бағдат екеуіміз мола басына бірге келіп, сәл дамылдап тұрған едік. Әкесін өлімге қимаған Бағдат мұңлы. Көп сөйлемейтін досым Уақыт, Кеңіс­тік, Өмір мен Өлім туралы толға­на тебіреніп еді. Ал жүректі жеген қан­шама сұрақтар жауапсыз қалған. Ол сұрақ­тардың ауырлығы сонша, оларды сыртқа шығару мүмкін емес болатын. Бөгдеге айтылмайтын, бөгдеге шашпайтын сырлар еді ғой. Біз қашанда жанымызды жеген ойларды бір-бірімізге ашық айтушы едік. Бағдат та тартынып қалмайтын. Бірақ, ол қашанда сабырлылық, кеңдік танытып отыратын. Бағдат нағыз ойшыл нарқасқа азамат еді ғой!  

Аэропортта

Ақ қайда, қара қайда, кімдікі дұрыс, кім­дікі бұрыс екенін біліп болмайтын дүдәмал тоқсаныншы жылдар. Бағдатпен Алматы аэропортында кез­десіп қалдық. Алматы аэропорты ауа райына байланысты үш сағатқа жабылып қалыпты. Күтуге тура келеді. Бағдат Өскеменге, мен Мәскеуге ұшуым керек еді. Көптен бері кездеспегендіктен бірден шешіле сөйлесіп әңгіме-дүкен құрып кеттік. – Бағдат, Атомпромды қалдыр­дыңыз ба? – Титан-магний комбинатымен жек­пе-жек қалдым. Бұл – еліміздегі ең үл­кен кәсіп­орындарымыздың бірі. Осы ком­бинатты жылдам ре­конструкциялау керек. Жа­ңа тех­нология енгізу қажет. Шет елдердегі заводтарда цех ішінде босып жүрген адамдарды көр­мейсіз. Технология толық автоматтандырылған. Әрине, реконструкция жасау үшін қыруар қаражат керек. Социализмнен кері ка­питализмге ауысқан біздер үшін капитализмнің қитұрқы тетік­терін ұғынып, білгенімізді іске қосу оңайға соқпауда. – Қазір сіздерге не жетіспей жатыр, Бағдат?.. – Бәрі де. Титан өнімін шы­ғаратын шикізат жоқ. Шикізат Ресей мен Украи­нада қалды. Бұрынғы Совет үкіметі емес. Бөлек, бөтен елдер. Қамба титан өніміне толы, тек оны кімге сатуды білмей далмыз. Еуропа мен Азияға сата алмаймыз. Біз оларды, олар бізді білмейді. Тіпті, оларға қалай сатуды да түсініп болғамыз жоқ. Содан Қазақстан да, Ресей мен Украина да титан өнімдеріне қамбаларын толтырып не істер­лерін білмей дал болып отыр. Ақша да жоқ. Жұмысшыларға еңбекақы төлемегелі екі ай болды. – Өте қиын жағдай екен. – Қиыныңыз не, нағыз трагедия. Комбинатты бізге сатыңдар деп халық­аралық кезбе сұмырайлар жүр. Ата-баба­ларымыз өз қолда­рымен тұрғызған комбинатты сұмырайлардың қолына қалай ұстатып жібере аламыз? Бізде не... намыс жоқ па? Қазір бүкіл Қазақстанды сатып алуға дайын халықаралық алаяқ бөрілер жыртылып айырылады. – Қазақстанды ғана емес, бүкіл бұрын­ғы Совет Одағын. Шеттің алпауыттары құлап-қирап жатқан біздерді қиналмай жұтып жібереді. Боламыз ба, әлде жоғаламыз ба? – деген Гамлеттің сұрағы көкіректен жа­нымызды суырып алуға дайын тұр. Бағдат жан қиналысын өзіне тән сабыр­лылықпен айтты. – Гамлет сұрағы бүкіл бұрынғы Совет Одағын, коммунистердің қарауында тіршілік жасаған Шы­ғыс Еуропа халық­тарының жан­дарын бір шүберекке түйген ауыр кезең еді. Қазақстанға шүй­ліккен Батыс алпауыттарына біздің жанымыз да, тәніміз де түкке керегі жоқ. Оларға керегі қазақ жерінің астындағы, үстіндегі қазыналары ғана. Олардың бізді адам деп санамайтындарын көздері айтып тұратын. – Үшінші әлемнің кең тыныс алып өмір сүріп кетуі оңай емес, мен білсем. Бұл мойнымызға еркін асып алған қамыт қой, – дедім. Бағдат менімен келіскендей басын изеді де, үнсіз қалды. – Есік алдына шығып сөйле­сейік. Сіз де темекі тартыңыз, – деді Бағдат темекі қорабын сау­сақ арасында айналдырып отырған маған күлімсірей қарап. Ұшақ күткен адамдар көбейген соң Бағдат оңаша шығып сөйлескісі келген болса керек. Ресми адамдар ұшатын залда көз де, құлақ та көп. Далаға шығып аздап серуен құрғанымыз дұрыс болды. Бой жаздық. – Темекіні көп тартады екенсіз, – деді Бағдат, – жүрегіңізге операция жасалды ғой, абай болыңыз. Күтінгеніңіз дұрыс болады. Мен Бағдаттың көзінен шын жана­шырлықты көріп тұрдым. Адал достық көңіліне риза болдым. Ресми адамдар отыратын жерге адамдар келе бастады. – Алматы аэропортының ашылатын түрі бар, – деді Бағдат ойлы жүзін маған бұрып: – Титан-магний комбинаты тоқтаусыз жұмыс істейтін өндіріс орны. Осы тоқтаусыз өндірісті тоқтатсам деймін. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Қыруар қаржы керек. Сол біреу бүкіл комбинат үшін басын бәйгеге тігуі керек. – Өзіңізден басқа кім тігеді? Басқаның басы­ның үкіметке не керегі бар? –дедім. – Әрине, керегі жоқ, – деп келісті Бағдат. – Комбинатты рекон­струкцияға бүгін тоқтату керек. Кейін кеш болады. Мен бұл туралы бір жыл ойландым. Бәрін таразы басына салдым. Қауіп­ті де, қатерді де... Бәрі жақсы болса, келетін пайданы да бөлек есептеп қойдым. Банктен алған қарызды қайтару керек қой. Аңдайсыз ба, қандай кеса­паттар бізді тосып тұр. Жүз рет өлшеп-піштім. Мың рет санадым. Біздің комбинаттың инженер-техниктері сауатты. Сауаттылық жөні­нен ешкімнен кем емеспіз. Бұл өзі сонау кеңестік дәуірден қалыптасқан дәстүр. – «Шешінген судан тайынбас» деген атам қазақ. – Көңілде жүрген күдігімді сізбен бөліскенім ғой. Нартәуе­келдің алдындағы қобалжу ерекше болады, – деді Бағдат. Бет-әлпе­тінде асып- сасудың нышаны да жоқ. Ол қашанда жинақы, неге болса да дайын, шиыршық атқан сенімді де сабырлы қалпын берік ұстайтын. Бұл Бағдаттай нар тұлғаның дер ша­ғы еді. – Сізді комбинаттан іздеп жатыр, – деп кеңесшісі Василий Григорьевич Бағдатқа телефонын ұсынды. Аржақтағы адамның сөзін бөлместен тыңдап барып: – Барлық құжаттарды дайындап бүгін Аста­наға ұшыңыздар. Мен қазір биле­тімді Аста­наға ауыстырамын, – деді. Сөз осымен бітті. Бағдаттың жүзі сал­қын тартыпты. Тек көзінде ерекше нұр ойнап тұрған. – Президент шақыртып жатыр. Рекон­струкция бойынша. – Жақсылыққа болсын. – Бұл дұрыс болды, – деді Бағдат. – Сізді іздеген себебім әкейдің жазған кітабы бар еді. Соны оқып шықсаңыз. Орыс тіліне аударып «Абай» клубының кітапханасынан шығарсаңыз деп едім. Әрине, қарсы болмасаңыз. – Менде ешқандай қарсылық жоқ. Кітап не туралы?.. – Әкейдің өмір жолы. Соғыс... Аштық... Тіршілік аясы ғой. – Аштық туралы жазса, батыр адам екен. Мен Мәскеуден Якутияға ұшпақ­пын. – Якутияда не бар? – Якуттар өндірістерін келім­сек­терге сатқан жоқ... Бағдат үндемеді. – Прибалтикада боласыз ба? – деп сұрады. – Онда да боламын. – Солардың мән-жайын тере­ңірек білсеңіз. – Сізге керек пе? – Өте қажет. Жағдайды сенімді доста­рыңыздан сұрастырарсыз. – Мен өмірде ақша емес, дос жинаған адаммын ғой, Бағдат. – Өте дұрыс. Реке, титанды өндіру бар да, оны сату бар ғой. Мен басымды изедім. Көптен кездес­пеген Бағдат досыммен ойда жоқта аэропортта кездесіп, енді асығыс қоштасып жаттық. Уақыт та, Кеңістік те адамға жеткізбейтінін түсіндім. Адам жағалаудағы құмның бір түйір­шігі ғана, ал ғалам шексіз. Бағдат Астанаға, мен Мәскеуге ұш­тым. Ұшақ көк аспанға әуелей көте­рілген соң Бағдат туралы ойға берілдім. Алып комбинатты алып адам ғана көтере алатын еді. Бағдат досым алып адам болатын.  

