11 Наурыз, 2011

Көктемгі егіске көрсетілген қолдау азық-түлік бағасына да әсер етуі тиіс

454 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында алдымыздағы көктемгі егіс науқанына әзірлік мәселелері қарастырылды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуы бойынша, биылғы жылы еліміздегі жалпы егіс алқабы 21,3 миллион гектарды құрайды. Оның 16,5 миллион гектарына дәнді дақылдар, ал 1,7 миллион гектарына майлы дақылдар тұ­қы­мы сіңірілмек. Осы ретте елімізде қолға алынған мал шаруа­шы­лығының жемшөп базасын ны­ғайту жөніндегі тапсырмаға бай­ланысты жемді және дәнді бұр­шақ­ты дақылдар егістігінің алқа­бы 94 мың гектарға арттыры­ла­тын болады. Сонымен қатар жем-шөп алқабы көлемін 95 мың гектарға көбейту көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрі көктемгі егіс науқанына қа­тысатын қолда бар техниканың 88 пайызы әзірлік сапына қойыл­ғандығын мәлім етті. Бұл был­тырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға арттық. Өткен жылы еліміз ауа рай­ындағы қолайсыздықтарға қара­мас­тан жаңа технологияларды, соның ішінде ылғал сақтау тех­но­логияларын қолдану нәтиже­сін­де егіншіліктен едәуір өнім алуға қол жеткізген болатын. Би­ылғы жылы ылғал сақтау тех­но­логиясы қолданылатын егіс ал­қа­бының көлемі одан әрі арт­ты­ры­лып, жалпы дәнді-дақылдар егіс­тігінің жарым-жартысын, яғни 8,1 миллион  гектарды құра­мақ. Ал ылғал сақтау техно­ло­гия­ла­рын қолданатын алқап­тар­дың жалпы көлемі 11,9 миллион гек­тарды құрайтын болады. Бұл бар­лық егістіктің 68 пайызына шамалас көрсеткіш. Сөйтіп, өткен жылмен салыстырғанда осы технологияны қолдану аясы 650 мың гектарға немесе 6 пайызға артатын болады. Отырыс барысында көктемгі егіс науқанына қатысатын ауыл шаруашылығы тауар өндіру­ші­лерін тиісті көлемдегі жанар-жа­ғармаймен қамтамасыз ету мә­се­лесі жан-жақты сөз болды. Осы бойынша сөз  алған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев жа­нар-жағармаймен қамтудың об­лыс­тар бойынша нақты кестесі жасалғандығын, осыған сәйкес 354 миллион тонна арзан­да­тыл­ған дизель отынын бөлу жос­пар­лан­ғандығын айтып өтті. Сауат Мың­баевтың айтуынша, мұнай өңдеу зауыттары дизель отынының әрбір литрін 59 теңгеден босататын болса, ол ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қолына 68 теңгеден тиетін болады. Дизель отынына бөлшек саудадағы қазіргі баға әр литрге 76 теңгеден келетіндігін ескерсек, мұның өзі шаруалар үшін едәуір жеңілдік екендігін байқауға болады. Отырыста сөз алған «Заречное» тәжірибелік далалық шаруа­шы­лықтың бас директоры Валентин Двуреченский егін шаруа­шы­лығы саласындағы жұмыстарды жүзеге асырғанда нөлдік техно­ло­гияға ерекше мән берудің ар­тық­­шылықтары туралы әңгіме қозға­ды. Оның айтуынша осы техно­логияны пайдалану нәтижесінде егістіктің құнарлылығын әлде­қай­да арттырып, соның нәти­жесінде әр гектардан алынатын өнім берекесін 10 жылдың ішінде 1,5 пайызға, 20 жылдың ішінде 2 есеге арттыруға болады. Осыған байланысты Австралияның және басқа да елдердің тәжірибесінен мысалдар келтірілді. Үкімет отырысына интерактивті байланыс арқылы қатысып отырған өңірлер басшыларының ішінен Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов бұл технология­ның пайдалы жақтарын айтып, Валентин Двуреченскийдің ұсы­ныс­тарына қолдау білдірді. Серік Үмбетов Алматы облысында 76 мың гектарға аталған техно­ло­гияның қолданылып, пайдалы жақ­тарын көрсеткендігін мәлім­деді. Үкімет отырысында аталған технологияны енгізу жөнінде тиісті өңірлерде семинарлар өткізу жөнінде ұйғарым жасалынды. Отырысты қорытындылаған Кәрім Мәсімов қазіргі мәлімет­тер­ге қарағанда көктемгі егіс нау­қанына әзірлік жұмыс­та­ры­ның ойдағыдай жүргізіліп жат­қан­дығын атап көрсетті. Соны­мен қатар Үкімет басшысы Ауыл ша­руашылығы министрі Ақыл­бек Күрішбаевқа ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндірушілерді субсидиялау жұмыстарын азық-түлік тауарларының бағасын арзандату шараларымен байла­ныста жүргізуді тапсырды. Мұ­ның мәнісі көктемгі егіс жұ­мыс­тарына арзандатылған дизель оты­нының бөлінуі онда өнді­рілген өнімдердің бағасына әсер етіп, бағаның да арзандауына әкелуі тиіс. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.