18 Қаңтар, 2017

Мұнай нарығы нені меңзейді?

834 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жер бетіндегі елдердің жартысынан көбісінің экономикасы әлі де мұнайға тәуелді екені рас. «Баррельмен өлшенетін байлықтың биылғы ахуалы қандай болады?» деген сауал сондықтан да көпті ойландырады, толғандырады. Алғашқы болжамдар әр елде, халықаралық ұйымдарда жасалуда. Бұл мәселенің алаңдатуына негіз бар. Өйткені, әл-қуатымыздың ахуалы мұнайға байланысты. Ал «жасыл экономика», баламалы қуат көздері деген ұғымдар жыл санап, күн санап маңызын күшейтуде, қанатын кеңге жаюда.

Баға өсімі қалыпты болады

Мұнай мәселесіне тікелей қатысы бар қазақстандық іргелі ұйымдардың бірі «Самұрық-Қазына» АҚ мамандары ағымдағы жылға арналған болжамдарын ұсынды. Мамандар өткен жылы мұнай-газ нарығы бірқатар сынақтарды басынан кешіргенін айтады. Жаһандық экономиканың құбылмалылығы мен тұрақсыздығы жағдайды тіпті күрделендіріп жіберген. Ал биылғы мұнай нарығын қалыптастыратын негізгі себептер кешегі жылдың соңында-ақ орын алған көрінеді. Қараша, желтоқсан айларында Азияның мұнай экспорттаушы елдері (ОПЕК) мен оған кірмейтін мемлекеттердің кездесуі өтіп, әлемдегі инвесторларға биылғы жылдың жартысына дейін жоспар құруға мүмкіндік берген. Мұнай өндіруді тәулігіне 1,8 млн баррель деңгейінде ұстап тұру келісімінің арқасында мұнай бағасы қарашада – 5, желтоқсанда 8 пайызға өсті.

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры зерттеу командасының болжамынша, ОПЕК мұнай өндіруді қысқартқанымен, оның орны АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндіру есебімен толықтырылады. Тіпті, ондағы бұрғылау қондырғыларының қазіргі санымен-ақ тақтатас мұнайын өндіру көлемі бүгіннен-ақ өсуге бет алған. Мамандар сөзіне сенсек, биыл мұнай бағасының өсімі қалыпты болады, яғни барреліне орта есеппен 50-52 долларды шамалайды.

Мұнайға сұраныс қай кезде өседі немесе төмендейді?

Жаһандық экономикалық өсім мұнай нарығының келешегін болжаудағы маңызды фактор екені рас. Салада кейбір елдердің көрсеткіштері жақсы болғанымен, жағдайы оңды емес мемлекеттер де бар. Десе де, биылғы өсу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда ұлғая түспек. «Самұрық-Қазына» АҚ зерттеушілері 2016 жылғы ішкі жалпы өнім 2,4-3,1 пайызды құраса, бұл көрсеткіш биыл 2,8-3,4 пайызға өседі деп жоспарлап отыр. «Былтыр сатылған көліктер санына қарап, жанармай пайдалану анағұрлым артады деуге болады. Мұнайға сұраныс тәулігіне орта есеппен 1,15 млн баррельге жетеді, яғни 96,5 млн баррельге дейін ұлғаяды», дейді олар.

Расында, қазіргі жағдайда мұнайға сұраныстың өсуі экономиканың тұрақталуына, көлік секторындағы тұтынушылыққа байланысты. Ал төмендеу қаупі отынның балама түрлерін қолдану кеңейген кезде және сол арқылы көлік құралдарының тиімділігін арттырған жағдайда орын алады.

Канада үштікке кіреді

Өткен жылғы 30 қарашада Азияның мұнай экспорттаушы елдері ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап мұнай өндіруді тәулігіне 1,2 млн баррельге қысқартуға, яғни тәулігіне 32,5 млн баррельге дейін азайту туралы шешім қабылдаған. Келісім мерзімі – алты ай. Десе де, ОПЕК өндірісі 2016 жылғы қаңтардағы деңгейде қалады. Мамандардың айтуынша, бұл да келісімдерге қарамастан әу бастан күтілген нәтиже.

9 желтоқсанда ОПЕК-ке кірмейтін 11 мемлекет Ұйым шешімін қолдап, алдағы алты айға өндіріс көлемін тәулігіне 558 000 баррельге төмендетуді ұйғарған. Тиісінше, мұнай өндірісінің жалпы төмендетілген көлемі тәулігіне 1,8 млн баррель болды.

Енді «Самұрық-Қазына» зерттеу командасының болжамына көз жүгіртсек, ОПЕК-ке кірмейтін елдердің өндірісі биыл тұрақталады. Өндіру Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аймағында төмендегенімен, Бразилия мен Канадада артады. Осылайша Канада өндіріс көлемі жағынан Азияның мұнай экспорттаушы елдерінің қатарына жатпайтын Бразилия мен Қазақстаннан кейін үшінші орынға шығады.

Асхат РАЙҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»