Кешегі сананы шідерлеп ұстауға ұмтылған кеңестік қоғамда, елдің азаттығы хақында айту түгілі ойлауға қорқатын кездің өзінде қазақтың алғыр жастары жер-жерде халықтың санасын сілкіндіруге талпыныс жасады. Тарих ғылымдарының докторы Жанна ҚЫДЫРАЛИНАМЕН сұхбатымыз осындай жастар төңірегінде өрбіді.
– Кеңес өкіметі «Алаш» партиясы туралы пікірлерге тыйым салғанына қарамастан, оның идеяларын халықтың жады мен санасынан өшіре алған жоқ. Халықтың ұлттық сана-сезімін өрістетуде Алаш идеясы үлкен рөл атқарды. Оған мұрағат құжаттары дәлел бола алады. Алаш идеясы 1940-1970 жылдары «Қазақ елін қорғаушылар одағы», «ЕСЕП» («Елін сүйген ерлер партиясы») партиясы, «Жас тұлпар», «Жас түлек», «Жас ұлан», «Сарыарқа», басқа да жастар бірлестіктерінің әрекеті ұлттық тарихтың, тілдің, мәдени мұраның қайта жаңғырғандығын, азат ойдың арпалысын айқын көрсетеді. Бұл дегеніңіз, қазақ жастарының бойындағы азаматтық ерлікті, ұлттық сана-сезімнің асқақ үлгісін танытады. Мың жерден тоталитарлық жүйе шідерлеп ұстағысы келгенімен, жастардың бойындағы ерік-жігер құлдық психологияға, отаршылдыққа қарсы күресін үздіксіз жалғастыра берді.
– Сіз мемлекеттік қауіпсіздік органдарының мұрағатында зерттеу жұмыстарын жүргіздіңіз. Жастар ұйымдары туралы мұрағаттарды ғылыми айналымға қостыңыз. Сіздің қолыңызға ең алдымен қандай құжаттар түскен еді?
– Бұл жерде, әрине, алдымен «Жас тұлпар» ұйымының орны бөлек. Арнайы органдардың мұрағаттық мәліметтерінде Мұрат Әуезов пен оның жолдастарының сөйлеген сөздерінің мазмұны туралы былай делінеді: «1937 жылы және одан бұрын да орасан зор мәдениетті жасай алатын жақсы адамдар, қазақ зиялы қауымының ең көрнекті өкілдері құрбандыққа ұшырады.1932 жылы миллион қазақ қаза тапты, оның арасында қаншама дарынды адамдар кетті. Біздің жастарымыз осы туралы хабардар болып, оларды естерінде сақтауы тиіс. Бізде бәрі бар, бірақ бізді біріктіретін, «дөңгелек үстел» басында пікір алмасуға, әңгімелесуге, ойласуға және ұлттық мәдениеттің проблемаларын бірлесіп шешуге, әдебиет, қазақ өмірі туралы айтуға, пікір таластыруға шақыратын ең қажетті нәрсе жоқ. Әкелеріміз бен аталарымыздың дәстүрлері мен салттары ұмытылған. Біздің не сәндік, не ұлттық киімдеріміз де жоқ.
Қазіргі заман жастарының өмірі қызғылықты емес. Олардың көпшілігі ауылдық жерлерде де, қалаларда да көп уақытын ішкілікке салыну, төбелесумен өткізеді, бар болғаны «нантабарлықпен» айналысады. Олардың ішінде бір нәрсе туралы армандайтындар аз. «Жас тұлпардың» міндеті – жастардың жүрегінде ұлттық мәдениетке деген махаббатын ояту, арманға жетелеу. Біздің міндетіміз – қазақ әдебиеті, өнері мен музыкасын ауылдағы қазақтар мен қалалардағы орыс ұлты арасында да насихаттау». Осындай мақсат арқылы «Жас тұлпар» сол кезде үлкен сілкініске ұйытқы болды.
