12 Наурыз, 2011

Өтемақы өмірмен өлшенетін болды

360 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Еліміз Азаматтық кодексінде қызметкердің денсаулығына келтірілген зиянды өтеу тәртібі нақ­ты белгіленбеген-ді. Осы мәсе­ле­нің көтеріліп келе жатқанына да біраз болғаны белгілі. Үкімет та­рапынан Парламент депутаттары бастама­шы­лығымен әзірленген «Қа­зақстан Республикасының Аза­маттық кодексіне (Ерекше бөлім) өзгерістер мен толықты­рулар енгізу туралы» заң жобасының қолдау табуы үлкен жетістік. Валерий КОТОВИЧ, Мәжіліс депутаты. Мүгедектер мемлекет тарапынан қолдауға ие десек те ол түбегейлі шешімін таппай келді. Егер кәсіп­орын жұмыс істеп тұрған болса, онда аталған жұмыс орны жапа шеккен қызметкері үшін ай сайынғы төлемін төлеп тұрады. Егер аталған кәсіпорын банкроттыққа ұшыраса, онда оны мемлекет өз мойнына алады. Осы ретте денсаулығына кел­тірілген зиян үшін төлем қыз­меткер 70-ке келген соң тоқтаты­латын. Міне, бұл мәселе депутаттар алдына өткір қойылып келген еді. Осыған орай біз заң жобасына банкроттық салдарынан таратыл­ған заңды тұлғалардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі капиталдандырыл­ған төлемдерді алған қызмет­кер­лерге жасын шектемей жүзеге асы­руды қарастыруды ұсындық. Енді жас жағынан шектелмейтін болды. Тағы бір мәселе, төлемдердің индексацияланбауы. Соның сал­дары­нан, мәселен 2000 жылы та­ғайындалған төлемдер сол жыл­дардағы жалақыға сәйкес есептелсе, одан бергі уақытта ол ешқандай өзгеріске ұшырамай келген. Енді заңдық құжатта ол жыл сайын қайта қаралатын болып көрсетілді. Шынтуайтына келгенде, бұл мәселемен айналысып келе жат­қанымызға да 4-5 жылдай болып қалыпты. Бірқатар кәсіпорын­дар­дың банкроттыққа ұшырағанына байланысты бюджет есебінен капи­талдандыруға қол жеткізіп, олар­дың құқын қорғап қалған болатын­быз. 2008 жылы тіпті осы мәселе­мен Конституциялық Кеңеске де жүгінген едік. Өкінішке қарай, Конституциялық Кеңес 40-қа тарта депутаттың қолы бар үндеуді қай­тарып берді. Сондағы уәждері: Аза­мат­тық кодекстегі норманы Конс­титуцияға таңа алмаймыз. Ал біз өз тарапымыздан азаматтарымыздың конституциялық құқын аяқасты етіп отырмыз деген ойымызды жеткізген болатынбыз. Артынан Үкімет тарапынан ведомствоаралық комиссия құру қажеттігі жөніндегі ше­шімнің шығуына түрткі де болдық. Үш жыл қатарынан осы мәселе төңірегінде әр түрлі есептеулер жүр­гізіліп, оған қажетті қаржы қарастыру жан-жақты пысықталды да. Қарағанды, Степногор қала­лары­нан келген делегациялар өз ұсы­ныстарын да ортаға салып жат­ты. Негізінен бұл проблемалар осы екі өңірге ғана тиесілі емес. Бұл мұнай-газ, тау-кен, тіпті минерал­дық тыңайтқыш өндіретін кәсіп­орындардың қызметкерлеріне де қатысты мәселе. Осы жерде ерекше айта кетерлігі, егер Елбасының өзі араласпағанда бұл мәселе шешімін табар ма еді, таппас па еді. Саяси шешім қабылданғаннан кейін ба­рып аталған мәселе бойынша сең қозғалды десе де болады. Осы мә­селеге 1 490,6 миллион теңге қо­сым­ша мемлекеттік шығыс Респуб­ликалық бюджеттік комиссияның 2010 жылғы 28 тамыздағы шешімімен мақұлданды және ол «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңда көрініс тапты. Яғни, 2011 жылы 436,6 миллион теңге қарастырылса, 2012 жылы – 497,9, 2013 жылы 556,1 миллион теңге қарастырылған. Қорыта келгенде, Парламент де­путаттарының бастамашылығымен өмірге келген «Қазақстан Респуб­лика­сының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім) өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» Заң Үкі­мет тарапынан мойындалды. Осы­ның өзі үлкен жетістік екенін айта келіп, бұл депутаттардың талабын арттыра түсеріне кәміл сенемін.