12 Наурыз, 2011

Алдымен балаларының жағдайын қамдасын

425 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
А.ШАРХАНОВА. «Егемен Қазақстан» газетінің 2011 жылдың 26 ақпаны күнгі нөміріндегі «Парламент» арнаулы бетінде Жарасбай Сүлейменовтің «Бе­сіктен белі шықпай жатып, өмірден неге түңіледі» деген мақа­ла­сы жарияланды. Сол жарияланым бойынша менің депутатқа нақты өз мысалым негізінде сауалым бар. Мен 10 жыл некеде тұрдым. Бұ­рынғы жұбайыммен арамызда 3 жас баламыз бар, біз ажырасқан соң олар менің асырауымда қалды. Мен мемлекеттік қызметте жұмыс істеймін. Қазіргі таңда жұбайым 3 перзентіне 10 мың теңге алиментті әрең төлейді, ортақ салынған үйді алаяқтықпен қайын атама ауыстырып жіберген. 3 перзентімнің туған әжесі Әсемкүл Ернишева немерелерін мәжбүрлеп үйден шығаруға сотқа арыз­данған. Ажырасқанына 6 ай өтпей 2-ші рет үйленген арсыз, имансыз әкелерінің салдарынан 2 ұлым да өмірден түңілгендей, қызым неғып менің әкем осындай болды деп сұрақ қояды. Бірінші отбасын қамтамасыз етіп, балала­рына жағдай жасап беріп, үлкендер әрі қарай өздерінің арасындағы кикілжіңді шешсе, екінші құрған отбасы да берекелі болар еді ғой. Қазір имансыз енелер, олардың арсыз балалары қаншама келіндердің өмірін қиындатып жүр десеңізші. Ішерге тамағы, киерге киімі жетпей, шаршап-шалдығып, өмірден баз кешіп кеткісі келіп жүрген, одан қалса баспанасы жоқ, көңілдері жарым тірі жетімдер қаншама. Сондықтан, ең алдымен жалғызілікті әйелдердің жағдайын ойласты­ру керек. Еркектерге ажырасасың ба, ең алдымен балаларыңды баспанамен қамтамасыз ет деп заңмен белгілеп, қазықтай қағу қажет. Балаларына пана бола алмайтын еркектерге жауапкершілік сезімі даритын шығар сонда. Мәселенің түбі осы. Ажырасып, ырду-дырду болып жүрген ата-ана балаларына қандай жағдай жасамақ?! Міне, балалар суицидінің бір парасы осы мәселеде жатыр ма деймін. Басқа жағдайлардың бар екенін де жоққа шығармаймын. Түркістан қаласы.