– «Жас тұлпар» азаматтық және азаттық үшін арпалысқан ойларға қанат бітірген тәрізді. Іле-шала жер-жерде қазақ жастары топтасып, ұлттық мүддеге қатысты ұйым құра бастады деген деректер де бар. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Халықтың билікке және коммунистік идеологияға қарсылық көрсетуі жекелеген ашық қарсылықтар, үндеухаттар және басқа да жасырын насихат құжаттарын шығару арқылы жүзеге асты. Оппозициялық қызметтің ең жоғары түрі бағдарламалар, жарғылар, анттарды құрастырудан бастап астыртын топтар мен ұйымдар құру немесе құруға дайындық түрінде болды. Осылайша, «Жас тұлпар» үлгісі бойынша жерлестік бірлестіктер және топтар республиканың түкпір-түкпірінде, сондай-ақ, Қазақстаннан тысқары жерлерде құрыла бастады. Мұрағаттық құжаттарда атап көрсетілгендей, «қазақ студент жастарының ішінен ұлттық топтар құруды Қарағанды медицина институтының студенті Мұрат Кейкин, Горький су көлігі инженерлері институтының студенті Саят Абулхасанов, Мәскеу мұнай институтының студенті Кеңес Орынбасаров ойластырып жүр» деген фактілер бар. Олар мектепте бірге оқыған достар екен. Кейкинде Кеңес Орынбасаровтан Мәскеуде М.Әуезовтің баласы сөз сөйлеген студент-қазақтардың «жерлестік» жиналысында болғанын естігеннен кейін ұлттық топ құру туралы ой туындайды. Абулхасанов Кейкиннің ойын құптайды және өз тарапынан Горький қаласында, осында оқитын студент-қазақтардың ішінен ұйым құру туралы әңгімелер жүргізеді.
Бірақ, қауіпсіздік органының анықтамасында аталған жастар өздерінің түсініктемесінде өз әрекеттерінің қателігін түсінетіндігін, мұндай көріністер бұдан әрі қайталанбайтынын айтады деп хабарланады. Қысқасы, қауіпсіздік органының қызметкерлері жастардың ұйым құруына мүмкіндік бермеген.
– МҚК-нің бақылауы күшті еді ғой ол кезде. Оның қармағына түскендерді неше түрлі жолмен қорқытып-үркітіп, өз дегендеріне көндіретін. Елдің ертеңіне алаңдайтын көбінесе жоғары оқу орнында оқитын студент-жастар екендігі байқалады. Қаладағы әділетсіздікке көз жеткізгендер ғой, сірә?
– Студенттер ғана емес, мектеп өрендері де өздерінің ұлты үшін қалай күресетінін дәлелдеген фактілер де бар. Павлодар қаласы мектептерінің бірінде ән сабағының мұғалімі Нұрбасаров айналасына өзіне таныс оқушыларды топтап, қазақтардың ұлттық мәдениетінің тоқырауы туралы ойды санасына ұялатып, қазақ жастары өз ана тілінде оқып, ұлттық дәстүрлерді сақтап, ана тілін орыс сөздерімен былғамауы тиіс дегенді айтады. Нұрбасаровтың ықпалымен Павлодар қаласындағы мектеп-интернаттың 9-сынып оқушысы, БЛКЖО мүшесі Арман Қаниев 1969 жылы қазанда «Жас ұлан» астыртын жастар ұйымын құрады. Оған Павлодар және Ермак қалаларынан 29 оқушыны тартады. Кейіннен олар ұйымның бес адамнан тұратын «комитетін» ұйымдастырып, төрт жалпы жиналыс және бес «комитет» мәжілісін өткізеді.
Аталған оқушылар тобының жекелеген қатысушылары ұлтшылдық сипаттағы ой-пікірлерді айтып, өлеңдер шығарып, қазақтарға арналған «ата-бабалар туын көтеруге» шақырған үндеухаттар құрастырып, оны жазу машинкасында он дана етіп басып, оның үшеуін Павлодар қаласы мен Павлодар ауданының Кеңес ауылына таратқан.
– Республикада жас мамандар да өз құқықтары үшін күресті деген деректі де бір мақалаңызда келтіріпсіз. Бұл қай облыстарда болған оқиға еді?
–1969 жылдың қыркүйегінде республика партия органдарына Өскемен және Лениногор қалаларында, ішінара Семей және осы облыстардың бірқатар аудандарында жас мамандар 75 адамнан құралған «Ұлттық кадрлар үшін әділдік тобын» құрғаны туралы жазылған жасырын құжат жіберілген. Жасырын құжатта «Кәсіпорын басшыларының бізді қорлағанының және мазақтап күлгенінің бірқатар фактілерінің куәсі болдық және қазіргі кезде бізді жұмысқа алмайды. Осыған байланысты енді жұмысты өзіміз жүргізуге шешім қабылдадық, сондықтан астыртын баспа ұйымдастырып, саяси майдан ашуға бел будық», деп көрсетілген. Бұл дерек – Кеңес өкіметі тұсында қазақ кадрларының қағажу көргендігінің тағы бір дәлелі.
