Экспедиция 42 күн бойы өтті. Онда экспедиция мүшелері Антарктиданың сарышұнақ сары аязында ғылыми зерттеулер жүргізіп қайтты. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Антарктидаға барған «Тәуелсіздік полюсі» ғылыми-зерттеу экспедициясының қорытындысы туралы баспасөз мәслихатында белгілі болды. Экспедицияға команда капитаны Мағжан Сағымбаев, спортшылар Юрий Юшин, Ілияс Ғалымбеков, ғылыми қызметкерлер Дәулет Шәріпов, Арман Баймұхамедов пен команданың жалғыз аруы - Әлия Ерназарова қатысты. Олар Антарктиданың Винсон шыңына шығып, Оңтүстік полюске шаңғымен жетті.
Брифингте ғылыми сапар туралы "Қазақ географиялық қоғамы" ҚБ төралқа төрағасы Төлеген Тастанбеков баяндады. Ол экспедицияның мәні мен маңызы туралы кеңінен айтып берді.
«Жобаның барлық үш кезеңі сәтті өтті. Біздің қыз-жігіттер Винсон шыңына шығып, шаңғы экспедициясы мен ғылыми зерттеулерді жүргізіп қайтты. Еліміздің тарихында алғаш рет Тәуелсіздік күні Қазақстанның мемлекеттік туы Антарктиданың ең биік нүктесіне көтерілді. Экспедицияға қатысушылар отандастарымызға екі рет сый жасады. Яғни, олар 16 желтоқсанда Винсон шыңынан елімізді Тәуелсіздік күнімен құттықтап, 31 желтоқсанда Оңтүстік полюсінен жаңа жыл қарсаңында құттықтау сөздерін жолдады. Экспедиция көптеген адамдардың атсалысуымен жүзеге асты. Осыған орай, мен шын жүректен Қазақстан ұлттық географиялық қоғамы QazaqGeography қамқоршылық кеңесінің төрағасы Кәрім Мәсімовке, QazaqGeography басқарма кеңесінің төрағасы Қанат Байғаринге, ҚХА төраға орынбасары Ералы Тоғжановқа, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Ерболат Досаевқа, «Қазақ Географиялық Қоғамы» ҚБ қамқоршылар кеңесінің төрағасы Нұрлан Абдуовқа, Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсуға, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа, Д.С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің бірінші проректоры Нұргүл Хамзинаға, сонымен бірге журналистер, блогерлер мен барша Қазақстан халқына бізге сенім артып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Шын жүректен сіздерге үлкен рақмет!», - деді ол.
Атлеттер Мағжан Сағымбаев, Юрий Юшин, Ілияс Ғалымбеков мен дәрігер Дәулет Шәріпов Оңтүстік полюске алғаш рет барған қазақстандық шаңғы экспедициясының мүшелері болып отыр. Олар 11 күнде 217 шақырымды мұздың үстімен жүріп өтті.
Жиында QazaqGeography Алматы қаласы өңірлік өкілдігінің басшысы, экспедиция тобының жетекшісі Мағжан Сағымбаев та Антарктидада алған әсерлерімен бөлісті. «Экспедиция капитаны болғаныма қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Сол себептен біздің командамыздың әрбір мүшесі 100 пайызға жұмыс істеді. Әрине, жолда қиын жағдайлар да болды. Дегенмен біз қандай қиындық болса да оның бәрін жеңе білдік. Бізге қолдау көрсетіп, сенім артқан барша қазақстандықтарға алғысымды білдіремін. Антарктидада экспедиция барысында жинаған баға жетпес өмірлік тәжірибе үшін және бірегей мүмкіндік үшін ҚазГеоге және менің достарыма алғысым шексіз»,- деді ол.
Экспедицияның ғылыми бөліміне биология саласында және Антарктиданың төтенше жағдайында адам физиологиясына әсер беретін деректерді талдаған жас қазақстандық ғалымдардың зерттеулері енді. Алдағы кезде соның нәтижесі бойынша дөңгелек үстел мен шеберлік сабақтар өткізіледі. Осыған байланысты экспедицияның ғылыми қызметкері Арман Баймұхамедов жақын арада сапардың қорытындысы жан-жақты зерттеліп, ғылыми жұмыстардың нәтижесі шығатынын, оған мамандар талдау жасайтынын атап өтті.
«Антарктидаға жер-жүзінің көптеген ғалымдары келеді. Оны зерттегісі келетін адамдар өте көп. Сондықтан біз ғылыми-зерттеу экспедициясының мүшесі болғанымыз үшін қуаныштымыз. Біздің ғылыми тобымыз адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау саласында зерттеулер жүргізу үшін көптеген деректер жинады. Юнион Глетчер базасында болғанымызда шетелдік ғалымдармен танысып, Антарктиданы зерттеген жетекші елдердің зерттеу тәжірибелерін қабылдап келдік. Енді сапардың нәтижесіне талдау жасайтын боламыз», деді жас ғалым.
Бұл отандастарымыздың Ақ құрлыққа жасаған алғашқы сапары емес. Алғаш рет ҚазГео командасының 15 мүшесі Антарктидаға 2011 жылы барған болатын. Содан кейін олар Арктика мен Антарктикада екі рет болып қайтты.
Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»