Өскемен

Екі жыл өткенде Өскеменге тағы бір жолым түсті. Әдеттегідей Бағдатқа телефон соқтым. Ертеңгі күні комбинатта кездесетін болып келістік. Бағдат мені жылы қарсы алды. Жайғасып отырған соң Бағдат комбинат туралы әңгі­меге көшті. – Кезінде мен сізге комбинатты реконструкциялау керек деп айтқаным бар еді ғой. Есіңізде ме? Тоқтатуға болмайтын, тоқтаусыз өнеркәсіпті бес айға тоқтаттық. Сонан соң қайта іске қостық. Сол бес айдың ішінде біз өнеркәсіпті жаңа үрдіс техникамен жабдықтап үлгердік. Бұл әлемдік деңгейге пара-пар жаңа қазақтың жаңа титан-магний комбинаты болатын. Бұл жаңа Қазақстанның жаңа өнеркәсіп қозғалысының басы деп бағалануы керек. Өйткені, бұндай нартәуекел ұмтылысқа әлемде ешкім барған емес. Мен барлық жауапкершілікті мойныма алдым. Техникалық, техно­логиялық процестердің бәрі алдын ала сұрыпталған, кең, терең талқыланған. Талай ұйқысыз түндерде ой елегінен өткен. Ме­нің ғана емес, комбинаттың ин­женерлік күшінің тегеурінді ізде­ністерінің салмағын көрсеткен. Мен бұл нартәуекелге батыл бардым. Өйткені, бұл Қазақстан Республикасының бола­шағы үшін керек болатын. Нені болса да алыстан аңғаратын, ұлт болашағы арқылы әлемге көз салатын Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевқа да сенген едім. Анығында, кімде-кім өндірісті өркендетуге қаржы салса, түптің-түбінде сол жеңіп шығады. Сол өндіріс орны аяғынан жылдам тұрып кететіні даусыз. Біздің бұл жанталасымыз ел-жұртымыз – Отанымыз үшін керек.  