– Тіпті, тоталитарлық жүйенің тұсында жекелеген жастар да өзінің көзқарасын көрсетіп, жүйеге деген қарсылығын білдіріпті ғой. Бұл жөнінде мұрағат құжаттары не дейді?
– Жастардың қоғамдық-саяси жүйеге наразылығын көрсететін мәліметтердің бірі иесі көрсетілмеген құжаттар болып табылады. 1970 жылы студенттерге үндеу түрінде жазылған, қазақ жастарының бірігуі және қазақтардың мүддесін қорғау үшін ұйым құруға шақырған «Ойлан, қазақ» жасырын құжатының авторын айтуға болады. Кейін белгілі болғанындай, үндеу авторы, Целиноград медицина институтының студенті Гүлнәр Бейбітова былай деп жазады: «...Бүгінгі күні барлық ұлттарды орыстандыру саясаты жүріп жатыр... Біз ұлтымыздың тазалығы үшін, Конституция бойынша өз құқықтарымызды қорғауымыз үшін күресуіміз керек. Тіл үшін, қазақтардың мәдениетті деңгейі үшін күресу қажет».
– Тоталитарлық жүйенің қыспағына қарамастан, қазақ жастарының билік деңгейінде жоғары талаптар қойғаны туралы деректер де бар көрінеді...
– «Ұшқын» қазақ жастарының ұйымы атынан КОКП Орталық комитетіне жолданған «Талап» деп аталатын жасырын құжаттың авторы Гурьев облысының тұрғыны, ҚазМУ-дің заң факультетінің студенті Жаңабай Кемелханов екендігі кейін мәлім болды. Ол жазған хатта. «...ешқандай да Қазақ республикасы жоқ. Мекемелерде іс жүргізу қазақша емес, орысша жүргізіледі. Жоғары оқу орындарында оқу – орыс тілінде. Қазақ жерлерінің атаулары қайтадан орысша аталып жатыр», дей келіп Кемелханов Конституцияға сүйене отырып, Қазақстанның КСРО құрамынан шығарылуын талап етеді...
– Мұрағат құжаттары елдің азаттығын аңсаған алаш перзенттерінің жабық қоғамның өзінде күресті жалғастырғанына айғақ болып табылады емес пе?
– ҚазКСР МҚК-нің Қазақстан компартиясының Орталық комитетіне жіберілген арнайы хабарламасының бірінде 1973 жылы 3 қаңтарда Алматыда М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрында қойылым басталардан бұрын көрермендерге «Сары Арқа» ұйымының атынан «Қазақ халқына үндеу» атты үндеухаттар таратылғандығы, онда қазақ халқы орыстануға ұшырап, оның тілі, мәдениеті мен дәстүрлері жаншылып жатқандығы айтылған деп көрсетіледі. Үндеухаттардың барлығы жазу машинкасында орыс тілінде басылған. «Сары Арқа» ұйымы 1972 жылы ҚазМУ-дің тарих факультетінің 1-курс студенттерінің бастамасымен құрылған еді. Ұйымның бағдарламасы мен жарғысы қазақ жастары арасында мәдени-ағартушылық жұмыс жүргізу, қазақ тілі мен мәдениетін насихаттау, ең соңында Қазақстанның КСРО-дан бөлініп шығуын көздеді, осындай топтарды республиканың басқа да қалаларында құру қажеттігі атап көрсетілді.
Мұрағаттық материалдарда көрсетілгеніндей, «Сары Арқа» ұйымының қатысушыларына жүргізілген тергеуден кейін «қатысушылардың көпшілігі жастардың саяси пісіп-жетілмегендігінен пайда болған өз идеялары мен көзқарастарының іске аспайтындығын мойындаған және қателіктерін түсінген». 1973 жылдың аяғында «Сары Арқа» ұйымы ыдырап, оның бағдарламасы мен жарғысы, мәжілістерінің хаттамалары жойылған.
Қорыта айтқанда, тоталитарлық жүйе қарсы әрекеттер ұйымдастырып, қуғын-сүргінге салса да, қазақ жастарының ұлттық рухын сындыра алған жоқ.
Әңгімелескен
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
P.S. Жабық қоғамда азаттық үшін арпалысқан алаш жастарының әрекеті туралы деректер МҚК-нің мұрағаттарында жабулы күйде сақталды. Ел тәуелсіздік алған соң ғана сол деректер қолға тие бастады. Бұл алаш ұрпағының тәуелсіздік үшін, азаттық үшін күресті қай уақытта да тоқтатпағандығын көрсетеді. Азат ойлардың арпалысы осының айғағы!