Париж

Париждің қақ ортасындағы кітап дүкенінде Бағдатпен кездес­кенім де ұмытылмайтын бір сәт еді. Көше толы француз кафелерінің біріне жайғасып отырып кофе іштік. Бағдат нағыз капиталист болып, толып-толысқан көрінді. – Қашан келдіңіз? – деп сұрады. – Үш күн болды. – Қайтыс қашан? – Бүгін түнде. – Менімен бірге қалыңыз. Сізге айтатын жаңалығым бар. – Айтыңыз, – дедім. – Кездеспе­генімізге талай болды ғой. Неге жалғыз жүрсіз? – Жалғыз емеспін. Қазір француз достарым келеді. Францияда француздармен бірлескен «Albert & Duval» деген завод аштық. Қазір сол заводта жүрмін. Мен биыл шет елдерде ұзақ болатын түрім бар. Бүгін Халықаралық авиакосмос саласындағы пайдаланатын титанның 17 пайызы біздің комбинаттың үлесіне тиесілі. Бұл – керемет көрсеткіш. Бірақ бізге бұған малданып отыра беруге болмайды. Титанның әлемдік көлемінің 30 пайызын біздер шығаратын болсақ, титанның әлемдегі нарық процесіне, туралап айтқанда, бағасына ықпал жасай алсақ, біздің жарағанымыз. Менің титан өндірісіндегі басты мақсатымның бірі де сол. Біз көздеген мақсатымызға асығып-аптықпай жоспарлы түрде еркін қол жеткізіп келе жатырмыз. Бұның бәрі – біздің комбинаттың жұмысшыларының, инженер кадрларының ерен еңбегі. Біздің комбинат жас комбинат. Әлі елуге де толған жоқ. Кеше ғана ал­ғашқы метал­лургтердің балалары комбинатқа келген еді, енді немерелері комбинатта жұмыс істеуде. Үлкен, берік жұмысшылар әулеті қа­лыптасты. Метал­лургтерге арнайы салынған Согра қала­шығында тіршілікке керектің бәрі бар. Реке, Өс­кеменге келіңіз. Комбинаттың жанынан екі үлкен жаңа завод салдық. Біреуі – осы француздармен бірлесіп ашқан «Albert & Duval» болса, екіншісі – Оңтүстік Кореямен бірлесіп сал­ған «POSSO». Сограда ең озық медициналық аппараттармен жабдықталған үлкен емхананы іске қоспақпыз. Бұның бәрі болашақ үшін керек. Дендері сау, ойлары анық, мақсаттары биік ұрпақ дайындау керек. Әлемде жүріп-тұру үшін тіл білу керек. Ағылшын тілі. Кеше орыс тілін үйреніп, өз тілімізді күлтөкпеге тастай жаздаған халық болдық. Оны несіне жасырамыз?! Бүгінгі қазақ ағылшын тілін жақсы білуі қажет. Өсер ұрпақты өнерлі, сегіз қырлы, бір сырлы қылып өсіре алсақ, қазақта өзге арман да болмас... Қайдам, тірі адамда арман таусылмас. Тірі адам тірлігін жасайды. Өмір өткінші екен. Оны да адам өлерінің алдында ғана амалсыз мойындайды. Бағдат екеуіміз бір-бірімізді қимай Париждің қақ ортасында қоштасып тұр едік. Сібірлеп жауын жауған. Ал Бағдаттың жүзі жарқын еді. Оны елімізде үлкен істер тосып тұрған. Ол соған асығулы бола­тын.  

Аурухана

Мен қайтып Бағдатты тірісінде көре алғаным жоқ. Анда-санда ұялы телефонмен хабарласып тұрдық. Өскемендегі хатшы қыздар «Бағдат Мұхаметұлы батыста, іссапарда жүр», дей берді. Бағдаттың дүниеден қайтқаны туралы суық хабар мені түн ортасында аурухана төсегінде қуып жетті. Мен қайтып жата алмадым. Таңғы ұшақпен Өскеменге, Алтайда дүниеден өткен қадірлі досым Бағдат Шаяхметовтің қазасына асықтым. Ардақ­ты аза­маттың қабіріне бір уыс топырақ салу парызы бар еді. Бағдат қашанда сабырлы, ойлы қалпынан асқан емес. Нені айтса да ойланып барып айтатын. Айғай са­лып шындықты арзандатып алатын кездеріміз ұшырасады. Соның бәріне Бағдаттың жаны қарсы болатын. Өзі көзге көп түспеуге тырысатын. Бұқтырма су қоймасында кемемен жүзген кезіміз есіме түседі. Бағдат Бұқ­тыр­мада жүзіп келе жатқан кемені тоқтатып, сигнал бергізді. – Реке, Бұқтырма су қойма­сының астында не қалмады дейсіз?!. Дәл осы жерде менің кін­дік қаным тамған Камы­шенко селосы су астында жатыр. Бұқтырмада жүзген сайын осы тұста кемені тоқтатып, сигнал бергіземін. Туған ауылыммен солай амандасамын. Су астында қалған селоның әр көшесі, әр үйі көз алдымда. Жас ұлғайған сайын түсімде сол көшелерге жан бітеді. Сол көшелер маған қарай жөңки қозғалып келе жатқандай болады. Сол кезде түсім­нен шошып оянып, көп уақытқа дейін төбеге тесіліп құр жатамын да қоямын. Адам баласының ғұмырында жақсылық пен жамандық қатар жүретін болса керек. Маған сол су астындағы көшелер мәңгі жылап жатқандай болып елестейді. Бағдат біраз үнсіз отырып барып, жасаураған көзін сүртті. Бұл өмірде айтылатын да шындық бар, айтылмайтын да шындық бар. – Сіздің өміріңіз туралы «Өне­гелі өмір» сериясына кітап жа­зайық деп Алматыдан жігіттер келіпті. Мен елдің алдына шығып жүргенді ұнатпай­тын адаммын. Осы Өскеменнің бір рес­­­­то­ранының есігін ашпаппын. Біреудің тойы­н­а бармаппын. Менің есіме комбинаттың бас маманы Николай Колобовтың: – Телевизордан нағыз ер ең­бек адамдарын көрсету керек қой. Көрсетпейді. Таңғаласыз. Мысалы, Бағдат Мұхаметұлын көрсетсін. Нағыз отаншыл. Отаны үшін жанын беретін адам сол. Бірақ, біздің прези­дент теледидардан жылтыңдап шы­ға бергенді жақсы көрмейді. Ол кісі таңғы бестен түнгі онға дейін комбинатта. Оның өмірі – комбинат. Ал комбинат Бағ­дат Мұхаметұлының тағдыры десе болады. – Құдай бізге көктен бере салған Тәу­ел­сіздікті жанымызды салып игеруі­міз керек қой. Біз шабан қи­мылдаудамыз. Жылдамырақ жү­руіміз керек еді. Тын­дыратын істер көп. Шығысымызда Қы­тай тұр аларып, Батысымызда орыс тұр сығалап. Осы екі мемлекетке де белшеден қарызбыз. Ол қарызды қайтару керек. Ал маған жігіттер «Өнегелі өмірде» сіз туралы кітап шығарайық дейді. Оны қай бетімізбен шығарамыз деп қатты қынжыламын, – деді Бағдат. Бұқтырманың көгілдір суы жайлы, жұмсақ ағып жатыр. Лүп еткен жел жоқ. Қапырық.  

Бейіт басында

Бұл жалғанда адам баласына бар керегі екі аршын жер ғана екен... Әке, Ана, Ұл жатқан аумақты бейіт басына қарап үнсіз тұрмын. Қарашада дәл осы бейіт басына келуімнің сыры – Бағдат Шаяхметов 70 жасқа толатын күн тақаған. Жер-жерден Бағдаттың достары Өскеменді бетке алмақ. Бағдат Шаяхметов – қазақтың құша­­ғына сыймай кеткен асыл тұлға. «Алға, достар, тек алға!» деп Қазақ елінің болашағына сенген Бағдат Шаях­метов әуелі халқының сәулелі санасына үміт артқан. Сол қазақ ұлтының берекесі үшін жанын салған. Бағдат Шаяхметов – қазақты өз титан өнімімен әлемдік додаға алып кіріп, сол додада жеңіп шыққан қазақ. Қарсы алдымда – үш мола, үш ескерт­кіш үнсіз жатыр. Шарбақ сыртында мен де үнсізбін. Машина ішіндегі радиодан Абайдың романсы лезде көкке көт­еріліп, үнсіз жазықты дүр сілкін­дірді. ...Мен көрдім дүние деген иттің көтін Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін. Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда Көбінің сырты бүтін, іші түтін. Абай айтқан, біз айта алмаған ақи­қатқа бас ұрған – Роллан СЕЙСЕНБАЕВ